Әлемдегі орталық банктердің ең үздік 7 басшысы

818
орталық
Фото:kursiv.kz.

Global Finanсе басылымы «Central Banker Report Cards 2016» рейтингін құрастырып, әлемдегі орталық банктердің ең үздік басшыларын атады. Рейтингте инфляцияны бақылау, тұрақты валюта курсын сақтап отыру және пайыздық мөлшерлемені басқару деген жұмыстары ескерілген. Әлемнің үздік ОБ басшыларын біз де бір қарап, неге ондай атаққа лайық болғандарын түсінуге тырыстық.

«Орталық банк басшылары саяси оқиғалар және шиізат бағасының төмендеуі деген факторлардың әсерінен туындаған қиындықтармен бетпе-бет келуде. Олардың кейбірі мүмкіндіктері де шектелген. Бірақ оған қарамастан кейбір ОБ басшылары өз қызметтерін мүлтіксіз орындап келеді», — деп атап өтеді Global Finance басылымының бас-редакторы Джозеф Джаррапуто.

Карнит Флуг (Израиль банкі)

Флуг 2013 жылдан бері Израиль Банкінің басшысы қызметіне кірісіп, елдегі бұл лауазымға қол жеткізген алғашқы әйел болды. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху оның кандидатурасына қарсылық білдірген. Көпшілігі оны осыған дейін басшы болған, қаржы нарығында өзіндік беделі бар Стэнли Фишермен салыстырып, қолдау таныта қоймады. Бірақ Карнит Флуг табандылық танытып, елдің бюджет және салық саясатымен жұмыс істеуін бастайды.

Тіпті Палестинамен арадағы қақтығыс және елдегі тұрғын үй дағдарысы да кедергі болған жоқ. 2015 жылы Израильдегі инфляциямен салыстырғанда 0,6%-ға артық болды. Осы жылдың шілдесінде шекель долларға қатысты 0,5%-ға және еуроға қатысты 0,9%-ға қымбаттады.

Флугтың Израиль Банкінің төрағасы қызметіндегі жетістігінің бірі — мемлекеттік бюджеттің тапшылығын көбейтуге түбегейлі түрде қарсы болуы. Ол қорғаныс секторын қолдау үшін қосымша қаржы бөлуге де қарсы болды. Осы мәселеге байланысты 2014 жылы елдің қаржы министрі Яир Лапидпен келіспеушіліктер де болған еді. Флуг оның Газа секторында операция жүргізіп, шығындарды жабу үшін бюджет тапшылығын 2,5%-дан 3,5%-ға көтеру деген ұсынысын мүлде орындамай қойды.

Риад Саламе (Ливан Банкі) 

Ливан ОБ-ның ғимаратында 23 жылдан бері тұрақты жұмыс істейтін қызметкер бар. Ол банктың төрағасы Риад Саламе.  Merrill Lynch пен ХВҚ-дағы карьерасын тастап, 1975-1990 жылдар аралығындағы азамат соғысынан кейін құлдырауға ұшыраған елдің қаржы жүйесіне қалпына келтіру жұмыстарын бастады.

Саламе көп нәрсеге қол жеткізді. 1992-1998 жылдары елдегі инфляция көлемі қорқынышты 100% деген көрсеткіштен 5%-ға дейін төмендеді. 2015 жылы елдегі дефляция 3,7%-ды құрады, 1 жыл бұрын көрсеткіш 1,9%-ға тең еді.

Саламе — консервативті тәртіптің адамы. Ливан — саяси тұрақсыз ел, сондықтан ОБ қаржы жүйесін қатаң бақылауда ұстап отыр. Және бұл тәсілдің жемісі де жоқ емес. 2008 жылғы дағдарыс кезінде Ливандағы қор нарығының көлемі ұлғайды. Sunday Times басылымының жазуынша, бұл сол кезде тек 7 елде ғана байқалған.

Хорхе Рауль Корвалан Мендоса (Парагвай ОБ)

Корвалан бұл қызметте 2008 жылдан бері отыр. Парагвайдағы халықтың 34,7%-ы кедейлік белдеуінде өмір сүреді. Дегенмен инфляция көлемі жылдан-жылға төмендеп келеді: 2014 жылы 5%, 2015 жылы 2,9% болды.

Ел экономикасының негізгі табыс көзі — ауыл шаруашылығы. Парагвай президенті Орасио Картес осыған дейін бірнеше рет қаржылай алаяқтығы үшін тұтқындалып, наша саудасына қатысы бар деп күдіктелген. Осындай факторлардың елдегі қаржы жүйесінің тұрақтануына елеулі кедергі болуда. Корваланның қызметіне 2009 жылғы дағдарыс та үлкен сынақ болды. Елдің ОБ монетарлы және фискалды саясатына өзгерту енгізіп, үлкен шаралар жүргізді. Бұл өз нәтижесін беріп, 2010 жылдан бастап-ақ елдегі экономикалық өсім қалпына келді, әліге дейін дамуын жалғастыруда.

