LEGO ойыншықтарының сәттілігінің сыры — қарапайым әрі бірегей болуында. Тұтынушылардың талғамына сай етіп, олардың әрбір өтініші мен сұранысын ескерусіз қалдырмау арқылы LEGO біраз бүлдіршіннің бөлмесінде өз орнын мықтап бекітіп алды. Кішкентай шаршылар қиялыңызға шек қоймай, қалаған фигураға еніп, кез келген туындыны жасауға мүмкіндік береді.
Қалай басталды?
Әлемдегі ең танымал ойыншық — LEGO конструкторы Данияда пайда болған. Жалпы, ойыншықтың тап осы елде пайда болуы заңдылық дерсіз. Дания — әр бүлдіршін ұйықтар алдында маужырай оқып, сүйсіне тыйдайтын балалар ертегісің патшасы Ганс-Христиан Андерсеннің елі. LEGO көп ұзамай Данияның бір бөлшегіне айналып кетті: 1968 жылы 45 миллион шаршыдан соғылған Legoland қалашығы салынды. LEGO конструкторы әлемнің әр елінде түрлі премия мен атаққа бөленіп жүрді. Онымен қоймай, «20-ғасырдың ең үздік өнертабысы» деп те танылды.
LEGO конструкторын 1932 жылы Даниядағы Билунд қалашығының ағаш ұстасы — Оле Кирк Кристиансен ойлап тапты. Кристиансен өз фабрикасында орындық пен үстел, үтіктеуге арналған тақта мен ойыншықтар жасаған. Компания 1934 жылы «LEg GОdt» — «ойнаған жақсы» тіркесінен шыққан сөзді өзіне атау етіп алады. Бір қызығы, Оле Кирк Кристиансен фирмаға ең үздік атау табу үшін сайыс ұйымдастырады да, оны өзі жеңіп шығады.
Осыдан бастап бұл атау компанияның бар өнімдерінің сәнін келтіре бастады. Өнертапқыш әкесінің қасында жасөспірім кезінен ере жүріп, кейіннен компанияны басқарған ұлы — Готфрид та шеберханада жұмыс істеген. Ол 17 жасынан бері өмірін ағаш ойыншықтарын өндіру мен оларды модельдеуге арнады. Кейіннен басшылық компания негізін қалаушының немересі Кильд Кирк Кристиансенді (Kjeld Kirk Kristiansen) де жұмысқа алды.

1949 жылы LEGO төрт немесе сегіз ойыншықтарды байланыстыратын «томпағы» бар «Автоматты түрде қосылатын кесектер» өндірісін бастады. 1954 жылы мұндай шаршылар «LEGO кубиктері» деп атала бастады. Бөлшектерді қазіргідей байланыстырудың жүйесі кейіннен, 1958 жылы, патенттелді. Сол жылдан бастап компания жыл сайын күрделірек және көбірек бөлшектен тұратын конструктор элементтерін жасап шығара бастады. Кубиктердің қатарына кейіннен көлік пен адамның, жануарлардың формалары қосыла бастады.

LEGO әр түрлі жастағы балалар үшін өнім шығарады, бірақ үлкендердің өзі еш ұялмастан конструктор құрап ойнаса болады. LEGO-ның ең танымал сериялары «Lego system» деп атпен шыққан, оның ішіне «Қала», «Сарай», «Ғарыш», «Қарақшылар», сонымен қатар «Гарри Поттер» мен «Жұлдыздар шайқасына» арналған сериялары бар. Кішкентай балаларға — «Дупло», одан да кішкентай бүлдіршіндер үшін «Примо» деп аталатын сериялары да үлкен сұранысқа ие.

LEGO-да одан бөлек қатты танымал бола қоймаған «Знэп» сериясы бар. Оның ішінде барлығы үйреніп қалған кәдуілгі конструктор жоқ. Серия көпір мен сәнді қоршаулардан тұрады. Одан бөлек, «Technic» сериясы күрделі әрі ол роботсүйер қауымға арналған.
2011 жылы компания әлемнің 15 маңызды аумағында тұратын 48 мың адам қатысқан сауалнамада сапасына толықтай сенім артуға болатын компаниялардың ішінде 5-орын алған. Қазір компания ойыншық шығарып қана қоймай, фильмдер мен ойындар, байқаулар жариялап, ойыншықты еске түсіретін элементтерге толы көңіл-көтеретін парктер салумен айналысады.