Әлемнің үздік 7 инновациялық компаниясы

Фото:IGate.com

Forbes журналы жылдағы дағдысы бойынша 2016 жылдың үздік инновациялық компанияларын анықтады. Бірінші орын 2005 жылдан бері Apple компаниясының құзырында.

Apple компаниясы

Бүкіл әлемді инновациялық технологияларымен таңғалдырудан жалықпайды. Компанияның әр ұялы телефоны мен компьютері сан жылдар бойы адамзаттың ыстық ықыласына бөленіп келеді. Apple өнімдерінің өзгелерден ең басты айырмашылығы – оны қолданудың қарапайымдылығында. Егер «Айфон» немес «Айпадты» сатып алсаңыз , оның   операциялық  жүйесін  өңдеп, өзге смартфондарға секілді   қосымша бағдарламаларды басып жатпайсыз. Себебі қажет косымшалардың барлығы сатылымға шығардан бұрын телефонға орнатылып қойылады. Стив Джобс та, оның серіктестері де нарыққа өнімдерін бірінші кезекте  табыс көру үшін шығармаған. Компанияның негізгі мақсаты — инновациялық технологияларды шығару және оны дамыту.

 Стив Джобс әрдайым өнімдердің дизайыны қарапайым әрі көрікті болуына үлкен мән берген. 1980 жылдардағы Apple өнімдерінің өзі ерекше әрі тартымды дизайнымен, қарапайымдылығымен қолданушылардың сүйікті құрылғыларына айналған.  Сондай-ақ Apple өнімдері жарнамалауды талап етпейді. Байқағаныңыздай жыл сайын жаңа «Айфонның» шығуы жанкүйерлер, компания қызметкерлері,  тілшілер үшін маңызды тарихи сәттердің бірі. «Айфон 6  смартфонының  сатылымына санаулы күн қалғанда жанкүйерлер  Apple Store дүкендерінің алдында бірнеше күн түнеген болатын.

Google компаниясы 

Америкалық ұлтаралық Google әлемдегі ақпарат алу және алмасу бойынша ең үздік компаниялардың бірі. Google компаниясының басты өнімі —  оның іздеу жүйесі. Ол күніне 1,35 млрд , айына 40 млрд сұранысты өңдейді. Бұл  ғаламдық іздеу жүйесінің   62%-ын құрайды. Жүйе 200 тілде ақпарат алуға мүмкіндік береді. 25 млрд web парақшаларды индекстейді. Gmail поштасы  50 тілде пайдаланылады.

Google 2010 жылдан бастап орташа есеппен айына бір компанияны иемденеді. Компания әлемді инновациялық технологиялардың көмегімен көркейтуді өзінің басты мақсатына  айналдырған. Компанияның  бірден-бір жетістігі — қолданушылардың оған деген сенімділігінің жоғары болуында. Сондай-ақ компанияда  заманауи машиналардың көмегімен еңбектің барлық түрлері атқарылады. Осы арқылы Google жұмыс тиімділігін арттырып қана қоймай, қызметкерлерге берілетін жалақы мөлшерін де қысқартуға мүмкіндік алады.

Компанияның үздік жобаларының барлығы қызметкерлердің бір-бірімен ақылдасуы, кеңесуінің, бірігіп жұмыс істеуінің нәтижесінде туған. Жоба интернетке шықпас бұрын бес — алты апта бойы өңделеді. Болашақ өнімді  компания басшылығы жетілдіруге рұқсат берген жағдайда, оның алғашқы бета-нұсқасы интернетте жарық көреді. Компания ұялы телефондарға түрлі қосымшаларды шығарумен қатар, смартфондарды да өндіреді. Компанияның келешектегі ең ауқымды жобасы «Ғарыштық лифт» деп аталады. Бұл лифт арқылы адамдар ғарышты бақылауға мүмкіндік алады. Инновациялық технологиялардың заманында адамның өмірін Google іздеу жүйесінсіз елестету қиын.