Амандо Маглаланг Тетангко (Филиппин Орталық банкі)

Филиппинді ең дамыған елдердің тізіміне жатқызуға болмайды.  Бірақ 2005 жылдан бері елдің ОБ басқаратын Амандо Тетангко бірнеше рет әлемдегі ең үздік ОБ басшысы деп танылған.

«Біз валюта курсын ұсыныс пен сұраныс деңгейі арқылы анықтаймыз. Бірақ  нарықта олардың күрт өзгеріске ұшырап, тым құбылмалы болғанын қаламаймыз», — деген еді Тетангко өз ұйымының саясаты туралы Bloomberg басылымына. Сауатты саясат жүргізу арқылы ол инфляция көлемін де төмендетіп келеді. 2016 жылдың алғашқы 7 айында ол алғаш рет 1,4%-ды құрады.

Эльвира Набиуллина (Ресей Банкі)

Эльвира Набибуллина 2013 жылдың қыркүйегінен бері Ресей Банкінің басшысы қызметінде. The Economist оны Путиннің «оң қолы», ал Wall Street Journal ресейлік экономиканы «қайта қалпына келтіруші» деп атаған. Енді Global Finance басылымы да оның есімін әлемдегі ең үздік ОБ басшылары тізіміне енгізіп отыр.

2016 жылы Ресейдегі инфляция деңгейі 15,5%-дан 6,9%-ға дейін төмендеді, ал рубль долларға қатысты 12%-ға қымбаттады. Элвира Набиуллина басшылығымен рубль курсы еркін айналымға жіберілді, инфляция шектелді. Соңғы мәліметі бойынша Ресейдегі инфляциялық болжамдар 2014 жылдың қазанынан бергі минимумға дейін жеткен.

«Біздің мақсатымыз бюджет саясатын жаңа жағдайға, мұнай бағасының жаңа деңгейіне лайықтау. Мемлекеттік қарыз өсімі бақылаусыз қалып, салық көлемі ұлғаймауы қажет», — деген еді Набиуллина банктың негізгі міндеті туралы. Келесі жылдың соңында Ресей Банкі жылдық инфляция көлемін 4%-ға дейін теңестіруді жоспарлап отыр.

Фай-Нан Пернг (Тайвань Орталық Банкі)

Пернг бұл қызметте 1998 жылдан бері отыр және соның саясаты арқылы Тайвань Орталық Банкі «алтын жұмыртқа әкелетін тауық» деген атаққа ие болды. Барлығы Пернг өз қызметінде болса, қаржылық тұрақтылық үшін алаңдаудың еш қажеті жоқ деп біледі.

Тайвань ОБ қор нарығының ашықтығын ұлғайту үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Осы жылы Ұлыбритания ЕО-тан шығатындығы туралы белгілі болғаннан кейін Пернг күтпеген жерден есеп мөлшерлемесін 1,375%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, нәтижесінде қаржы нарығы инфляцияның көтерілуінен аман қалды. «Қазір Тайвань экономикасының керемет деңгейде емес, бірақ барлық Қытай нарықтарының ішінде оның жағдайы басқаларына қарағанда жақсырақ», — дейді мамандар.

ОБ-тың еңбегі арқылы жергілікті ЖІӨ өсімі де жақсы деңгейге көтерілді. 2015 жылы елдегі дефляция 0,3%-ды құрады.

Марк Карни (Англия Банкі)

Канада азаматы Марк Карни 3 жылдан астам Англия Банкінде еңбек етіп келеді. Осы жыл оның қызметіндегі ауыр сынақтардың бірі болды. Brexit-тен кейін Ұлыбритания экономикасында күрт құлдырау басталды. Бірақ барлық сарапшылар қорыққандай, британдық және еуропалық банктер активтерін сыртқа әкеткен жоқ.

23 маусымдағы референдумның салдарын жеңілдету үшін тамызда Карни пайыздық мөлшерлемені 0,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Сарапшылардың сөзінше, бұл ел экономикасының тоқырауын баяулатуға себеп болған, бірақ өзгелері бұл қадам уақытын бұрын болды деп есептеді. «Ол Англия Банкінің бейтарап институт деген абыройына нұқсан келтірді және Англия Банкінің жұмысын қиындатты», — деді депутат-консерваторлар.

Сондай-ақ жақында Карни ведомствосы банктердің жеке капиталына қойылатын арнайы талаптарын әлсіретіп, тағы да 150 млрд фунт қарыз алатындай мүмкіндік қалдырды. Оның ойынша, алдағы уақытта қандай-да бір күтпеген жағдай орын алса бұл Ұлыбритания экономикасына қосымша көмек болуы қажет.