Халық банкі мен Qazkom-ды біріктіру оң синергияға ие болады – Д. Ақышев

Qazkom-ды
Фото: ru.sputniknews.kz

Алматы. 27 желтоқсан. 7kun.kz – Qazkom-ды қолдау шеңберінде оны БТА банктің проблемалық қарызынан тазалау жүргізілді. Бұдан басқа, қосымша провизиялардың қажетті деңгейі қалыптастырылды. Бұл туралы Астана қаласындадағы брифинг барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді.

Қаржы реттеушісі басшысының айтуынша, Ұлттық банк, тұтастай алғанда, банк секторын шоғырландыру бойынша бастаманы қолдайды. Олар банктерді капиталдандыруды ұлғайтуға және клиенттерге қызмет көрсету бойынша қолданыстағы бизнес-процестерді жақсартуға ықпал ететін болады.

«Ұлттық банк банктерге банктік бизнестің тиімділігін арттыруға бағытталған интеграциялық процестерді тезірек аяқтау бойынша қажетті қолдау көрсетуге дайын», — деп атап өтті Д. Ақышев.

Ол, сол сияқты заңнаманың талаптарына сәйкес, бұл мәмілені іске асыру депозиторлардың, кредиторлардың, басқа клиенттердің және банктердің қарсы агенттерінің шарттар бойынша, халықаралық міндеттемелерді қоса алғанда, құқықтары мен заңды мүдделері сақталған жағдайда ғана мүмкін болатындығын атап өтті.

«Қазақстан Халық банкі мен Казкоммерцбанктің шоғырлануы нәтижесінде банк секторының активтеріндегі Қазақстан Халық банкінің үлесі 19,6 пайыздан 33,6 пайызға, кредиттік портфельде 17,9 пайыздан 28,5 пайызға, клиенттердің салымдарындағы үлес 20 пайыздан 35,4 пайызға дейін өседі», — деді Д. Ақышев.