Алматы. 31 мамыр. 7kun.kz – Қазақстанның алғашқы лоукастері FlyArystan Алматы-Шымкент және Алматы-Павлодар бағытындағы рейстерді іске қосты.
Бұдан былай аталған бағыттар бойынша заманауи 180 орынды Airbus A320 әуе кемелері күнделікті сапар шегеді.
Алматы халықаралық әуежайынан FlyArystan әуекомпаниясының ұшағы бірінші болып Шымкент қаласына қарай бет алды. Ұшақта жолаушылармен қатар «Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті Питер Фостер, сондай-ақ FlyArystan бюджеттік компаниясының басшысы Тим Джордан да болды.
Шымкент қаласына ұшып келген қонақтарды қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қарсы алды.
«Шымкент қаласының тұрғындарын және қонақтарын FlyArystan-ның алғашқы ұшып келуімен шын жүректен құттықтаймын. Питер Фостер мырзаға және FlyArystan әуекомпаниясына Шымкент қаласын таңдағаны үшін алғыс білдіремін. Шымкент — Қазақстанның 3-ші мегаполисі, халық саны да көп. Сондай-ақ, көршілес Өзбекстан мемлекетінен келетін жолаушылар да бар. Сондықтан, бізде билет тапшылығы жиі кездеседі. Енді FlyArystan әуекомпаниясының арқасында рейстер саны өседі», — деді қала әкімі.
Тиісінше, «Эйр Астана» әуекомпаниясының төрағасы Питер Фостер қонақжайлығы үшін Ғ. Әбдірахымовқа алғысын білдірді.
«Шымкент – еліміздің республикалық маңыздылығы жоғары мегаполистеріне айналған ірі қалалардың бірі. Сол себепті FlyArystan-ның келуінен кейін жергілікті халық қажеттіліктеріне сай уақыттарын үнемдеп, лоукостермен сапар шегуді таңдайды деген нық сенімдемін», — деп атап өтті Питер Фостер.
FlyArystan әуекомпаниясы ұшағының Алматы әуежайынан келесі бағыты Павлодар қаласы болды. Алғашқы жолаушыларды Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов күтіп алды.
«Бүгінгі таңда Павлодар мен Алматы қалалары арасында 7000 теңгеге ұшып баруға болады. Әрине, билетті уақытында сатып алса. Мен ұшақтағы орындардың жайлы әрі ыңғайлы екенін көрдім. Сол үшін алғысымды білдіремін. FlyArystan әуекомпаниясы арқылы жолаушыларымыздың саны екі есе артады деген сенімдемін», — деді облыс әкімі.
«Эйр Астана» әуекомпаниясының президенті облыс басшылығына алғысын білдіріп, бюджеттік тасымалды Павлодарға әкелудің маңыздылығына тоқталды.
«Павлодар – ғажайып қала, еліміздің солтүстігінде орналасқан. Сол үшін адамдардың Алматыдан осы жерге жерүсті көлігімен жету үшін тәуліктен астам уақыттарын жоғалтады. FlyArystan-ның келуімен әуесапарлар барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді болады. Ең бастысы, нағыз лоукостердің жүмыс істеу қағидасына сай, осының бәрі, расында да, қауіпсіз, жеңіл әрі арзан», — деді Питер Фостер.
Сондай-ақ, Павлодар әуежайында Алматы қаласына ұшып баруға алғашқы болып тіркелген жолаушы — Абсалламова Күлайға FlyArystan әуекомпаниясы Павлодар-Алматы бағытында ұшып баруға және келуге тегін билетті сыйлады.
«Билетті 7000 теңгеге 17 сәуірде, сатылымға шыққан күннен бастап сатып алдым. FlyArystan әуекомпаниясымен алғаш рет ұшып көрдім. Сапар өзіме ұнады, қауіпсіз сезіндім. FlyArystan қызметіне табыс тілеймін, ол, шынымен, еліміздегі ең тиімді әуекомпания», — деді Абсалламова Күлай .
Бюджеттік әуекомпанияның хабарлауынша, Алматыдан Шымкент пен Павлодарға қатынаған бірінші рейстер нық толып, оның 80% астам билеті ең минималды тарифпен, яғни бағасы 10 000 теңгеге дейінгі бағамен сатылды. Әуе сапарларын жоспарлаған жолаушылар 26 қазанға дейінгі билеттерді алдын-ала брондап қойған.
Еске сала кетейік, оңтүстік астанадан Шымкентке қатынайтын рейстердің ең төменгі билет құны 4999 теңгеден басталса, ұшу ұзақтығы 1 сағат 20 минутты құрайды. Павлодар бағытын таңдаған жолаушыларға билеттерді 6999 теңгеден бастап сатып алуға болады, ұшу ұзақтығы — 1 сағат 50 минут.