Өңдеу саласындағы үздік компаниялар белгілі болды

Қазақстанның өңдеуші саласындағы ұлттық чемпиондар — 32 компания белгілі болды деп хабарлады «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдинг басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев.

«Біз бірінші кезең қорытындысын шығардық. 300 компания тексеріп өттік, үш салада — машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі және құрылыс материалдары. Солардың ішінен 32 компанияны іріктеп алдық: 20 — азық-түлік өнеркәсібі, 7 — машина жасау және 5 — құрылыс саласында. Жалпы алғанда бұл 32 компания жылына 340 млрд теңге сомасына өнім шығарады. Қазірдің өзінде 14% — бұл шамамен өз өнімінің 45 млрд теңгесін олар шетелге экспорттайды және 23 мың адамды жұмыспен қамтып отыр», — деп мәлімдеді Қ.Бишімбаев.

Қ.Бишімбаевтың айтуынша, осы жылдың тамызында компаниялардың диагностикасы аяқталып, жаңа экспорттық брендтер таныстырылады.

«Жаңа өнімдер, жаңа брендтер пайда болады, солармен жуырдағы үш-бес жылда Қазақстан экспорт нарығына шыға алатын болады. Бұл орта мерзімді бағдарлама, бұл компаниялармен біз үш жыл бойына жұмыс істейміз. Содан соң біз бағдарламаны басқа салалар үшін кеңейтеміз», — деді ол.

Ұлттық чемпиондарға үкімет қаржылай, сонымен қатар қаржылай емес қолдау көрсетеді.

«Бұл Қазақстан даму банкінің несиелері, «Даму» қорының желісі бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қаражаттандыру, технологиялар трансфертіне арналған гранттар және өзге құралдар. Қаржылай емес шаралар — компаниялар дұрыс дамуы үшін сарапшылардың терең консультациясы жүргізіледі», — деді Қ.Бишімбаев.

Ұлттық холдинг басшысы несиенің орташа сомасына қатысты нақты мәлімет бермеді.

«Әр жоба бойынша екі ай диагностика жүргізіледі. Алдағы үш жылға жоспарланған барлық бастамалар мен 32 компанияға баға беріп, біз 120 млрд теңге сомасына жобаларға өтінім бердік. Егер есептейтін болсақ, әр жобаға 3-4 млрд теңгеден шығады. Бұл жалпылап алғандағы бастапқы деректер. Компаниялар өте үлкен болмағандықтан, мұндай қаражат серпін беруі мүмкін», — деп есептейді холдинг басшысы.