Tesla Motors компаниясы

Әлем бойынша электр көліктерді шығаратын компаниялардың үздігі. Тесла Моторстың атақ-даңқы жетекші Toyota, Audi, Mercedes,  BMW, Jeep көліктерінен кем түспейді. «Тесла Моторстың» жетістігі тікелей үш фактормен байланысты.

Біріншіден,   компания өз жұмысын бастаған жылдардың өзінде көліктермен қатар аккумуляторлы батареяларды шығарды.  Өзге авто өндірушілер үшін электрокар батареяларын  жасау ерсілік болды. Себебі олар тек  көліктің қозғалтқышы мен базасын құрастыруды жеткілікті санады.   «Тесла» болса үлкен жауапкершілікті мойнына алып, көліктермен қатар, электро батареяларды шығаратын компания ретінде өз  беделін қалыптастырды.  «Тесла» әрдайым технологиялардың дамуын бақылайды.  Екіншіден, ол Panasonic компаниясынан 18650 цилиндрлік бөлшектерді сатып алып, энергияны басқару жүйесін, бағдарламалық жүйені өндіреді.  Үшіншіден, компания өзінің литий-ионды батареяларын  «Панасониктен» сатып алады. Компанияның ең алғашқы Elise моделі бензинмен жүретін Lotus Cars көлігінің  тек электр жүйесіне ауыстырылған түрі. Тесла қызметкерлерінің басым бөлігі бұрын-сонды автомобиль өнеркәсібінде жұмыс істемегендіктен, Lotus Cars көлігін  көшірген. Электр тогымен жүретін көліктердің дизайны мен сапасы бензинді көліктерден кем түспейді. Компанияның  Tesla Roadster, Tesla Model S, Tesla Model X көліктері BMW, Mercedes көліктерінің құнымен бірдей.  Олар 2017 жылы мекеме Model 3 көлігін шығаруды жоспарлап отыр.

Microsoft

Компьютер, телефонға бағдарламалық жабдықтама өндіруден әлемдегі ең үздік компания. Оның тарихы 1975 жылдан басталады. Билл Гейтс 20 жасында    Пол Алленмен бірігіп, Altair 8800 компьютерлеріне Basic атты бағдарламалау тілінің интерпретаторын орнатумен айналысты. Компьютер өндіруші компаниялардың арасында Basic ең үздік жабдықтама саналды. Бір жылдың ішінде  Microsft  1  млн доллар табыс тапты.

Бүгінгі күні компания тек бір Windows операциялық жүйесімен шектеліп қоймай, Visual Studio, Visual FoxPro, Xbox бағдарламаларын жетілдірумен айналысады.   Егер компания тек компьютерлерге арналған бағдарламаларды шығарады деп ойласаңыз,  қателесесіз. Компания 2015 жылы өзінің алғашқы Surface Book деп аталатын ноутбугын көпшіліктің назарына ұсынды. Ноутбуктың презентациясында оның Apple компьютерлеріне қарағанда екі есе тиімді жұмыс істейтіндігі ескерілді. Ноутбукты дұрыс пайдалана білсеңіз, оның қуаты 12 сағатқа дейін жетеді. Сонымен қатар, Windows телефондарының сапасы да сіздің көңіліңізді қалдырмайды. Егер ұялы телефоныңыз Windows Phone 8.1 жүйесінде жұмыс істесе, ондағы мәліметтерді Windows жүйесі орналасқан барлық құрылғыларда сақтай аласыз. Windows смартфондарының HTC Windows Phone 8,  Microsoft Lumia 640 3G  Dual Sim,    Microsoft Lumia 550 және 650 деген түрлері ең көп тараған.

Amazon

Алғашында тек кітаптар сататын интернет-дүкен ретінде құрылған Amazon бүгінде әлемдегі инновациялық жетекші сайттардың бірі. Интернет-дүкеннің негізін қалаушы Джефри Безостың сөзінше, ол үшін дүкеннің қай бағытта жұмы істейтінін анықтау қиынға соққан.  Алайда кітапқа деген қоғамның үлкен сұранысы, сонымен қатар , ескі кітаптарды қайта өңдеп сатуға болатынын түсінген ол, сайтты кітап дүкеніне айналдырған.

