Кәсіпкерлік — жалғыздықтың жолы. Cачин Гуптаның жас кәсіпкерлерге айтқан бағалы кеңестері

289

Google компаниясының экс-қызметкері және Hacker Earth жүйесінің негізін қалаушы Сачин Гупта Medium сайтында кәсіпкерлікке қатысты бірнеше кеңестермен бөлісті.

Ол сайтқа жариялаған мақаласында өзінің жұмыс тәжірибесінде кездескен оқиғаларын мысалға ала отырып, жас кәсіпкерлердің көкейінде жүрген бірнеше сұрақтарға жауап берді. Үздік көшбасшы болудың құпиясымен бөлісті. Әлемдегі үздік кәсіпкердің кеңестерін сіз де біле жүріңіз.

Жалпы кеңестер

Ең алдымен кәсіпкерліктің өте қиын жұмыс екенін ұмытпаңыз. Сіз кәсіп бастауға дайындалсаңыз да, бизнес саласында арнайы жоғары білім алсаңыз да, ол сізге көмектеспейді.

Сіз өзіңізді қолынан ешнәрсе келмейтін әлсіз адам сезінуіңіз мүмкін. Алайда ол олай емес, өз өзіңізге сенімді болыңыз.

Кәсіпкерлік — жалғыздықтың жолы. Сіз жұмысыңыз жайлы қалаған дүниені ешкімге, ешқашан емін-еркін айта алмайсыз.

Екіұштылық — кәсіпкерліктің басты ерекшелігі. Өйткені сіз өз кәсібіңізді бір жыл, бір ай немесе бір апта басқара алатындығыңызға еш кепілдік жоқ. Кәсіпті ары қарай дамыту немесе тоқтату жайлы бірнеше рет ойланасыз.

Кейде сіз ұйқыңыздан айқайлап оянатын боласыз. Осындай сәтте жаныңызда сізге көмек беретін, қолдау көрсететін адамның болғаны абзал. Егер қиын сәттерде отбасыңыз, жақсы көретін адамыңыз жаныңыздан табылса, кез келген қиындықты оңай жеңіп шығасыз. Себебі сіздің әйеліңіз немесе күйеуіңіз сізге рухани көмек беріп, сізді шабыттандырады. Сіз тек осы адаммен ғана кеңесіп, оған барлық құпияңызды аша аласыз.

Басшылық — компания аяққа нық тұрып кеткенге дейін барлық қара жұмысты өз күшіңізбен атқарып, компанияның даму қарқынына қарай маңызды шешімдерді жүзеге асыруға көмектесетін өткел.

Маңызды міндеттер

Көп шешім шығаруға дайын болыңыз. Егер өз ісіңізге бей-жай қарайтын болсаңыз, компанияның табысқа жетуі қиындай түседі. Ал егер қызба адам болсаңыз, дұрыс шешім қабылдай алмайсыз.

Компанияның негізгі мақсаты мен бағытын айқындау қызметкерлердің емес, сіздің басты міндетіңіз. Өзге адамдардың ақыл-кеңестеріне әрдайым құлақ түріп жүріңіз, бірақ компанияны қандай бағытта дамытамын десеңіз де өз еркіңіз.

Сіз компаниядағы ішкі мәдениетті қалыптастырасыз және ең бастысы оны қорғайтын да өзіңіз. Қызметкерлер мен әріптестеріңіздің арасында сыйлы болыңыз. Себебі олар сізден үлгі алып, сіздің іс-әрекеттеріңізді қайталайды.

Сіздің кәсіпкер ретіндегі ең басты қызметіңіз — компанияның қаржысын реттеп, оның азаймауын қадағалау.

Компания басшысы әрдайым өнімнің даму қарқынын білуі тиіс және ол өнімге екіұшты қарамауы керек. Басшы ретінде компания өндіретін өнім жайлы ақпараттың бәрінен жоғары тұратынын ұмытпағаныңыз жөн.

Компанияңыздың табысы сіздің топпен бірлесіп атқаратын жұмысыңызға тәуелді. Ешкім алғашқы жұмыс күнінен бастап жұмысқа икемделіп кетпейді. Сондықтан білгеніңізбен бөлісіп, қызметкерлеріңізге барлық жұмысты үйретіңіз.

