ҰКП: Талдықорған – бизнес жүргізуге ең қолайлы қала

865
Талдықорған

Талдықорған. 18 наурыз. 7kun.kz — «Талдықорған – бизнес жүргізуге ең қолайлы қала». Бұндай пікірді Кәсіпкерлердің тұңғыш қалалық форумында Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева айтты.

«Біз осыдан 3 жыл бұрын құрылған кезде бизнес үшін қазіргідей жағдай жоқ еді. Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, кәсіпкерлер мен биліктің арасындағы тұрақты көпірге айналдық. Бұл тұрғыда бізге облыс пен қала әкімдігі, прокуратура үлкен қолдау көрсетті. Әсіресе, Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевпен сәтті жұмыс істеп отырмыз», — деп атап өтті Ләззат Шыңғысбаева.

Форумда қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын Талдықорған әкімі Бағдат Қарасаев баяндады. Айтуынша, қазір 26 мыңнан аса талдықорғандық кәсіпкерлікпен айналысады. Ол жалпы экономикалық белсенді халықтың 30 пайызын құрайды. 

«Салада 10 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. «Атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Бірақ, салада әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Мен әр кәсіпкермен жеке-жеке сөйлесуге дайынмын. Бірақ, ол мүмкін емес. Сондықтан, қалалық әкімдік жанынан Кәсіпкерлер кеңесі құрылған. Оған өздеріңіз жақсы танитын Баниямин Файзуллин төрағалық етеді. Бар мәселелеріңізді осы кеңеске салсаңыздар әбден болады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілік мәселесін назарда ұстау керек. Ал, әкімдік жағынан біз сіздердің барлыық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз», — деп атап өтті қала басшысы.

Кәсіпкерлердің пікірінше, бизнесті дамыту үшін Салық кодексін жетілдіру керек.

«Кодекстің ішінде қайшылықтар өте көп. Ол ғылыми атағы бар азаматтар үшін жазлған құжат емес қой. Кодекс жалпыға түсінікті болу керек. Оны орта білімі бар, бірақ бизнеске икемі бар адам түсінуі шарт. Осы орайда, біз сіздерді Кодекске енгізетін ұсыныстар әзірлеуге атсалысуға шақырамыз», — деді Алматы облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

3 сағатқа жуық өткен форумда кәсіпкерлер мен билік өкілдері бірлесе атқаратын жұмыс бағыттарын айқындап алды. Оны жүзеге асыру қалалық әкімдіктің тиісті бөлім басшыларымен, қала әкімінің орынбасарларына және қалалық кәсіпкерлік кеңесінің төрағасы мен комитеттеріне жүктелді.