ЕАЭО-ның еркін сауда аумағы 40 елмен толығуы мүмкін

448

40-тан астам ел Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру туралы өтінімдерін жолдады. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баспасөз қызметі мәлім етті.

«Қазіргі кезде еркін сауда аймағы туралы келісім форматында ЕАЭО-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ресми түрде ниет білдірген елдердің саны 40-тан асты. Бұл барлық елдермен автоматты түрде осындай келісім жасалатынын білдіреді», — деп мәлімдеді ЕЭК-тегілер.

Өтінім берілгеннен кейін ел кандидатурасын бірлескен зерттеу тобы қарастырады. Комиссиядағылар бүгінгі таңда бірқатар зерттеу топтарының құру туралы шешімдер қабылданғаны туралы хабарлады. Атап айтқанда, Вьетнаммен — 2012 жылдың желтоқсанында, Израильмен — 2013 жылдың қазанында, Үндістанмен — 2014 жылдың наурызында, Египетпен — 2014 жылдың тамызында, Иранмен — 2015 жылдың мамырында.

Айта кетелік, Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы келісімге осы жылдың 29 мамыр күні қол қойылған болатын. Құжат тауар позицияларыysң 88%-ы үшін еркін сауда режимін қамтамасыз етіп отыр. Осы тауарлардың жартысынан көбі бажсыз режимде саудаға шығарылады.

«Қазір Египет, Израиль, Үндістан және Иран елдерімен осы тектес уағдаластықтарға қол жеткізу жұмысының бастапқы кезеңі жүріп жатыр. Бірлескен зерттеу топтары құрылды, олар экономикалық келісімнің артықшылықтары мен кемшіліктерін зерттеуде», — делінген ЕЭК баспасөз мәлімдемесінде.

ЕЭК-тің хабарлауынша, Үндістанмен еркін сауда жүргізу туралы келісім жөніндегі зерттеу тобының алғашқы отырысы 31 шілде күні Мәскеуде өткен.