Сізде дұрыс шешім қабылдау үшін әрдайым жеткілікті ақпарат бола бермейді. Мұндай жағдайда сіздің ішкі түйсігіңіз басты рөлді ойнайды. Түйсікті дамытуға болады. Табысты кәсіпкерлер дұрыс шешімді ақпараттың молдығынан емес, білімнің көптігінен шығарады. Бұл түйсіктің негізі.

Сіз дұрыс шешімге қарағанда, бұрыс амалдарды көптеп жасайсыз. Сондықтан қателіктің алдын алып үйренгеніңіз дұрыс.

Өзіңіз шығарған шешімдерге жауапкершілік алып үйреніңіз. Өз қателіктеріңізді мойындай бастаған жағдайда ғана адамдар сізді құрметтейді.

Уақыт тауып қызметкерлеріңізге қандай шешімді не себептен қабылдағаныңызды түсіндіруге тырысыңыз.

Көбінесе дұрыс шешім шығаруға көп уақыт кетеді. Ал кәсіпкер үшін уақыт бәрінен де маңыздырақ. Сондықтан белгілі бір шешім шығарар кезде «қателік жасаймын» деп қорықпаңыз, керісінше уақытты үнемдеп үйреніңіз. Шешім дұрыс немесе бұрыс болсын, сіз әр іс әрекетіңізге жауапкершілікті ала аласыз. Ал бос кеткен уақытты артқа қайтару мүмкін емес.

Адамзат тарихында өзінің біліктігімен, тапқырлығымен есте қалған бірнеше көшбасшы бар. Олардың өзгелерден ең басты ерекшелігі өз өзіне, күшіне, біліміне, қабілетіне деген сенімділігінде жатыр. Осы көшбасшылардан үлгі алыңыз. Сізге, сіздің шешіміңізге компанияңызда ешкім сенбесе де, өз өзіңізге сеніңіз. Себебі ерте ме, кеш пе, сіз ақылға қонғысыз, ешкім сенбейтін шешім шығарасыз. Егер сіз сол шешімге, өзіңізге 100 пайыз сенімді болсаңыз, күмән келтірмей, ойластырғаныңызды жүзеге асырыңыз. Өйткені компанияға нақты қандай дүниенің керек екендігін сізден артық ешкім білмейді.

Стратегиялық шешім шығарарда операциялық жұмысты шегеріңіз. Өйткені сізге толықтай декомпрессия қажет. Қазір болып жатқан дүниенің барлығын ұмытыңыз. Сіз белгілі бір шешімді шығарарда сіздің болашағыңыздың қалай өзгеретініне мән беріңіз.

Кейбір шешімдер компанияның даму бағытын өзгертуі мүмкін. Әркез әрбір шешімнің салдарын бақылап отыру мүмкін емес дүние. Кейде шешімдерден туындаған салдарды талқылап, жақсы нәтиже шығарудың өзі жеткілікті. Біліксіз қызметкерді жұмыстан шығарыңыз, ал қоғамға қажетсіз өнімді өндіруіді тоқтатыңыз.

Ұжымдық мәдениет

Сіз — ұжым ішіндегі мәдениеттің негізісіз. Сіз ғана ненің болатынын, ненің болмайтынын шеше аласыз. Егер сізге бәрібір болса, сіз бұл мәдениетті жоясыз.

Сізге сенбейтін адамдармен бірге жұмыс істегенше, ойлау дәрежесі өзіңіздікімен бірдей адамды жұмысқа алғаныңыз дұрыс. Мейлі ол қанша жерден білікті маман болсын, сіздің пікіріңізбен санаспайтын, сөзіңізге құлақ түрмейтін адаммен жұмыс істеудің қажеті жоқ.

Сізге компанияның құндылықтарын бірнеше рет қайталап айтуға, әндетіп айтуға, тіпті айқайлап айтуға тура келеді. Мәдениет тек қана оның құндылықтарын жүйеге енгізгенде ғана мәдениетке айналады.

Жақсы ұжымдық мәдениеттің анық анықтамасы жоқ. Ол қызметкерлердің көңілінен шығуы керек, алайда утопиялық болмауы тиіс.

Сіздің мәдениетіңіз тасқа қаланбаған. Ол компанияның дамуына байланысты бірте-бірте дамиды, өзгереді. Жақсы ұжымдық мәдениет негізгі екі қағидаға байланысты. Олар: өзгелердің жұмысына сыйластықпен қарау және коммуникацияның ашық болуына жол беру.

