Болат Әбіловтің «Бутясы»

1583
Бутя
Фото: voxpopuli.com

Тарихы

Құрамына бірнеше компания кірген Қазақстандағы ірі холдингтің негізін қалаған Болат Әбіловті көп адам «барлығына өз күшімен жеткен азамат» деп айтады. Қарағандыдағы қарапайым отбасында туып, сегіз баланың арасында өскен Болат денсаулығына байланысты әскерге бармай, өз қаласының политехникалық институтына оқуға қабылданады. 1979 жылы «тау инженері» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған соң бес жыл шахтада жұмысшы болып жұмыс істейді.

Өз қаласындағы белгілі партияға мүше болып, саяси белсенділер қатарында болады, қызметте де көтерілді.  1991 жылы «Butya» фирмасын ашады да, бас директор қызметіне кіріседі.

Фото: voxpopuli.com
Фото: voxpopuli.com

Холдингтің хронологиясы

Жалпы жұмысы сауда-делдалдық қызметтері аясында шоғырланған «Butya» компаниясы құрылғаннан бастап-ақ танымал бола бастады. Аталған компания алғашқы ресми келісім шартты 1993 жылдың желтоқсанында «Toyota Tsusho Corporation» сауда үйімен жасайды.

1994 жылдың наурызында «Бутя Авто орталығы» ЖШС құрылды. Осы жылы Toyota-ны алғаш рет жеткізіп, аталған марканың Қазақстандағы ресми сатылымы басталды.

1995 жылы «Бутя Капитал» инвестициялық-жекешелендіру қоры «Ақтөбемұнайгаз» АҚ салымшыларының әрқайсы 20 теңге тұратын 360 мың акцияны сатып алды. Бағалы қағаздар эмиссиясының кезекті тіркеуінде бір акцияның құны 1500 теңгеге дейін қымбаттап, 1995 жылдың 30 қыркүйегінде компаниядағы қор акциясы 540 млн теңгеге жетеді.

1995 жылы қор «Шымкентфосфор» ЖАҚ акцияларын 202 млн теңге сатып алды да, «ASD»  ЖШС-ге айналдырды.

1997 жылы қазанда «Бутя көлік орталығы» ЖАҚ құрылады.

1998 жылы ақпанда «Бутя-Капитал» қоры «Фосфор» АҚ-ның 10 пайыз акциясын сатып алды.

1998 жылдың 13 қазанында   «Toyota Tsusho Corporation» ( «Toyota Motor Corporation» еншілес компаниясы) сауда үйі мен «AutoCenter Butya» ЖАҚ-тың бірлескен «Toyota Tsusho Butya» ЖАҚ құрылды.

Фото: en.tengrinews.kz
Фото: en.tengrinews.kz

1999 жылы «BRC» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Әбілов болған «Оргтехпром» АҚ «NTC Sport», кейін «Бутя», соңында «ИнкурЭлит» компанияларына сатылған жер учаскесін өз меншігіне алады. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, салық төлемеу үшін бұл жер учаскесі әр түрлі компанияны басқаратын бір адамға сатылып отырған.

1999 жылдың 18 қазанында «Жетiсу Тойота орталығы» іске кірісті.

2000 жылы Болат Әбілов Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты боп сайланған соң кәсіпкерлігін қойып, барлық қызметін өзіне тиесілі компаниялардың қызметкерлеріне тапсырады. Осыдан бастап ол «Бутя-капитал» мен «Butya» АҚ-ның қызметіне араласпайды.

2002 жылы алматылық Юрий Харитонов есімді азамат «butya.com» электронды мекен-жайын ғаламторға тіркеп, «фирманың атын қаралайтын ақпараттарым бар» деп бопсалап, ақша сұрайды. Алайда арнайы жасақ оны фирма қызметкерлерінен ақша алып, келісім өткен кафеден шыға бергенде ұстады.

2003 жылы 6 желтоқсанда — «Toyota Tsusho Butya» ЖАҚ сервистік қызмет көрсету саласында үздік инвестор ретінде ҚР Президенті Н. Назарбаевтың сыйлығын алды.

2004 жылдың 16 ақпанында «Атырау Тойота орталығы» ашылды.

2004 жылдың 16 маусымында Toyota Қазақстанда автоконцерні ресми өкілі «Toyota Tsusho Butya» ЖАҚ ұйымдық және құқықтық формалардың өзгеруіне байланысты акционерлер құрамының өзгергенін хабарлады. Осылайша, компания атауы «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС болып өзгерді.

2005 жылдың 5 тамызында «Бутя-Капитал» АҚ акционерлерін қайта тіркеу аяқталды. Аталған процесті кейбір басылымдар «Болат Әбілов пен сол кезде оның басшылығында болған партия имиджіне нұқсан келтіруге бағытталған саяси акция» деп баға берген.

2006 жылы 2 қарашада Алматының Алмалы сотында «Бутя-Капитал» компаниясының бұрынғы басшыларына «акционерлер қаржысын жымқырды» деген айып тағылып, іс қозғалды.

Фото: zonakz.net
Фото: zonakz.net

«Бутя-Капитал» құрамына кірген компаниялар

  • «Бутя Инвест Менеджмент» АҚ
  • «Бутя-Мәскеу» ЖШС
  • «Бутя-Арбат» ЖАҚ
  • «Қайрат-Бутя» футбол клубы
  • «Нұр» ЖШС
  • «BRC» ЖШС
  • «C&B» ЖШС
  • «Евразия Дистрибьюшн Компани» ЖШС
  • «Butya» АҚ
  • «Рамбутя» ЖШС
  • «Toyota Tsusho Butya» ЖАҚ («Тойота Бутя Қазақстан», «Автоцентр Бутя» ЖАҚ)
  • «Butya Trade»
  • «Бутя-Семей» — «Бутя» ЖШС кезіндегі өкілі
  • «Бутя-Тараз» — өкілі
  • «Бутя-Актөбе» (2004)
  • «Бутя-Қызылорда» ЖШС (2002) (Жемістер мен көкөністер саудасы)
  • «Бутя-Орда» — «Бутя» ЖАҚ өкілі
  • «Бутя-Центр» — «Бутя» АҚ өкілі

Деректер

«Butya» «Поле чудес» бағдарламасын қаржыландырған ресейлік емес алғашқы фирма болды, сонымен қатар  «Butya»-ның логотипі зымыранда бейнеленген. Басылымға берген сұхбатында Болат Әбілов бұл әлем өзгерді, біз басқаша болдық дегеннің белгісі екенін айтады.