Экономикалық қылмыстар есебінен бюджетке 950 млн теңге қайтарылды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәмимен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Жоғарғы Сот төрағасы өткен жарты жылда республикадағы сот төрелігінің қорытындылары бойынша істі қараудағы мерзімнен асырылмау және сапалы болуы деген тәрізді көрсеткіштер байқалғандығын атап өтті. Елімізде үкім шығарылған сот актілерінің 98,6 пайызы заңды және негізді деп табылған. Түрмеге қамалғандардың саны азайды, ал экономикалық қылмыс есебінен мемлекетке қайтарылған қаржы көлемі 950 млн теңгені құрады.

Қ.Мәми Жоғарғы Соттың реформаларды іске асырудағы қадамдарын, оның ішінде үш буындық сот жүйесіне көшу бөлімдерін атап өтті. Сондай-ақ, сотқа үміткерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарға жаңа өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылды.

Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.