Көкшетауда автокөліктерді тіркейтін мамандандырылған ХҚКО ашылды

тіркейтін

Астана. 27 желтоқсан. 7kun.kz – Көкшетау қаласында автокөліктерді тіркейтін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көкшетаулықтар аз уақыттың ішінде автокөліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады.

Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Мәлік Мурзалин мен мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қатысты.

Оспановтың айтуынша, бұл Қазақстандағы он үшінші мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. «Республика бойынша он екі мамандандырылған ХҚКО арқылы жүргізушілерге шамамен 1 700 000 қызмет көрсетілді. Енді көкшетаулықтар да автокөлікті жылдам және оңай тіркеу мүмкіндігіне қол жеткізді», — деді Абылайхан Оспанов.

Енді қызмет алушылар өз уақыттарын үнемдеп, небары екі сағаттың ішінде көлікті тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады. Бизнес-процестің барлығы автоматтандырылған және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесіне қосылған. Автоматты автодромда көлікті жүргізу бойынша тәжірибелік емтихан тапсыру кезінде қолданылатын заманауи электрондық бақылау жүйесі бұл үрдіске адами факторды қатыстырмауға мүмкіндік береді. Комиссия тексерісінен де осы ғимараттан шықпай-ақ өтуге болады: барлық дәрігерлер, соның ішінде психиатр мен нарколог үшін арнайы кабинеттер қарастырылған. Аумақта көлікті техникалық тексерістен өткізетін арнайы ангар да бар.

Мамандандырылған ХҚКО дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, қызмет көрсету сапасын онлайн тәртіпте қадағалау үшін ғимаратта орнатылған 23 видеобақылау камерасы «Азаматтарға арналған үкіметтің» ахуал орталығына қосылған.

«Азаматтарға арналған үкіметмемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

Баспасөз қызметі