Facebook туралы ертегі

1355
Facebook

Әлемдік алпауыт компаниялардың тарихына үңілсеңіз, өзіңізді бизнес бастап кетуге даяр секілді сезінесіз бе? Ендеше, 7kun.kz оқырмандарын кезекті бренд тарихымен таныстырмақшы. Facebook әлеуметтік желісі шағын қосымшадан ғаламдық желіге қалай айналды? Оның даму жолындағы тосын оқиғалары, құпиялары қызықтырса, біз бастаймыз.

Сіз кімсіз, Марк мырза?

Марк Цукерберг атты есімді естімесеңіз, сізді «артта қалып қойған адам» деп айтуы мүмкін. Және оған ренжімеуге тырысыңыз. Бүгінде ғаламды да, сананы да жаулаған Facebook желісінің негізін салушы, дамытушы адамның есімі — Марк Цукерберг. Баяғы бағзы заманда, нақтырақ айтқанда, 1984 жылдың 14 мамыры күні Уайт-Плейнс қаласында тіс дәрігері мен психиатр отбасында Марк атты ұл дүниеге келеді.

MZ-Global

Марк 10 жасқа толған кезінде әлемнің бағдарламашылар мен қолданушылар атты екі топқа бөлінетіні жайлы естиді. Осыдан соң, өзінің алғашқы дербес компьютерін (Quantex 486DX) алады. Қолданушылар компьютермен жұмыс істейді, ал бағдарламашылар — әлемді өзгертеді. Компьютер қолына түскелі, бала Марк өзін есейген, бозбала сезінеді. Құр отырмай, бағдарламалауды үйренгенім жөн деген ой «бозбаланы» сол кезде баурап алады. Ол үшін бірнеше кітаптар оқып, компьютердің қыр-сырымен танысуға көшеді.

Кітаптан келер зиян болмайды. Бағдарламалау тілдерін үйренген ол жоғарғы сыныпта жүргенде біршама бағдарламалар жасайды. Мысалы, Risk үстел ойынының компьютердегі нұсқасын шығарады.

Цукербергтің айтуынша, оның басты мақсаты — бірден әлемді жаулап алу болмаған. Асықпай, қызықты бағдарамалар ұсына отырып, бірте-бірте дамуды көздейді.

screen-shot-2012-03-03-at-6-59-00-pm
Synapse плеері

Оның Facebook-тан бұрын шыққан Synapse бағдарламасы ел арасында жақсы тараған. Бұл бағдарлама тұтынушының қандай әндер тыңдайтынын бақылау арқылы, оған талғамына ұқсас әуендер ұсынатындығымен ерекшеленді.

Ерекше бағдарламаны Microsoft өз иелігіне алғысы келіп, Цукербергті жұмысқа шақырады. Бірақ, бағдарлама толықтай компанияның меншігіне кетеді деген соң, Марк ол жұмыстан бас тартады. Одан кейін оны AOL да жұмысқа шақырады. Барлығына мәдениетті түрде «ұсынысыңызды қабылдай алмаймын» деп жауап қатқан Марк болашақта мультимиллиардер болатынын сезген де шығар?!

Цукерберг бағдарламалауға «қадалып қалған» адам емес. Одан бөлек, математика, жаратылыстану ғылымдарына да қызығатын. Тіпті семсер сайысы сынды спорт түрімен шұғылданған. Көне тілдерді оқып, бағзы замандарға сапар шегуді ұнатқан деседі. Бір ретте мектеп кезінде 3 ай жазғы демалысының уақытын көне грек тілін үйренуге жұмсаған. Осыншама жан-жақты бала қандай мамандық таңдады деп ойлайсыз? Таңдаған пәні — психология.

Университетте аса белсенді болды деуге болмас. Бағдарлама жазуға деген құштарлық басқа нәрсені ойлауға мұрша бермейді. Емтиханда өте қиын тапсырмалар орындау керек.

