Грекия Үшінші рейхтің қылмысы үшін Германиядан 279 млрд еуро талап етіп отыр

419
Грекия Үшінші рейхтің қылмысы үшін Германиядан 279 млрд еуро

Грекия Германиядан Үшінші рейхтің грек халқына жасаған қастандығының өтемақысы ретінде 279 млрд еуро талап етті деп хабарлайды The Telegraph басылымы.

Ел үкіметі премьер-министр Алексис Ципраспен бірге фашистік Германияның әрекетінен болған шығынды бағалаған талап арызын дайындады. Олар — Грекия аумағын басып алуы, 40 000 гректің құрбан болуы, өнер туындыларын алып кетуі және Грекия банкінің нацистік үкіметке мәжбүрлі түрде берген қарызы. Осыған дейін Грекия мемлекетке келтірілген шығынды 160 млрд еуродан кем емес деп бағалаған еді. Афинаның қазіргі талап етіп отырған қаржы көлемі Германия ЖІӨ-нің 10%-на тең.

Айта кетейік, Грекияның өзі ЕО-қа қарыз. Мемлекеттің Еуроодақ елдері алдындағы жалпы қарыз көлемі 193,8 млрд еуро, Халықаралық валюталық қордың алдындағы (ХВҚ) қарызы 32,2 млрд еуроны құрайды. ЕО-тан алған несиесін 2041 жылға дейін, ХВҚ-ның қарызын 2024 жылға дейін төлеп бітуі қажет.  Енді 9 сәуірде үкімет Халықаралық валюталық қорға 460 млн еуро төлейді. Жақында грекиялық үкімет ел экономикасын құтқаратын жаңа шаралар тізімін жариялап, Афина мемлекетке қаржылай көмек керек екендігін мәлімдеді. Егер несие берушілер Грекияға қаржы бөлмесе, ол қарыз төлеу уақытын шегеруді өтінуге мәжбүр болады.