Кәсіпкерлер бос орын туралы есепті өткізу керек пе?

736
Фото: tengrinews.kz

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі 22 шілдеде кәсіпкерлердің бос орындар мен болжанатын жұмыс орындары, қажет мамандар туралы есеп өткізуі жөнінде бұйрық шығарып, ол 18 тамызда күшіне енген. Бұған сәйкес кәсіпкерлер 1 қазанға дейін есеп тапсыруы керек еді. Тапсырмаса айыппұл салынады. Мұны межелі мерзімге жақындағанда ғана естіген кәсіпкерлер арасында дүрлігіс туды. Жұмыспен қамту орталықтары лық толы. Сұрақ көп, жауап жоқ.  

Мәселе неде?

Министрлік «кәсіпкерлер қазанның 1-іне дейін бар және болуы мүмкін бос жұмыс орындары туралы есеп өткізу керек» деген бұйрық шығарғанымен, кәсіпкерлерді хабардар, түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген. Осының салдарынан қазақстандық кәсіпкерлер 1 қазаннан кейін жаппай айыппұл төлеуіміз мүмкін деп дүрліге бастаған. Себебі, бұйрықта жазылғандай, уақыттан кешігіп өткізгендер 10 АЕК (21 210 теңге), екінші рет тағы өткізгендер 20 АЕК (42 420 теңге) төлейді. «Жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлерге ескертуге міндетті еді. Бірақ олай болған жоқ. 1 қазан келіп те қалды. Еңбек инспекциясы әкімшілік кодекс негізінде айыппұл салады. Себебі бұл туралы министрдің бұйрығында айтылған», — деді Кәсіпкерлер ассоциациясының президенті Ермек Әбілдин.

Шикі заң

Ал Кәсіпкерлерге көмек көмек көрсету орталығының директоры Дмитрий Казанцев аталған заңға берілген түсініктеме де, заң жобасы да шикі екенін айтады. «Бұрындары кәсіпкерлердің өздері бос орындар бар екені туралы хабарлап отыратын, өз кезегінде жұмыспен қамту орталықтары азаматтарды бағыттап, вакансия ұсынатын. Жаңа заң жобасы өте шикі. Мысалы, талаптар бойынша, кәсіпкерлер 2017-2020 жылдар аралығында жұмысқа қанша адам алатынын болжап жазу керек. Бір жылғы жоспарының өзі құбылмалы кәсіпкерлер оны қайдан біледі?!», — дейді орталық директоры. Сарапшының айтуынша, республиканың басқа қалаларындағы жұмыспен қамту орталықтарының өздері кәсіпкерлер мұндай есеп тапсыру тиіс екенін де білмейді.

Мұндай проблеманы әлеуметтік желі қолданушылары да айтып отыр. Ақтаулық кәсіпкер Тимур Бектұр жергілікті мамандардың сұрағына жауап бере алмағанын жазады. «Өздері білмейді» дейді ол. Орда Жеменей есімді фейсбук қолданушының айтуынша, қалада есепті электронды түрде қабылдап жатыр. Ауылдарда тек қолма-қол өткізу керек.

Сурет: tengrinews.kz
Сурет: tengrinews.kz
Кім тапсыруы керек? 

Кәсіпкерлер есепті бос жұмыс орындары пайда болған жағдайда ғана тапсыру керек, жаңа жұмыс орындары болмаса есеп өткізуге міндетті емес.

Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Ахметованың айтуынша, кәсіпкерлер үшін мұндай ережелелер бұрыннан болған, тек есеп тапсыру формасы өзгерген. «Есепті бос жұмыс орындары пайда болған жағдайда ғана тапсыру керек, бос құжат тапсыру міндетті емес», — дейді маман. Әлеуметтік желіде Гүлім Әмірханова есімді қолданушы жариялаған мына видеодан жұмыспен қамту бөлімінің қызметкері «құжат тапсыру міндетті емес» деп, кәсіпкерлердің есебін қабылдамай тұрғанын көруге болады.

Ресми жауап

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Гаухар Абуева tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында жоғарыдағы видеода сөйлеген ведомство қызметкері қателесіп кеткенін айтады. Басқарма басшысының орынбасары кәсіпкерге бос жұмыс орны туралы құжат тапсыру  вакансия болған жағдайда ғана міндеттелетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған заң жобасы ірі және орта кәсіпкерлер үшін маман даярлау мақсатында қабылданған. Одан бөлек, жауапты басқарма қызметкері «құжатты тапсыру мерзімі 1 қазанға дейін» деп алаңдап отырған кәсіпкерлерді сабырға шақырды. «Есеп өткізу уақыты шағын кәсіпкерлердің көбіне қатысы жоқ.

Өзінен басқа ешкім жұмыс істемейтін сатушылар секілді жеке кәсіпкерлер бос орындар туралы есеп тапсырмауына болады.

«Мысалы, барахолкада тауар сататын өзінен басқа ешкім жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер бос орындар туралы есеп тапсыруға міндетті емес», — деп түсіндірді басқарма басшының орынбасары. 1 қазан болжам жасау үшін бекітілген уақыт қана. Бұл жоспарлы өндіріспен айналысатын ірі және орта ұйымдарға арналған. Қажет қызметкер болмай, өндіріс орнының жұмысы тоқтап қалмау үшін оларға маман дайындау керек. Мемлекет білім жүйесінің бағытын қажет мамандар дайындауға қарай бұрғалы жатыр», — дейді Гаухар Абуова.

Кәсіпкер хабарлауға міндетті

Ал, жалпы бұл жағдайға қарамастан «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңның 28-бабына сәйкес, жұмыс беруші өндіріс орнында жаңа қызмет орны пайда болғаны туралы жауапты басқармаға үш күн ішінде хабарлауға міндетті. Кәсіпкер аталған мерзім ішінде хабарламаған жағдайға жұмыспен қамту туралы заңды бұзды деп танылып, 10 АЕК (21 210 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Аталған заңбұзушылық бойынша 2016 жылдың басынан бері 51 кәсіпкерге жалпы соммасы 1,4 млн теңгені құрайтын айыппұл салынған. 2015 жылы кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғандықтан, ешкімге айыппұл салынбаған.

Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»