Әлемдегі ең жалқау инвестор қалай жұмыс істейді?

588

Әдетте қор нарығында жұмыс істейтін адам көзімізге қолынан үнемі телефоны түспейтін, күн сайын қаптаған қағаздардың ортасында қалып, акция бойынша гигабайт электронды ақпарат өңдейтін гипербелсенді адам болып елестейді. Бірақ америкалық Невада штатындағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған зейнетақы қорын басқаратын Стив Эдмундсонның табыс құпиясы басқа. Ол «ештеңе істеме» деген кеңес береді.

The Wall Street Journal-ға сұхбат берген Эдмундсонның сөзінше, оның стратегиясы қарапайым ғана. Қор нарығындағы белсенділіктің барлығын мүмкіндігінше төмендету қажет яғни белсенді болудың керегі жоқ.

Невададағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған зейнетақы бағдарламасымен жұмыс істейтін инвестициялық компанияда Стив —  жалғыз қызметкер. Іскерлік кездесулері мүлдем дерлік жоқ, ол активтердің өзгеруін қадағалап отырмайды.

Кеңсесінде әр трейлердің қолында болуы қажет Bloomberg терминалы да, әр трейлер үнемі бақылап отыруы керек CNBC іскерлік арнасы да жоқ.  «Жалқау инвестор» жаңалықтарды да соншалықты жіті қарамайды. Мұнай бағасы мен АҚШ-тағы президент сайлауының қорытындысы ол үшін уайым емес.

Бар болғаны 44 жасар менеджер ФРЖ (Федералды резервті жүйе) төрағасы Джанет Йелленнің мәлімдемесіне назар аударады, бірақ америкалық реттеуіштің хабарламаларынан кейін де нақты қадамдарға сирек барады.Бірақ бұл ерекшеліктердің барлығы оған штаты 100 адамнан тұратын инвестициялық компанияларға қарағанда табысты зейнетақы менеджері болуға кедергі келтірген жоқ.

Эдмундсонның сөзінше, оның мақсаты — нарықтың алдын орау емес, шығындарды барынша азайту. Бұл қағиданы ол күнделікті тіршілігінде де қолдануға тырысады. Түскі тамаққа тапсырыс бермей, үйінен әкеледі. «Күн сайын түскі асқа 10 доллардан жұмсағым келмейді», — деп түсіндіреді ол.

Нәтиже де бар. Ол басқарған қор 1 жыл, 3 жыл және 5-10 жыл деген уақыт аралықтарында АҚШ-тағы ең ірі Калифорниялық зейнетақы қорына қарағанда табысты болды. Бірақ Невада тұрғынының жұмысының артықшылығы бар.  Ол 35 млрд доллар активті, ал Калифорниялық қор 300 млрд долларлық активті басқарады.

Офис Nevada Public Employees’ Retirement System, где работает (или ленится) Стив Эдмундсон
Невададағы Стив Эдмундсен жұмыс істейтін кеңсе

Эдмундсонға елдің түкпір-түкпірінен хабарласып, инвестицияның алуан түрлі нұсқасын ұсынады. Инвестор тіпті барлық қоңырау үшін «жоқ» деп жауап берудің ресми формуласын тауып алған. Оның күнделікті телефонмен сөйлесу уақыт 5 минуттан аспайды.

Өзінің бизнес-философиясын «жалқау инвестор» шарап сататын Bozeman компаниясында жүргенде үйренген.

Шарап кәсіпорны шикізатты қайдан алғандығын немесе дәмінің қандай екендігін жазбастан сатқанына қарамастан, тауарлары әрдайым сұранысқа ие болған. Бұл Эдмундсонды ұсақ-түйекке емес жалпы картинаға назар салу керек деген принципке үйретті.

Эдмундсонның инвестиция салуының мәні — қомақты қаржы табуға болатын «табысты және перспективалы» активтер іздеу емес, жай ғана индекске ақша құю. Эдмундсон компанияға келген дейін қор қаржысының 60 пайызға жуығы осылай жұмсалатын, ол келгеннен кейін инвестициялаудың пассивтілігін шырқау шегіне жеткізді.

Ең алдымен ол оншақты менеджерлерді жұмысынан босатты, жаңа жүйе үшін олардың қажеті жоқ еді. Барлық жұмысты өзі ғана атқара алады. Ұлыбритания Еуроодақтан шығуына байланысты нарықтағы дүрбелең уақытында ол сабырлылық сақтай білді. Референдум күні ол әдеттегідей кешкі сағат 17:00-де жұмыстан кетіп, дауыс берудің қорытындысын білместен ұйқыға жатып қалды. Брексит те және оның брекситке деген бейтараптығы да қор табысына еш әсер еткен жоқ. 

Эдмундсон мұндай «ерекше жұмыс» үшін алатын жалақысы да қомақты емес. Жыл сайынғы еңбекақысы — 127 мың доллар. АҚШ-тағы қаржы нарығындағы миллиондаған боунс алатын менеджерлермен салыстырғанда бұл тиын-тебен сияқты. Қордың шығыны — жылына 18 млн доллар, ал орта есеппен америкалық зейнетақы қордың шығыны әдетте 120 млн доллар.

Барлығы өте қарапайым

Невададағы инвестициялық компания жұмысының жүйесі ерекше болғанымен, әлемдегі ең жалғыз деп айтуға болмайды. Соңғы уақытта жекеменшіктен бастап ірі зейнетақы қорларына дейінгі көпшілік қаржы ұйымдары «пассив» әрекет түріне ауысып жатыр.

Статистика бойынша, соңғы 3 жылда нарықта белсенді жұмыс істеген қорлар 1,3 трлн доллардан айырылған. Ол ақшаның бәрі қарапайым, тәуекелсіз жұмыс істеу стратегиясын таңдаған компанияларға өтті.

Мұны қарапайым түрде түсіндіруге болады. Сатып алынатын әрбір акцияға барыншы терең зерттеу жүргізілетін хедж-қорлардың қызметі қарапайым түрде облигациялар мен бағалы қағаздардың индекстеріне инвестиция салатын қорларға қарағанда қымбат тұрады. Инвестициялау жүйесінің қарапайым болуын да ерекшелігі ретінде атап өтуге болады. Тәжірибе көрсеткендей, қарапайым, тәуекелсіз қорлар өзгелермен салыстырғанда көбірек табыс табады.

Пассив инвестициялау жүйесіне тек мемлекеттік зейнетақы қорлары ғана емес, корпоративті қызметтер де қызығушылықпен қарап отыр. 2012 жылы корпоративті зейнетақы қорларының 19%-ы қарапайым инвестициялық жоспарларды таңдаған, қазір бұл көрсеткіш 25%-ға дейін көбейді. Қайырымдылық қорларында бұл деңгей 40%-дан 63%-ға дейін өскен.

Дегенмен мамандардың сөзінше, тәуекелсіз инвестиция алғашқы кезеңінде тиімді болғанымен, болашақта қауіпті болуы мүмкін. Пассив инвестициялаудың табысы, әдетте, АҚШ-тағы қор нарығының өсімімен байланысты. Ал ол өз кезегінде төмен мөлшерлемелерге тәуелді. Егер өсім тоқтаса, қор индексіне инвестиция салу соншалықты жақсы идея болып көрінбейді.

Қалай дегенмен де, әзірге, невадалық «жалқау инвестордың» стратегиясы қор нарығындағы өз тиімділігін көрсетіп тұр.