Инвестицияның келуіне не кедергі?

587

Қазақстан Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ секілді ірі кен орындарын тәуекел етіп, іске қосты. 2015 жылы мұнай бағасының түсіп кетуінен болған дағдарыстан бері жағдайы біршама нашарлап кеткен орта және шағын кен орындарына жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Келешекте ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз ететін солар екенін ұмытпау керек. Ең көп жұмыс орнын да, жергілікті мамандар мен компанияларды да тартатын дәл сол — орта және шағын кен орындары. BRB INVEST компаниясының бас директоры Ғалым Құсайынов осылай дейді. Сарапшының айтуынша, Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция тартуда бірнеше кедергі бар.

Ішкі нарықты қалай қамтамасыз етеміз?

Қазақстан бюджетінің 50 пайызы мұнай секторының табысынан құралады және еңбек ресурсының басым бөлігі де аталған секторда жұмыс істейді. «Соған қарамастан елімізде үш жылдан бері мұнай өндірісі азайып келеді: 2013 жылы шектік көрсеткіш 82 млн тонна еді, бұл жылы 75-77 млн тонна болады деп отырмыз. Бұл алынатын көлемнің қатты азайып кеткенін білдіреді. Нарыққа мұнай тасымалдайтын басқа ойыншыларды қарасақ, мысалы, ОПЕК пен Ресей жыл сайын алатын көлемді арттырып келеді. «Бізде неге жыл сайын өндірілетін мұнай көлемі азайып келе жатыр?» деген сұрақтың да тууы заңды», — дейді Ғалым Құсайынов.

Жаңа заңның әсері

Ғалым Құсайыновтың айтуынша, шағын және орта кен орындарының жағдайы жаңа кен орындарын сатып алуға мораторий қойған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заң қабылданғаннан кейін тіптен нашарлап кетті. Шағын және орта компаниялар халықаралық нарықтан инвестиция тарта алмайды: олар не стратегиялық инвесторлармен, не банктермен ғана жұмыс істейді. Сарапшының айтуынша, қазір банктерге кен орнын кепілдікке қоюдың өзі де қиын екенін айтады.

Инвестор күдіктенеді

Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етуге қатысты бірнеше мәселе бар. Ғалым Құсайынов халықты шикізатпен қамту үшін қажет көлем ешқашан алынбайтын, қоры жетпейтін кен орындары бар екенін айтады. «Себебі бізде ондай кен орындарында шикізат өндіретін технология жоқ. Мысалы, терең ұңғымаларда жұмыс істейтін құралдар жоқ. Кез келген инвестор ұңғымадан шикізат өндіру кен орнына кететін шығынның көп бөлігін қамтитынын, қандай да жағдай болса айыппұл төлейтінін біледі», — дейді Ғалым Құсайынов.

Тағы бір жағдай: жер қойнауын пайдалану туралы заңда көрсетілгендей, тауарды сатып алып, жұмыс жасайтын компанияны байқау бойынша анықтау керек. Байқау талаптары бойынша, қатысатын мердігерлер жасырын болады. «Егер кен орнын пайдалану жолдамасын шетелдік компания жеңіп алса, ол автоматты түрде заң талаптарын бұзады, себебі ол ішкі нарықты қамтамасыз ету керек болады. Ал кен орнында ірі шетелдік компания жұмыс істесе, оның ішкі нарыққа мұнай тасымалдауына құқы жоқ», — дейді сарапшы.

Мемлекет не істеп жатыр?

KIOGE-2016 мұнай-газ көрмесі аясында ұйымдастырылған конференцияға қатысқан энергетика министрлігінің вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев инвестицияны тарту үшін не істеп жатқандарына қатысты сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі кеден және салық бірлескен жаңа кодексін дайындап жатыр. «Кен өндірушілердің жағдайын жақсарту үшін өндірілетін газға салық төлеуге қатысты бірнеше ұсыныс білдірдік, қазір жұмыс тобында талқылап жатырмыз. Одан бөлек, теңіздегі кен орындарына инвестиция тарту үшін, сонда жұмыс істейтін компанияларға қандай да бір жеңілдік қарастыру туралы ұсыныс айттық», — дейді вице-министр.