Көшбасшылық

Ерте ме, кеш пе, сіз адамдарды шабыттандыру арқылы үлкен күшке ие болатыныңызды түсінетін боласыз.

Көшбасшы болудың ең үздік жолы — үлгі болу. Жақсы көшбасшы сізге бір істі қалай жасау керектігі жайлы кеңестер береді. Ал үздік көшбасшы көрсетеді.

Көшбасшы ретінде өз тобыңызға бере алатын ең құнды нәрсе — уақыт. Кейбір қызметкерлеріңіздің басына қиын күндер туар, сосын олар өздерін әлсіз сезінуі мүмкін. Осындай кезде олар сіздің қолдауыңызды сезінуі керек.

Адамдар сізден кеңес сұрайтын болады. Егер сізге бейтаныс саладан сұрақтар қойып жатса, таңғалмаңыз. Тіпті оның сол саладан сізге қарағанда жұмыс тәжірибесі, қабілеті жоғары болса да, ол бәрібір кеңесті сізден сұрауы мүмкін. Сіз олар үшін шешім шығармаңыз, тек олардың шешімін қолдаңыз.

Қызметкерлер басшыға жағымсыз жаңалықтарды қорықпай жеткізгенде ғана ол жақсы көшбасшыға айналады.

Барлығы сізді үлгі тұтады. Егер сіз біреуді қолдасаңыз, қалғандары да сіздің әрекетіңізді қайталайды.

Қандай жағдай болмасын сіздің қызметкерлерге дауыс көтеріп, дөрекілік танытуыңызға құқығыңыз жоқ. Егер жағдай тым ушығып кетсе, шыдамыңыз таусылса, қаталдық таныта аласыз. Бірақ дауыс көтеріп, айқайлауыңызға хақыңыз жоқ. Себебі ол мәдениетсіздік.

Адамдарға шабыт керек. Көшбасшы болу үшін сіз әрдайым өз тобыңызды шабыттандырып тұруыңыз керек. Ол үшін түрлі оқиғаларды пайдаланғаныңыз дұрыс.

Тобыңызбен барынша жиі сөйлесіп тұрыңыз. Аптасына жарты сағат немесе бір айда үш сағат сөйлесемін десеңіз де өз еркіңізде. Мен мұндай кездесулерді үш жыл бойы ай сайын өткізіп келемін және жұмыс тобының 80 пайызы кездесулерге қатысады.

Егер сіз тым қатал жетекші болсаңыз, кейбір қызметкерлер сіздің шешімдеріңізді сынайтын болады. Олар ойламаған жерден, ту сыртыңыздан сізге соққы жасайды. Сондықтан айналаңызды сізге сіздің кемшілігіңізді айтуға қорықпайтын адамдармен толтырыңыз.

Өз-өзіңді дамыту жолдары

Ең алдымен уақытты басқарып үйреніңіз. Құндылықты арттырмайтын дүниелердің барлығына «жоқ» деп айтуды үйреніңіз.

Электронды поштаңызға келетін хаттарды бақылап, ретке келтіріңіз.

Жоспарлаңыз. Әр жексенбі сайын келесі аптаға жоспар құрғаныңыз абзал.

Әр айдың басында сіз компанияңыздың кірісі мен шығысын, еңбек қорына қанша қаржы жұмсалғанын және есептік шотта қанша ақша қалғанын білуіңіз керек. Бұл ақпараттың барлығы сізді таңғалдыруы мүмкін. Сондықтан оны басқарып үйреніңіз.

HR және қызметкерлерді басқару

Мықты HR маман және 30 қызметкер жақсы жұмыстың бастамасы саналады. Өйткені талапты қызметкерлері бар жас компанияның өзге ұйымдардың қандай іспен айналысатындығын бақылап, оларды зерттеуге қабілеті жоғары. Компания дамыған сайын жұмыс тиімділігін басқару қиындай түсетіні белгілі. 40-50 шақты қызметкерден тиімді жұмыс тобын құруға болады.

Әр ай сайын қызметкерлермен және топ жетекшісімен жеке-жеке кездесіп тұрғаныңыз жөн.

Мақсат қойыңыз. Әр қызметкер тиімді жұмыс істеуі үшін әр қызметкердің мақсаты болуы керек. Адамдар жалқаулықтан емес, мақсаты болмағандықтан жұмыс істеуге ерінеді. Әр тоқсан — мақсат қоюға берілген тамаша мүмкіндік.

