Ел тұрғындарының жалақысы 16%-ға өсті

263
жалақысы
Фото: bnews.kz

Алматы. 10 ақпан. 7kun.kz — Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы өткен жылдың соңғы, төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша 203,9 мың теңгені құрады — 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 15,8%-ға артық. Инфляцияны есептегенде, жалақының сатып алу қабілетінің нақты өсуі 9,9%-ды құрады, деп хабарлады finprom.kz.

Ең үлкен жалақыны екі мұнай аймағы мен екі мегаполис тұрғындары алады. Төрт өңірді қоспағанда, елдің барлық басқа аймақтарында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден төмен.

Үздік төрттік арасында Атырау облысы көш бастап тұр: орташа айлық атаулы жалақы — 345,2 мың теңге, жылдық өсім — 7,5%. Екінші орында Маңғыстау облысы — жалақысы — 309,1 мың теңге, өсім — 10,9% және нақты өсім — 4,7%.

Нұр-Сұлтанда жалақы 308,1 мың теңгеге жетті, 15,1% өсіп, сатып алу қабілеті 8,9%-ға ұлғайды. Алматыда — 248,7 мың теңге, бір жылда жалақы 12,4%-ға өсті (инфляция есебімен 6,9%).

Ең жоғары нақты өсім БҚО (18,5%), Шымкент (17,3%) және Алматы облысында (16,4%) тіркелді.

Ал республика бойынша Түркістан (барлығы 138,1 мың теңге) және Жамбыл (140 мың теңге) облыстарының тұрғындары ең аз жалақы алады.

Бұдан басқа, елдегі ең жоғары жалақы — қаржы және сақтандыру қызметі саласында: 402,5 мың теңге, жылдық өсім — 10,4%, сатып алу қабілетінің өсімі — 4,7%.

Сондай-ақ ең жоғары төленетін салалардың үштігіне ғылыми — техникалық сала (373,4 мың теңге, жылдық өсім — 12,3%, нақты өсім — 6,5%) және өндірістік сектор (280, мың теңге, номиналды өсім — 9,7% және нақты өсім 4,1%) кіреді.

Дегенмен, өнеркәсіпте тек тау-кен саласының қызметкерлері ғана жоғары жалақы алады — 428,3 мың теңге. Қайта өңдеу сегментінде жалақы айтарлықтай төмен — барлығы 234,4 мың теңге, ал электр және сумен жабдықтауда — тиісінше 191,6 мың және 132,7 мың теңге ғана.

Ең төменгі жалақы — ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін қазақстандықтарда: барлығы 127,3 мың теңге, жылдық 15,6% өсіммен және нақты 9,7% өсіммен. Сондай-ақ, қызметкерлерінің жалақысы бойынша аутсайдерлер арасында ҚР-да адам капиталының сапасын қамтамасыз ететін салалар да бар: білім беру және денсаулық сақтау. Мұнда жалақы айына 150 мың теңгеге де жетпейді.