БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяны зымыран ұшырғаны үшін айыптады

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Солтүстік Кореяның зымыран ұшырғанын айыптап, жауап ретінде жаңадан ауқымды санкциялар салатынын мәлімдеді. Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтар қызметі хабарлайды.

Шұғыл өткізілген Қауіпсіздік Кеңесінің шешімін Пхеньянның одақтасы Қытай және тағы 14 мүше мемлекет қолдады. Мұның алдында ғана Солтүстік Корея алыс қашықтыққа жететін зымыран ұшырған болатын. Елдің мемлекеттік телеарнасы Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның бұйрығымен «орбитаға жер серігін шығару» мақсатында жасалған зымыран ұшыру «толығымен сәтті» жүзеге асқанын хабарлаған.

АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяның өтінішімен жиналған Қауіпсіздік Кеңесінің жиыны жабық есік жағдайында өтті. АҚШ-тың БҰҰ жанындағы өкілі Саманта Пауэрдің айтуынша, қосымша санкцияларды қарастыратын жаңа қарар тезірек мақұлдануы тиіс және ол Пхеньян күтпеген «бұрын-соңды болмаған » шаралардан тұруы керек. Қытайдың өкілі Ли Хуэй қарардың мақсаты «егесуді азайту және түйткілді келіссөздермен шешу жолдарын іздестіру» болуы керектігін мәлімдеді.

Солтүстік кореялық телеарналар Кванменсон-4 жер серігі қазіргі таңда әр 94 минут сайын Жерді толық айналып ұшып жүргенін хабарлауда. Бірақ сарапшылар бұл шараны БҰҰ қарарларымен тыйым салынған ядролық оқтықтарды алып ұша алатын балллистикалық зымырандар сынағын бүркемелеу деп санайды. Биылғы қаңтарда Пхеньян сутегі бомбасын сынақтан өткізгені туралы мәлімдеген еді.

Фото: vm.ru