Енді қазақстандықтар үйден шықпай-ақ медицина мамандарынан кеңес ала алады

Фото: info-tses.kz

Енді «МСК» сақтандыру компаниясының ұсынып отырған жаңа бағдарламасы көмегімен үйден шықпастан халықаралық медициналық мамандардың қабылдауында болып, кез келген ауруға қатысты жан-жақты кеңес алуға болады. Бұл туралы «МСК» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Жарқын Әлжанов баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«МСК» сақтандыру компаниясы «Денсаулық SPHERA» атты бірден-бір халықаралық медициналық сақтандыру бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама арқасында енді қазақстандықтар шетелдік медицинаға қол жеткізіп, бүкіл әлемнің үздік медицина мамандарынан тікелей кеңес ала алады.

Баспасөз мәжілісінде Sphera Global компаниясының (Ресей, ТМД елдері) корпоративтік медциналық директоры Мониш Арора үйден шықпастан қолжетімді баға бойынша шетелдік дәрігерлердің қабылдауында болып, олардың дәрігерлік кеңесін қалай алуға болатындығы жайында кеңінен ақпарат берді.

«Бағдарлама халықаралық медициналық қызмет көрсету саласында маманданған Sphera Global Gestión Médica Internacional S.L. испандық компаниясымен бірлесе әзірленді. Бағдарлама аясында екінші медициналық пікір, медициналық кеңес алу және де түрлі патологияларға, денсаулыққа қатысты түрлі мәселелер, диагностика бойынша, сондай-ақ, қашықтықтан емдеуге арналған түрлі құралдар және де телемедицина көмегімен емдеу бойынша бағыт-бағдар алу, бағаның жоғарылауынан сақтандырылған бекітілген бағаға стационарлық емдеуді ұйымдастыру (емдеу құнын төлеместен), сервистік қызметтер секілді сан алуан мүмкіндіктер ұсынылған», — деді ол.

Мониш Арораның сөзінше, бағдарлама бойынша Испания, Израиль, Германия, Оңтүстік Корея, Швейцария, Португалия, Италия, Австрия елдерінде кеңес алып, емделуге болады. «Осы ретте сақтандырылған тұлға медициналық көмекті алуы үшін дәрігермен бетпе-бет көрісуі қажет емес, яғни медициналық көмек сақтандырылған тұлғаға көмек медициналық құжаттарды (сырқатнаманың, медициналық қорытындылардың үзінді көшірмесі және т.б.) жеке кабинет, мобильдік қосымша, дәрігермен бейнебайланыс секілді заманауи электрондық және коммуникациялық байланыс құралдары арқылы жіберу негізінде көрсетілетін болады.

Sphera компаниясының дәрігерлері, шетелдік серіктес емханалардың дәрігерлері, сондай-ақ, өз саласында мойындалған халықаралық лицензиясы бар дәрігер-мамандар кеңестерді орыс, ағылшын және испан тілдерінде ұсынады. Сондай-ақ, медициналық құжаттамалар (халықаралық дәрігерлердің медициналық қорытындылары) аталған тілдердің кез келгеніне аударылады.