Исламдық қаржыландыру жүйесінің ел экономикасына дендеп енетін күні жақын. Елімізде бұл саланың алға жылжуы анық байқалады.
2009 жылдың 12 ақпанында Елбасымыз «Ислам банкі қызметі мен исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру» мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық құжаттарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойып, аталған жүйенің еліміздегі қызметіне айтарлықтай қолдау білдірген еді. Таяу Шығыс елдерінен инвестиция тарту жөнінде біраз келісімдер жүргізіліп, нәтижесінде Араб әмірлігінен инвестиция тартылып, біршама жұмыстар жүзеге асырылып, «әл-Хилал» Ислам банкінің ашылуына қол жеткізе алды.
Дәстүрлі банкинг жүйесіндегі саясатты аса түсіне бермей, дәстүрлі банктерге алған қаражатын еселеп құйып отырған қараша халыққа ендігі кезекте асқан сауаттылық керек. Себебі, экономика мамандары арасында «Исламдық қаржыландыру туралы мифтер» деп аталып кеткен «бұл жүйе пайызсыз, яғни тегін», «исламдық қаржылар тек мұсылмандар үшін», «аталған банктер қадағаланбайды», «әлемді исламизациялау үшін қолданылады» және тағы басқа түрлі сауатсыз пікірлер қоғамда көптеп кездескен еді. Әлі де кездесетіні жасырын емес.
Тимур ОМАРОВ, Исламдық қаржыландыруды дамыту басқармасының бастығы:
– Исламдық қаржыландыруды дамыту арқылы «ислам» дінін дамытады деген қате түсінік. Бірінші кезектегі мақсат – қаржы құралдарын нарыққа шығару. 2007 жылы болған дағдарыс кезінде банктер ипотека беруге мораторий жариялады, бизнеске берілетін ұзақмерзімді несиені тоқтатты, тіпті жеке тұлғалық несиелерді беруге мүмкіндігі болмады. Басқа батыстық, еуропалық банктер біздегі жағдайды сараптап, отандық банктерге қарыз беруден бас тартты. Біздегі банктер қаржыландыру көзінен қағылған тұста еліміздің экономикасы біраз есеңгіреп қалды. Осы тұста сенімділік, адалдық, әділдік, транспоренттілік қағидаларына негізделген исламдық қаржылық ұйымдар өтімділік дағдарысына төтеп бере алатындығын көрсетті.
Бүгінде елімізде осы жүйе бойынша «әл-Хилал» банкі жұмыс істейтіні белгілі. Бұл банктің елімізге келу мәселесінде де келеңсіздіктер болған. Өйткені, ол әлі жас банк. БАӘ-де небәрі 2008 жылы маусым айында ғана ашылған. Ал дағдарыстан кейін бір жыл толмай жатып, біздің елімізде бөлімшесі ашылды. Яғни біріншіден, тәжірибесі, екіншіден, капиталы аз. Алдағы уақытта тағы басқа Ислам қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жоспарлар жүзеге асып жатқан жағдайда жеке тұлғалармен қызметті күшейтуді, соның ішінде несие беру мәселесін қолға алмақпыз. Исламдық ипотека немесе автонесие, жеке тұлғалық несиеге үміттеніп отырмыз. Осы мәселеге қатысты барлық заңнама дайын. Ең бастысы, ақпараттық жұмыс жүргізу. Себебі, еліміздің тұрғындары қаржыландырудың бұл түріне әлі де дайын емес.
Айдана Нұрмұхан, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, журналистика факультеті