Ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды — Д.Ақышев

жылы

Астана. 7 қараша. 7kun.kz —  Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісіндегі отырыс аяқталғаннан кейін журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев айтып берді, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.

«Қазанда валюта нарығы тұрақтанды. 31 қазандағы жағдай бойынша айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 334,71 теңге болды. Теңгенің бір айдағы нығаюы 1,9%, жыл басынан бері әлсіреу – 0,4% болды», — деді Д. Ақышев.

Ұлттық валютаның айырбастау бағамы шетел валютасының сұранысы мен  ұсынысының теңгерімін көрсетеді. Мұнайдың әлемдік бағасы қалыпты өсуін көрсетуде және бір баррель үшін 60 АҚШ доллардан жоғары.

«Теңге бағамының одан әрі серпіні ең алдымен іргелі факторлардың мұнайдың әлемдік бағаларының және сауда әріптес елдердің валюталары бағамдарының негізінде айқындалатын болады. Еркін өзгермелі бағам режимі сыртқы жағымсыз күйзелістерді сіңіруге мүмкіндік береді, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді», — деді Д. Ақышев.

Оның айтуынша, өзгермелі режимде валюта бағамының ауытқуы күнделікті болып тұрады. Бұл ретте айырбастау бағамын айтарлықтай және тұрақтандырмайтын қысқа мерзімді ауытқулар Ұлттық Банктің өктемдіктерімен реттелуі мүмкін.

Шетел валютасындағы депозиттердің үлесі өткен жылдың қаңтарындағы ең жоғары 70 пайыздан 49 пайызға дейін төмендеді. Валюта нарығындағы тұрақтылықтың сақталуы және инфляция деңгейінің төмендеуі теңгедегі жинақ ақшаны бұдан әрі де ынталандыратын болады деп атап өтті Ұлттық Банк Төрағасы.

Д. Ақышевтың айтуынша, кредиттеу нарығындағы жандану жалғасуда: «Жыл басынан бері банктердің экономикаға кредиттерінің көлемі 13,2 трлн теңгеге  — 4 пайызға ұлғайды. Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 11 пайызға — 9,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Кредиттер бойынша орташа алынған мөлшерлеме қыркүйекте 14 пайызға дейін төмендеді».