Google корпорациясы YouTube-тағы ақылы жазылым туралы түсіндірді

YouTube желісіндегі бейнежазбалар бұрынғысынша тегін болып қала береді. Бұл жөнінде Google корпорациясының баспасөз қызметі хабарлайды.

28 қыркүйек күні БАҚ-та видеохостинг ақылы болады деген ақпарат тараған еді. Ол кезде нақты қай қызметтер үшін ақы алынатыны туралы айтылмаған. Енді корпорацияның баспасөз-қызметі хостинг жұмысында қандай өзгерістер болатыны жөнінде жария етті. Олардың айтуынша, аса өзгерістер енбейді. «YouTube-тағы барлық контент бұрынғысынша тегін күйінде қалады. Ақылы жазылым — қолданушыларға арналған қосымша мүмкіндік», — дейді корпорациядағылар. Ақылы жазылымның ерекшелігі — бейнежазбаларды жарнамасыз көрсететіндігінде.

YouTube-тағы контенттің құқық иелеріне видеохостингті қолданудың жаңа ережелерімен келісу туралы хат жіберілген. Келісім жасалмаған жағдайда, танымал каналдардың иелері өз бейнежазбаларын жариялап, сол арқылы ақша табуға тыйым салынатын болады. Бұл ретте аталған шарт АҚШ-тағы құқық иелеріне қатысты.

YouTube — әлемдегі ең ірі видеохотинг әрі көрушілер саны бойынша үшінші сайт.