Алматы. 6 мамыр. 7kun.kz — Қазақстанда ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру саласы қызметкерлерінде тіркелген: 323 мың теңге, жылдық өсім 8,1% құрады. Бұл туралы Ranking.kz хабарлады.
Екінші орында кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласы: 296,3 мың теңге, бір жыл ішіндегі өсім — 16,2%. Ақпарат және байланыс саласының қызметкерлері орта есеппен 253 мың теңге алады, өсім — 16,1%. Бұл сала ең жоғары төленетін үштікті қорытындылайды.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы ең жоғары өсім көрсетіп(16,4%), 93,2 мың теңгеге жетті.
Сондай-ақ еңбекақысы неғұрлым төмен салалар арасында-сенсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер (115,8 мың теңге), білім беру (109,9 мың теңге). Жыл ішіндегі өсу қарқыны айтарлықтай: 13,8% және 15,1%.
Жалпы, 2019 жылдың І тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 168,5 мың теңгені құрады. Жылдық өсім 10,5%-ға тең. Бұл ретте инфляция есебімен қазақстандықтардың еңбекақысын сатып алу қабілетінің нақты өсуі 5,2%-ға жетті — бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш.
2018 жылдың ұқсас кезеңінде жылдық 8,7%-ға ұлғайып, жалақы 152,4 мың теңгені құрады. Ал сатып алу қабілетінің нақты өсуі — 2%.
Өңірлік бөліністе I тоқсандағы ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысында белгіленді: 322,7 мың теңге (жылдық өсім — 15,2%-ға көп). Бұл орташа республикалық деңгейден (168,5 мың теңге) 154,7 мың теңгеге жоғары.
Жалақы деңгейі бойынша екінші орында Маңғыстау облысы: 287,9 мың теңге, +2,1%. Бір жыл бұрын өңір еңбекақы деңгейі бойынша көш бастады. Биылғы көшбасшылар үштігінде Нұр-Сұлтан бар: 233,5 мың теңге, жылдық өсім — 4,4%.
Ал орташа айлық жалақының ең төмен деңгейі Түркістан облысында байқалады: 109 мың теңге. Мұндағы орташа жалақы көлемі республикалық көрсеткіштен 1,5 есе төмен.