Дәурен Абаев мемлекеттік тапсырыстың қалай жұмсалатынын түсіндірді

Фото:Informburo.kz

Астана. 24 қараша. 7kun.kz — ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мемлеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінген қаржы  қандай баптар бойынша жұмсалатынын түсіндірді. Бұл туралы «Қазақпарат» жазады.

«Мысалы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына барлығы 18 млрд теңге бөліпті, сондай үлкен ақша деп таңғалады. Арнайы сарапшылар отырып, 5 жылдың қорытындысын жинайды да, мемлекеттік тапсырысы үшін 100-150 млрд теңге алған екен дейді. Таңғаларлық сома болғанымен, шын мәнінде, олай емес», — деді министр ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған кездесуде.

«Қазақстан» корпорациясының иелегінде 23 БАҚ бар, яғни 4 радио, 14 облыстық арна және тағы басқалар. 100 пайыз қамтып отыр. Қазтелерадио әрбір ауылға дейін хабар таратады. Сатып алатын үлкен көлемдегі контент бар. Футболдан Қазақстан құрамасының ойындары және Олимпиада трансляцияларын сатып алуымыз керек. Құпия түрде айтайын, Олимпиада ойындары үшін жүргізілген келіссөздер шара басталмастан бір апта бұрын ғана аяқталды. Яғни Олимпиада көрсетілмей қалуы да мүмкін еді. Бұл ең соңғы мерзім. Шара құқығына ие компания өкілдері де отырды, әрине, олар қазақстандықтар емес. Екі елден келді. Тәулік бойы жалғасқан ең қиын келіссөздердің бірі болды. Таңертең келісім-шарт үстеліне отырып, тек кешке аяқтадық. Оның бәрі ақша тұрады, оның бәрі мемлекеттік тапсырыс», — деп түсіндірді Дәурен Абаев.

Оның сөзінше, шынайы контентке қанша қаржы жұмсалатындығын жариялау керек. «Шын мәнінде, егер барлық техникалық құралдарды, еңбекақы қорының сомасын алып тастасақ, мемлекеттік ақпарат тапсырысының қаржысы аз болады. Осыған дейін айтылған үлкен соманың ізі де қалмайды деп айта аламын», — деп қорытындылады министр.