«Даму» Қоры мен Еуразия даму банкі әріптестік жайлы келісімге қол қойды

100
Даму

Алматы. 18 мамыр. 7kun.kz – Астана экономикалық форумы шеңберінде «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Еуразиялық даму банкі өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі. 

«Даму» қорының Басқарма Төрағасы А.Сарқұлов пен ЕДБ Басқарма Төрағасы А.Бельянинов қол қойған құжат Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету мақсатында серіктестік қарым-қатынастар орнату мен ұзақ мерзімді, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды көздейді.

Келісім аясында әріптестіктің негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда:

– «Даму» қорының қолдауымен ШОБ субъектілерін және басқа да жеке кәсіпкерлік жобаларын қолдауға бағытталған инвестициялық жобаларға, оның ішінде ЕДБ-ға мүше мемлекеттерде құрылған компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобаларға ЕДБ қатысуы;

– ШОБ жобаларын Даму қорымен бірлесіп іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен ЕДБ-ның теңгелік өтімділігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылау;

– ЕДБ-ға мүше мемлекеттердің экономикасының жеке секторын дамытуға ықпал ететін әлеуетті инвестициялық мүмкіндіктер және «Даму» қоры мен ЕДБ-ның стратегиялық мақсаттарын зерттеу.

«ЕДБ жеке кәсіпкерлікті дамытуға және ШОБ саласында инвестициялық жобаларды іске асыруға қаржылық қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыруға дайын. ШОБ қолдау – бұл мемлекеттік экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін ең тиімді құралдардың бірі деп есептейміз»,- деді ЕДБ Басқарма Төрағасы А.Бельянинов.

«Бұл меморандумға қол қою Қазақстандағы жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мақсатындағы жұмыстарымызға оң әсерін тигізеді. Жақын уақытта біз өзара тиімді нақты жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруға кірісеміз», – деді «Даму» қорының Басқарма Төрағасы А.Сарқұлов.