Кері байланыс. Қызметкерлеріңізді сынай отырып, олардың компанияға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріңіз. Сіздің сын сөзіңіз эмоцияға емес, фактілерге сүйенуі керек. Мақтап алып, артынан сынаудың, сосын қайтадан мақтап, тағы да сынаудың қажеті жоқ.

Жай ғана сынау жеткіліксіз. Егер сіз қызметкерлеріңізден ешнәрсе талап етпей, оларды жай ғана сынасаңыз, бостан-босқа уақыт жоғалтасыз.

Мойындау. Уақыт өте келе әркім істеген жұмысы үшін жылы, жақсы сөздер естігісі келеді. Егер адам жақсы жұмыс істесе, кейінге қалдырмай оны міндетті түрде мақтаңыз.

Адамдар жұмыстан жалақысы төмен болғасын кетпейді. Олар басшылық әділетсіздік танытқан соң, басқа жұмыс орнын іздестіреді. Қызметкерлер үшін әділеттік, адалдық ақшаға қарағанда маңыздырақ

Жұмысқа жаңадан келген адамдарға компания қызметімен таныстыратын жүйе құрыңыз. Кәсібіңіз шағын болған кезде, жаңа қызметкерлерге жұмысқа үйренісіп кету оңай. Ал штаттағы адамдардың қатары 30-дан асқанда, жаңа қызметкерге жұмысты түсіну, жұмысқа үйреніп кету қиын. Сондықтан оны жеңілдететін қарапайым әдіс ойлап табыңыз.

Есеп берудің күрделі жүйесін қалыптастырыңыз. Егер сіз өз компанияңыз жайлы көп ақпарат білсеңіз, бұл сіздің ірі активіңіз. Компания дамыған сәтте қалаған ақпаратқа қол жеткізу қиындай түседі. Ақпарат белгілі бір тәртіппен сізге жетіп тұруы үшін сіз қызметкерлеріңізбен мықты байланыс жүйесін орнатуыңыз керек.

Әр бөлімнің басышысы сізге екі аптада бір рет есеп беруі тиіс.

Жиналыстар

Сізге ұнасын, ұнамасын, бірақ сіз жиналыс өткізуге міндеттісіз. Ең бастысы әр жиналыс өнімді болуы тиіс. Жиналыстың екі түрі бар. Біріншісі шешім шығаруға, ал екіншісі қызметкерлерді ақпаратттандыруға бағытталған. Шешім шығаруға арналған кеңестің өнімділігі нақты сізге, ал ақпараттандыруға байланысты жиналыстың өнімділігі тікелей қызметкерлерге байланысты. Кейде қызметкерлермен бөлісетін ақпарат болмайды. Мұндай жағдайда жиналыстан бірден бас тартқаныңыз жөн.

Егер жиналысқа дайын болмасаңыз, оған келген әрбір адамның уақытын босқа жұмсайсыз. Негізінен жиналысқа жиналыс басталмастан бұрын жарты сағат дайындалғаныңыз дұрыс.

Сіз әр жиналыста болуға міндетті емессіз. Қызметкерлеріңіз сіздің жиналысқа қатысуыңызды міндетті деп таныса, сізден оларға қандай ақпараттың қажет екенін сұрап алыңыз.

Жұмысқа алу

Адамдарды қаншалықты жақсы танитыныңызға қарамастан, ерте ме, кеш пе, сіз өзіңізге қажетсіз адамды жұмысқа жалдайсыз. Себебі әңгімелесу жаратылыстану бағыты емес. Арнайы формула арқылы адамдардың қандай екенін анықтауға болмайды. Сондықтан әңгімелесу барысында жіберілген қателіктер үшін өзіңізді қамшыламаңыз.

Әділ болыңыз. Әр позиция үшін тестік баға секілді арнайы баға болуы керек.

Әңгімелесу кезінде үміткердің өткен шақта қандай іспен айналысқанына емес, оның басты мақсаты мен ұстанымына назар аударған дұрыс.

Әңгімелесуге дайындалыңыз. Қажетті сұрақтардың тізімін жасаңыз. Сізге оларды рет ретімен қоюдың қажеті жоқ, бірақ сұрақтардың барлығын қойып шығыңыз.

Сұхбат алушы көмекшіңізден әрбір үмтікерге баға беруді сұраңыз. Егер ол бір үміткерді жаман бағаласа, ол адамды жұмысқа алмаңыз.

