Еуразиялық банктің капиталы 6 млрд теңгеге көбейеді

Фото:Millioner.kz

Алматы. 15 наурыз. 7kun.kz — Еуразиялық банктің меншікті капиталы 6 млрд теңгеге ұлғайтылады. Осылайша банктің жарғылық капиталы 57,1 млрд теңгеге дейін көбейеді, ал реттеуші капитал 103,9 млрд теңгеден асады. 

Банктің орналастырылатын жай акцияларының жалпы саны 918 471 дананы құрайды, бір акцияның бағасы 6532 теңге деп белгіленеді.

«Капиталдың кезекті ұлғайтылуы Банк акционерлерінің қолдауын ғана емес, сонымен бірге Еуразиялық банктің келешекке сеніммен қарайтынын да көрсетеді. Біздің банк әрі қарай дамып, бүгінгі күні 2 миллионнан асатын өз клиенттерімізге ең озық сервис ұсынуға ниетті», – деп атап өтті Еуразиялық банктің Басқарма төрағасы әрі Директорлар кеңесінің мүшесі Павел Логинов. Естеріңізге сала кетсек, Еуразиялық банк капиталының 15 млрд теңгеге соңғы ұлғаюы 2016 жылдың қыркүйек айында болған еді.

Еуразиялық банк – барлық сегменттегі клиенттерге өнімдері мен қызметтерін ұсынатын қазақстандық әмбебап банк. 1994 жылы негізі қаланған Банк Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Ресейде (Мәскеу) еншілес банкі бар, оның Новосибирск, Омбы, Челябинск қалаларында филиалдары бар. Соңғы S&P рейтингі: В, «тұрақты» деген болжамға ие. KASE мүшесі, KazPrime-ге қатысушы.