Болашақ командасы әрекет үстінде

63

Бизнес-үдерістерді дұрыс үйлестірмеу мақсатқа жетуге қалай кедергі келтіретіндігі жайлы компаниялар өмірінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Соған қарамастан қазіргі әлем стратегиялық міндеттерді шешуге арналған бірыңғай тәсілдемеге қол жеткізіп, бүкіл үдерістерді біріздендіруге көмектесетін сан алуан құралдар мен технологияларды ұсынып отыр. Ал қазір Қазақстан тәжірибесінен ең соңғы мысалды келтіріп өтелік. 

«Қазақмыс Холдинг» ЖШС – табиғи қорларды өндіру және өңдеумен айналысатын жетекші компания, Қазақстандағы ең ірі мыс өндірушісі. Компания құрамында Сәтпаев, Қарағанды, Балқаш және Жезқазған сынды Қазақстанның төрт географиялық нүктесіндегі өндірістік алаңдарда орналасқан он төрт кеніш, төрт тау-кен байытушы фабрика, екі мыс балқытатын зауыт және екі көмір разрезі бар. Корпорация қызметкерлерінің жалпы саны 40 000 адамға жуық. Олардың үш жүзі АТ-инфрақұрылым бизнесінің үздіксіз жұмыс жасауына жауап беретін ақпараттық технологиялар департаментінің мамандарынан тұрады.

Дәл осы қызметкерлер Microsoft өнімдерін бұрыннан қолданып келе жатқан серіктес ретінде Microsoft Teams атты инновациялық бағдарламалық өнімдерін қолдануды бірінші болып бастап, шамамен 300 қызметкерге арнап өз компаниясында Teams шешімін кеңінен қолданысқа енгізді. «Қазақмыс» IT-мамандары өнімді тестілеп, оның мүмкіндіктерін бағалады, сондай-ақ, аталмыш шешімді ұйымдағы жұмыс үдерістерінің үздіксіз қызмет жасауына жауапкершілік көтеретіндіктен, жалпы компанияның бизнесіне ықпал ететін бүкіл АТ-бөлімдеріне ендірді. Мәселен, Teams көмегімен шығын материалдарын жеткізудегі іркілістер мен кідірістер уақытын қысқартып, даулы мәселелерге қатысты қабылданатын шешімді жылдамдатуға немесе өндірістік алаңдардағы жұмыс тиімділігін көтеруге мүмкіндік бар.

Осыған орай «Майкрософт Қазақстан» бас директоры Тибор Колеяк Қазақстанның өнеркәсіптік алпауытымен бұлттық технологияларды қолдану саласындағы ынтымақтастығы жайлы былай деп атап өтті: «Біз «Қазақмысқа» биік мақсаттарға жетуге көмектесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Олар өте тамаша жұмысты бастады. Таяу келешекте «Қазақмыс Холдингтен» осындай керемет жаңалықтарды естисіздер дегенге сенімдімін, өйткені «Қазақмыс» — өте өр мақсаттарға жетіп, инновацияға ден қоятын, бүкіл технологиялық  жаңалықтардан қалмайтын әрі ең озық шешімдерді өздерінің өндірістік қажеттіліктеріне сай бейімдеп жылдам ендіретін компания. АТ бөлімінің директорына ынтымақтастық жасап, сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Таяу арада біз көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізіп, бұл компания өндірісінің тиімділігіне оңынан ықпал ететіндігіне сенімдімін».

Шығындарды азайтып, кірісті өсіру, активтердің өнімділігін арттыру, бизнес-үдерістерді автоматтандыру және де әлбетте компания жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында, сондай-ақ, ақпаратты қолмен өңдеу жұмыстарын алып тастау үшін «Қазақмыс» Microsoft Dynamics 365 негізінде ERP жүйесін ендіріп отыр. Келесі алты негізгі модульді ендіру жоспарланған:

  • Қаржы;
  • Жабдықтау;
  • Өткізу;
  • Өндіріс:
  • Техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары;
  • Қызметкерлер құрамын басқару. 

Сондай-ақ, «Қазақмыс» ақпараттық жүйелерден, соның ішінде «Өндірістік және бейне ақпаратқа қашықтықтан мониторинг жүргізу және визуализациялау» сынды өз шешімдерінен есептерді (қаржы, жабдықтау) экспорттау үшін Microsoft Office 365 өнімдерін  қолданып отыр. 

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС IT жөніндегі директоры А.Ю.Гревцев былай деп атап өтті: «Бізде Қазақстандағы ең үздік цифрлік өндіріске айналу үшін биік мақсаттар бар, біз Қазақмыстың ауызбіршілігі мол әрі инновациялық IT-командасына айналып, Қазақстан ауқымында ғана емес, сонымен бірге, әлемдік деңгейде технологияның алғы шебінде орын алуды көздейміз».

2017 жылы Жобаларды басқару орталығы Microsoft Project Server базасында жобаларды басқарудың ақпараттық жүйесін ендіру жөнінде жобаны жүзеге асырды. Жобаны жүзеге асыру аясында Microsoft Project Server, Microsoft SharePoint, Microsoft SQL Server, Microsoft Project Pro, Microsoft PowerApps, Microsoft Power BI сынды Microsoft өнімдері қолданылды. 

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Жобаларды басқару орталығының директоры Э.В. Бейдер былай деп атап өтті: «Жобаларды басқарудың ақпараттық жүйесін ендіру жобалар қоржынының айқындылығын көтеру, мерзімдерді қысқарту, жобалардың күнтізбелік-желілік кестесін жоспарлау және ендіру кезінде сапаны көтеру, басқарушылық шешімдерді қабылдау жылдамдығын арттыру, жобалық құжатнама (PDF, Word, Excel, бейне- және сурет есептері) мұрағатын сақтау сынды міндеттерді шешуге мүмкіндік берді».

Сөз соңында айтарымыз, басты өндірісті технологиялық тұрғыда қаруландырумен қатар, заманауи цифрлік технологияларды қолдану «Қазақмыс» компаниясының тобына еңбек өнімділігін арттыруға, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және де өндірілетін өнімнің сапасын көтеру есебінен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасап отыр.