Үміткердің түйіндемесінде көрсетілген ақпарат сізге аз болса, үміткерден оның өмірде жеткен жетістігімен емес, жіберген қателігімен бөлісуді сұраңыз. Бұл арқылы сіз үміткерді жақыннан тани түсесіз.

Жалпыламаңыз. Сіздің жаныңызда сізге қолдау көрсететін адал жандар болуы керек. Бұл адамдарға сіз қиналған сәттерде сенім білдіре аласыз. Негізінен бұл адамдардың қатарына қызметкерлердің барлығы кіргені абзал. Адамдарды жұмысқа алғанда осыған мән беріңіз.

Инвестиция тарту

Сізге ұнасын, ұнамасын, алайда сіз әрдайым уақытыңызды инвестиция тартумен өткізесіз. Компанияңызды кез келген жерде жарнамалау үшін ол жайлы пайдалы, құнды ақпаратты қайталап, жаттап жүруіңіз керек.

Қаржы көзін табу — табыс емес. Бұл сізге қажетті зұлымдық.

Инвесторларды таңдағанда мұқияттылық танытыңыз. Себебі сіз олармен барлық білгеніңізді талқылап, ең маңызды шешімдеріңізбен бөлісетін боласыз. Олар сіздің ең жақын адамдарыңызға айналады.

Егер жақсы жағдай мен артық ақшаның арасында таңдау керек болса, жақсы жағдайды таңдаңыз. Бос уақыт пен еркіндіктің маңыздылығын ұмытпаңыз.

Қаржыны сізге қажет кезде емес, қолайлы жағдай туындағанда іздестіру керек.

Барынша көп қаржы табуға ұмтылыңыз. Себебі бір күні компанияңыз ойламаған жерден күйреуге ұшырауы мүмкін. Ал осы бастан барлығын ескеріп, ақша жинайтын болсаңыз, компанияңызды қаралы күннен сақтай аласыз.

«Жоқ» сөзін жиі естуге дайын болыңыз. Инвесторлар сізге бұл сөзді сіздің компанияңыз жаман болғандықтан емес, сіздің нақты қандай іспен айналысатыныңызды түсінбеген соң айтады. Бірақ 99 адам «жоқ» деп айтса, бір адам міндетті түрде «иә» деп жауап беретініне күмән келтірмеңіз.

Фандрайзинг сіздің басты жұмысыңызға кедергі келтірмеуі тиіс. Қаржы іздеймін деп компанияны басқару керектігін ұмытып кетпеңіз. Компанияны басқару — сіздің ең басты жұмысыңыз.

Өзге кеңестер

Кітапты жиі оқыңыз. Бір айда бір кітап оқып шығуды мақсатыңызға айналдырыңыз.

Адамдармен жақын қатынаста болыңыз. Компанияның алғашқы жұмыс күндерінен бастап бірнеше адамдармен танысыңыз.

Уақытылы демалып тұрыңыз. Жұмыстан демалысты жиі алып тұрыңыз. Өйткені сіз оған әбден лайықтысыз. Жиі демалыс алғанның арқасында жақсы идеяларға да кеңелесіз.

Сіз басшы болғандықтан, компания ішінде де, сыртында да қалың көпшіліктің ортасында сөз сөйлейтін боласыз. Көпшіліктің алдында еркін, қысылмай сөйлегіңіз келсе, ойыңызды тиянақтап, айтар сөзіңізді алдын-ала дайындағаныңыз жөн.

Сіздің жұмысыңыз — компанияның кемшіліктерін қорғау. Сіз үнемі бұрыс қадамдарды болжай білуіңіз керек.

Спорт — денсаулық кепілі. Компанияны басқару сіздің рухани денсаулығыңызға кесірін тигізеді. Сондықтан спортпен аптасына бес рет айналысқаныңыз дұрыс.

Сіз әрдайым клиенттермен, әріптестермен, қызметкерлермен келіссөздер жүргізесіз. Көркемсөз өнеріне зер салып, келіссөзді дұрыс жүргізуді үйренгеніңіз абзал.

Сіз бір дүниеге «иә» десеңіз, екінші дүниеге «жоқ» деп жауап беретініңізді ұмытпаңыз. Барлығын ой елегінен өткізіп таңдаңыз.

Айару Өтенбаева «7»