«Capital Bank Kazakhstan» АҚ жаңа басшы тағайындалды

«Capital Bank Kazakhstan»
Фото: kapital.kz

Астана. 12 сәуір. 7kun.kz — «Capital Bank Kazakhstan» АҚ басқарма төрағасы лауазымына «Tengri Bank» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары Бақтияр Ілиясов тағайындалды. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

«Директорлар кеңесінің 2017 ж. 10 сәуіріндегі №10 шешіміне сәйкес, Бақтияр Әбдінұрұлы Ілиясовтың «Capital Bank Kazakhstan» АҚ Басқармасының төрағасы болып ауысуына байланысты, оның «Tengri Bank» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары — Басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды», — деп жазылған Тенги банктің баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, Бақтияр Ілиясов — Экономика ғылымдарының кандидаты және қаржы саласында 17 жылдық жұмыс тәжірибесі бар.

«Кадрлік орын ауыстыру екі қаржы институтының қосылу процесі аясында жүзеге асты. Негізгі күш үздік тәжірибелерді, технологиялар мен бизнес-процестерді, сондай-ақ қызметкерлерді сақтауға бағытталады. Бұл екі банк клиенттерінің жоғары сенімділік деңгейін сақтайды. Сонымен қатар, бекітілген жоғары қызмет көрсету стандарттарына нұқсан келтірмей, бірігуге мүмкіндік береді», — деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Ғани Өзбековтың «Capital Bank Kazakhstan» АҚ басқарма төрағасы қызметінен кеткені хабарланған еді.