Мәселен, өнер тарихы пәнінен 500 суреттің тарихын айтып беру керек. Сабағына қарамай жүріп, емтиханға екі күн қалғанда не істесем деген ойға батады. Оқығанмен қайраң жоқ. Шешімін былайша табады: әрбір бетіне бір суреттен орналасқан сайт ашады. Тобында бірге оқитындарға сол суреттердің астына сол туралы білетінімен бөлісуді ұсынады. Осылайша, қызықты әрі жаттауға оңай ақпаратты «қағып» алған Марк емтиханды үздік бағамен аяқтайды.

Даудың басы неден басталды?

Facebook тарихының тамыры тереңде жатыр. Барлығы Филипс-Эксетер академиясынан бастау алады. Әрине, әлеуметтік желінің нақты идеясы болмаса да, негізі осында қаланды деуге әбден болады.

Аталған академияда білім алып жүріп «The Photo Address Book» соның қолында болған. Ол — оқушылардың анықтамалығы. Яғни, бірге оқитындар туралы барлық мәліметтерді сол жерден алуға болады.

Мектепте оқушылар анықтамалықты қалай атады деп ойлайсыз? «The Facebook»! Өзінің негізгі атауы тым ұзақ болғандықтан балалардың шығарып алған атауы бүгінде әлемдік желінің атына айналарын кім білген?!

Марк Цукербергтің анкетасы
Марк Цукербергтің анкетасы

Гарвардқа түскен соң, Марк аталған жүйенің университетте жоғын байқайды. Осылайша жас жігіт «The Facebook» секілді онлайн-анықтамалық жасау туралы ұсынысын басшылыққа жеткізеді. Бірақ, студенттердің жеке мәліметтерін таратуға болмайды деген желеумен басшылық қарсылығын білдіреді.

Даудың басы осы жерден басталған деседі. Бетін қайтарғанына Марк налыған жоқ. Қайта, айтқанынан қайтпай, кері шегінбейтінін жеткізеді.

Facemash

facemashСодан бір күні Марк Гарвард университетінің мәліметтер базасын бұзып, «Facemash» кодтық атауы бар қарапайым сайт жасайды.

Сайттың концепциясы да қарапайым: студент қыздардың суреттеріне баға беру арқылы, рейтинг жасалады. Сайт тек Гарвард ішінде ғана ашылатын еді.

Одан кейінгі болған оқиғаны санмен берген дұрыс болатын шығар: сайт іске қосылған 2 сағаттың ішінде 450 қолданушы сайтқа кіріп, 22 000 сурет қаралады.

Осындай «ерлік» жасалғанын естіген басшылық ашуға булығады. Нәтижесінде, Маркқа үлкен проблемалар кез болып, сайтты жауып тастайды. Бірақ, осы жолы да Марк өз ұстанымын өзгертпейді.

Facebook-тің дүниеге келуі

2004 жылдың 4 ақпаны түрлі оқиғалармен өрнектеледі. Соның ішінде, ғаламдық маңызы бар әлеуметтік желі осы күні іске қосылады. Бастапқыда атауы «The Facebook» болды. Ашылуында ат шаптырылған жоқ. Сайт тыныш қана іске қосылды.

Бастапқы құрамның ішіне Марктың өзінен басқа Эдуардо Саверин (Фейсбуктің алғашқы қаржыгері), Дастин Московиц және Крис Хьюз (көмекші-бағдарламашы) атты үш жігіт кіреді.

Осылайша аты әлемгі әйгілі Facebook-тің қазіргі тарихы басталады. Адам жинап, оны қауымға айналдыру үшін СПАМдар қолданылған. Тарихта спамның жақсы нәтиже берген бірнеше ғана мысалы болса, Фейсбук солардың көшін бастап тұр.

fb-com
Марк Цукерберг, Дастин Московиц және Крис Хьюз

Патшалыққа жау шапты

Жақсы дүние жарыққа шықса, айналасында әңгіме де, айқай-шу да көп болады. Facebook  тарихында ондай оқиғалар кейде болып тұратын.

