Дағдарыс пен дәрі

971
Фото: pharmpro.com

2016 жылдың сәуірінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова және Қазақстанның кәсіби фармацевтикалық қауымдастық басшылары дәрілік заттардың бағасын жыл соңына дейін өзгеріссіз ұстап отыру туралы меморандумға қол қойған.  Одан бөлек, Қазақстанда дәрі-дәрмек  нарығында қазақстандық өндірістің үлесі 20 пайызға ұлғайды. Бірақ  2016 жылдың І жартысында елімізде фармацевтикалық өнімдердің бағасы 9,5 пайызға қымбаттап кетті. Неге? Жалпы отандық фармацевтиканың жағдайы қандай?

2Мемлекеттің қолдауымен

Соңғы жылдары дәріні шетелден әкеліп сататын отандық «өндірушілерден» алатын медициналық тауардың көлемі 75 пайызға дейін өсті де, сұраныстың бұлайша артуы қазақстандық компаниялардың өндіріс көлемін біраз ұлғайтып тастады. Дегенмен, мемлекет қазынадағы қаражатты үнемдеу үшін еліміздегі делдал-компаниялардың көмегінсіз тікелей  келісім-шарттарға отыру  үрдісіне үйреніп келеді. Мысалы, 2011 жылы елдің фармацевтика нарығына тікелей келісіммен болған тасымалдау үлесі 0,2 млрд теңге болса, 2016 жыл – 18 млрдқа жетті, ал 2017 — 2019 жылдары бұл көрсеткіш 40 млрд теңге болады деп болжанған.

Сонымен қатар, осы жылдың І жартыжылдығында Қазақстандағы фармацевтикалық өнеркәсіптер жалпы құны 18,7 млрд теңгені құрайтын өнім жасап шыққан. Ал бір жыл бұрын осы кезеңдерде бұл көрсеткіш 13,6 млрд теңге  еді. Бірақ мамандар дағдарыс жағдайында  қазақстандық фармацевтика қиын кезеңдерді өткергенін айтады. Мұндай жағдай 2012 – 2014 жылдары да болған. Ол кезде отандық нарыққа келетін шетелдік тауарлардың көлемі жыл сайын 12 пайызға өсіп отырған.

2Дәрумендер аз сатылатын болды

Еліміз тұтынушылар таңдауына қарай өндіріске өзгеріс енгізетін ғаламдық үрдістен айналып өтпеді. Қазақстандықтардың қалтасын қаққан девальвация, дәрілер бағасының өсуі мен халықтың тұтынушылық қабілеттің түсуі препараттарды сатылуын, оның ішінде осындай кезеңде отбасылар сатып ала алмайтын дәрумендерді, қолдаушы препараттарды шығару жүйесі қаралды, сәйкесінше, дәрумендер өндірісі қысқарды.

Ал басқа топтағы антибиотиктер мен дәрілерді шетелден сатып алуда үнемдеп қалу қиынға соғады. Бұл препараттар – профилактикаға емес, емдеуге арналған дәрілер, олардың көмегінсіз көп аурулардың бетін қайтару мүмкін емес. Статистикаға сәйкес, 2015 жылдың І жартысын 2016 жылдыкімен салыстырғанда өндірілген антибиотиктердің көлемі 2 544 кг-дан 3297 кг-ге дейін артқан. 2015 жылдың қаңтар – мамыр айларында  дәрілердің көлемі  4 401,4 тонна  болса, 2016 жылдың сол кезеңдерінде бұл көрсеткіш 6 211,7 тоннаға жеткен. Отандық компаниялар медицинада қолданылатын құралдардың өндірісін ұлғайтқан. Мысалы, ветеринарлар мен тіс дәрігерлері, хирургтар пайдаланатын шприцтің өндіру көлемі 2015 жылдың І жартысында 50,1 млн дана болса, биылдың осы кезеңдерінде 61,6 млн данаға дейін артқан. Дегенмен, фармацевтикалық өнімдердің бағасы осы жылдың алғашқы тоқсанында 9,5% қымбаттады.

Отандық фармацевтика өндірісінің негізгі ресурстары Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстарында және Алматы қаласында орналасқан. Осы қалалар қазақстандық дәрі өндірісінің көп бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Жекелей айтақ, ОҚО кәсіпорындары осы жылдың бірінші жартысында жалпы құны 7 374,7 млн теңгеге бағаланған өнім жасап шыққан. Айта кетейік, осы облыста отандық фарминдустрияның ірі өкілі SANTO Member of Polpharma Group  тауар белгісімен «Химфарм» АҚ жұмыс істейді. Ол жергілікті нарықтағы фармацевтикалық препараттардың 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Алматыдағы фармацевтика өнімдерін жасайтын кәсіпорындардың өндіріс көлемінің құны 5 255,4 млн теңге болса, Алматы облысыныкі 3 5 75 млн теңгені құрады. Дәрі жасау нарығында төртінші орында тұрған – жалпы бағасы 843,2 млн теңге тұратын өнім жасаған Қарағанды облысы.  Бесінші орында Шығыс Қазақстан облысы, оның шығаратын өнімдерінің жалпы құны 631,1 млн теңгеге бағаланды.

2Көбін шетелден аламыз

Бұл саланың дағдарыс кезінде осындай оң көрсеткіштерге жетуіне Қазақстан нарығына келгеніне біраз болса да соңғы жылдары белсенді қаржы құйып жатқан шетелдік  инвестициялар әсер етіп отыр. KIDI сарапшысы Әсет Адахаевтың айтуынша, фармацевтика саласына шетелдік инвестиция тарту өте маңызды. «Өзге елден келетін қаржы ағымы адам капиталын жақсартып, жаңа жұмыс орны құруға, өндіріске жаңа технологияларды енгізуге көмектеседі», — дейді сарапшы.

Жалпы, соңғы кездері фармацевтика нарығына осы саланың ірі өкілдері белсенді тартылып жатыр. Мысалы, Алматы облысына вакцина өндіретін жаңа жобасымен Pfizer, Қарағанды облысында дәрілерді таблетка түрінде шығаратын Sanofi фабрикасы келді, түркиялық инвестор Алматы фармацевтикалық фабрикасына, ресейлік «Фармстандарт» компаниясы Қарағандыдағы  фармацевтика кешініне 15 млн доллар құйды. Қазір Қазақстанда дәрі өнімдерін жасайтын 24 зауыт бар. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өндіріс көлемін кеңейтіп, дәрі шығаруда отандық компаниялардың белсенділігін арттыруды жоспарлап отыр.

Осы жылы фармацевтика өнімдерінің экспорты қаңтар – маусым айларында өткен жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға – 7 млн долларға дейін азайды. Сонымен қатар, импорт та 26 пайызға —   383,4 млн долларға түсті. Негізінен, Қазақстан шетелден әкелетін тауардың көбі (53,6 пайызы) түрлі дәрі-дәрмек болса, 12,7 пайызы – иммундық сарысу, қалған келетін тауарлардың барлығының үлесі 10 пайыздан аспайды. Дегенмен, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің вице-министрі Александр Цойдың айтуынша, отандық фармкомпанияларды қолдаған дұрыс, бірақ нарықтағы жаңа дәрілерді елге кіргізу үшін шетелдік өндірушілерге әлі де есігіміз ашық болады.

Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»