Үкіметтегі жиын: «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламасы серпінді бола түседі

725

Бүгін Үкіметте «Нұрлы жер» 7-20-25 бағдарламаларының жүзеге қалай асып жатқаны талқыланды. Жиында алдымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр мен  «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қ. Алтынбеков бағдарламаның барысы туралы айтты. Жоспарлы межеге жетпеген облыс әкімдері де  есеп берді.

Жиынға төрағалық еткен Премьер-Министр Асқар Мамин «бұл қос бағдарлама — халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі Елбасының әлеуметтік саясатының негізі», — деп, бағдарламаның мақсатына жетуі керектігін тағы бір атап өтті.  Бұл үшін жиында белгілі болғандай қос бағдарламаға үш өзгеріс енгізіледі.

Бірінші. Тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту. Асқар Маминнің айтуынша биыл 13,1 млн ш.м пәтер пайдалануға берілуі керек. Әкімдіктер мен мемлекеттік органдар жер бөлу, қажетті инфрақұрылым тарту мен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу қарқынын арттыруы тиіс. Үкімет басшысы жеке тұрғын үй құрылысында ортақ архитектуралық келбетті сақтау керектігін де атап өтті.

 Екінші.  «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енеді. Енді 5 жыл ішінде, жыл сайын 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. Бұл 1 мамырда басталады.  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті займ бойынша 22,5 мың отбасы баспана алады.

Үшінші. Құрылыстағы жергілікті  үлесті 90 пайызға дейін ұлғайту. Отандық құрылыс материалдарын шығару қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының арнайы бағыты.  Мұның орындалуына 600 млрд теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Маминнің айтуынша отандық өнімдерді пайдалану экономиканың басқа салаларына мультипликативті әсер етеді.

Айта кетейік, Елбасы бастамасымен іске қосылған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары 2025 жылға дейін ұзартылды. Қос бағдарламаның және 2018-де іске қосылған «7-20-25» бағдарламасының игілігін бүгінде қоғам анық сезіне бастады. Алдағы уақытта бұл бағдарламалардың аясында жұмыс одан әрі жанданатыны бүгінгі жиында анық болды.