Facebook-тің ашылғанына 6 күн өткен соң, Гарвард университеті жоғарғы курсының үш студенті (ағайынды Кэмерон мен Тайлер Уинклуостар және Дивья Нарендра) әлеуметтік желінің идеясы біздікі, Марк бізден ұрлап алды деген айып тағады.

Олар 2003 жылы Цукербергті өз топтарына қосып, HarvardConnection.com сервисін даярлауға қостық дейді. Сол кезде олар қазіргі желінің идеясына ұқсас дүниелермен бөлістік деп барша адамды сендіреді.

2107
Кэмерон мен Тайлер Уинклуостар және Дивья Нарендра

Көреалмаушылық қасиет пе екен, әлде арзан атақ па, жоғарғы курс студенттері басшылыққа осы жайтті жеткізіп, университет ішінде шығатын газетке мақала да береді. Әрі қарайғы қарсылықтың маңызы да, ол туралы нақты мәліметтер де шамалы.

Ақыры сот араласқан іс одан кейін бірнеше жылға жалғасады. Нәтижесінде, Фейсбук өтемақы ретінде қолма-қол 65 млн доллар және акция түрінде 45 млн доллар төлейді.

Бір тарап идея авторы Цукерберг десе, енді бірі ағайындылардың ойындағысына аздаған өзгеріс енгізген деген пікірді ұстанады.

Facebook-тің гүлденген шағы

Бастапқыда «The Facebook» тек Гарвард университетіне ғана арналған еді. Сайт іске қосылған алғашқы айдың өзінде әлеуметтік желіге Гарвард университетінің жартысына жуық қатысушылары тіркелген.

2004 жылдың наурыз айынан бастап шекарасын ұлғайта бастайды. Енді желіні Стэнфорд, Колумбия, Йель университетінің де студенттері пайдалана алатын болды. Одан кейін, оқу орындарын қойып желі АҚШ мен Канаданың ірі мекемелерін де қамтиды.

vfhr

Бюджеті

Әлеуметтік желі енді құрылып жатқанда бірге оқитындардың көмегімен және Эдуардо Савериннің жинаған ақшасымен жұмыс істеп тұрған еді.

Уақыт өте келе, Фейсбуктің ауқымы кеңейе бастайды. Тарихтың осы жерден үзіліп қалмауы үшін қомақты қаржы қажет бола бастайды. Марк Цукерберг ақша табу мақсатында Пало-Альтоға кетеді. Ол жерде Napster файл алмасу желісін жасаған Шон Паркермен танысады. Желінің жұмысы тоқтап тұрса да, Паркер үмітін үзбейді. Әлемді дүр сілкіндіретін идея болса, Маркты әркез қолдауға даяр екенін жеткізеді.

Facebook Паркердің шарттарына сәйкес келіп тұрды. Цукерберг жаңа танысын «пайда көзі» ретінде көреді. Себебі, одан келер көмек ұшан-теңіз болатын. Осылайша, компания тарихында Марк пен Шонның бірігіп жұмыс істеп бастағандығы туралы айтылады.

Фейсбуктің алғашқы инвесторы — Питер Тил. PayPal төлем жүйесін жасаушылардың бірі. Оның инвестиция көлемі 500 мың доллар болды. Фейсбук қолданушыларының саны осы кезде миллионға жеткен еді.

2005 жылы домендік атауға өзгеріс енеді. «The» алынып тасталып, «Facebook» қана қалады. Осыдан кейін бұл желіні тек студенттер емес, барша жұрт қолданатын болды. Қалаған адам тіркеліп, пайдалануына рұқсат.

Happy End

Facebook тарихы  барлығының өз қолыңызға екендігіне дәлелдейді. Өз ойыңызды жүзеге асыруға бар күшіңізді жұмсаңыз. Заманның ағымына қарай Facebook та бір күні сәннен кетері анық. Десе де, табандылық, қызығушылық және еңбек ұғымдарының жарқын көрінісі екендігіне келіспеске амалыңыз жоқ шығар?! Марк болса, мақсатына жетіп, бай-қуатты ғұмыр кешуде.