Amazon арқылы сатылған алғашқы кітап Дуглас Хуштафердің туындысы болды. Жаңадан құрылған сайт  бір айдың ішінде Американың барлық штаттарына және 40-тан аса мемлекетке тауарларын жөнелтті. Сайттың Amazon  деп аталуының екі себебі бар. Біріншіден, А әріпі  алфавитте бірінші тұрып, анықтамалықтарда, каталогтарда адам назарын бірден сайтқа аудартады. Екіншіден, Амазонка — әлемдегі ең ірі өзен. Компания басшылары интернетті де осы өзен секілді ірі деп біледі. Ол арқылы сайт өнімдері әлемнің барлық мемлекеттеріне тарап шығады деген қағиданы ұстанады.

Бүгінде Amazon онлайн-дүкенінде  кітаптан бөлек, тауардың 34-тен астам түрін сатып алуға болады. Сайт қолданушыға аз ғана уақыттың ішінде қажетті тауарды сатып алуға мүмкіндік береді.  Сайттан сіз өзіңізге  қажет тауардың бірнеше түрін қарап шығып, ішінен үздігін таңдай аласыз.

Netflix

Netflix — интернет арқылы фильмдер мен сериалдарды көруге мүмкіндік беретін  америкалық компания. Компанияның негізін 1997 жылы Рид Хвастинг пен Марк Рандольм қалаған. Олардың ең алғашқы жетістігі  VHS кассеталарының жойылып, орнына DVD дискілерінің келуімен байланысты. Диск кассетаға қарағанда екі есе тиімді жұмыс атқарды.

Компанияның әлемде 69 млн клиенті бар. 2016 жылдан бастап Қазақстан, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Индия елдері үшін де Netflix сайтынан қалаған фильмдерді көруге мемлекет тарапынан рұқсат берілді. Netflix  Smart TV, iOS, PC, Mac OS  жүйелерінің қосымшаларында жұмыс істейді.

Сапалы контент қалыптастырудан он жылдан астам тәжірибесі бар   HBO сынды каналдармен бәсекеге түсу екінің бірінің қолынан келмейді. Алайда Netflix үшін мүмкін емес дүние жоқ. Компанияның басты саясаты —  дарынды адамдарды компания  қызметіне  орналастырып, оған өз қалауы бойынша жұмыс еркіндігін беру.  Netflix осы әдісті қолданып,  режиссер Дэвид Финчердің көмегімен сапалы өнім шығарды. «House of Cards» деп аталатын сериал каналдың рейтингін HBO-мен теңдей дәрежеде болуына септігін тигізді.

Samsung

Оңтүстік Кореялық Samsung компаниясы жоғары сапалық өнім жасау арқылы қоғам жағдайының жақсаруына үлкен мән береді. Компания  әлеуметтік зерттеулерге сүйеніп, өнімдерін  жылдан-жылға жетілдіруді дағдысына айналдырған. Ол көпшілік ойлайтындай ұялы телефон, тұрмысқа қажетті технологияларды шығарып қана қоймай, химия және ауыр өнеркәсіп салаларымен де айналысады. Сонымен қатар, Samsung әлемдегі кеме жасайтын ірі компаниялардың бірі.  Кезінде  Оңтүстік  Кореяда қарапайым  электроника компаниясы саналған Самсунгтың бүгінгі күні дәрежесі «Айфоннан» кем емес.

Компания ұялы телефондарды 1988-жылдан бастап өндіреді. Оның ең алғашқы телефоны Корея экономикасының дамуына үлкен үлесін қосты.  Сонымен қатар, ол — Кореяның телебайланыс индустриясындағы  ең алғашқы отандық өнімі.   «Самсунг» смартфондарына сұраныс Galaxy S моделі жарық көрген кезде арта түсті. 2011 жылы Galaxy S2 смартфоны сатылым бойынша «Айфонды» артқа қалдырып, әлемдік нарықта өз орнын қалыптастырды.

Айару Өтенбаева «7»