МЮНХЕН – Қазір – әлем тарихындағы ең қиын сәт. Ашық қоғам дағдарыста, ал Владимир Путин басқаратын Ресейді үлгі тұтқан диктаторлық және мафия мемлекеттер бас көтеріп келеді. Дональд Трамптың АҚШ-та өзінің мафия стиліндегі мемлекетін құрғысы бар, бірақ Конституция, басқа институттар және белсенді азаматтық қоғам бұған жол бермейді.

Тек азаматтық қоғамның ғана емес, бүкіл өркениеттің тағдыры қыл үстінде тұр. Солтүстік Кореяда Ким Чен Ын, АҚШ-та Дональд Трамп сияқты көшбасшылардың шығуы бұған көп әсер етіп жатыр. Екеуі де өз билігін сақтап қалу үшін ядролық соғысқа барудан тайынбай отыр. Бірақ мәселенің мәні бұдан да тереңде жатыр. Адамзаттың табиғаттың күштерін конструктивті және деструктивті мақсаттарға пайдалану әлеуеті артып барады, ал өзімізді бақылау мүмкіндігіміз тым құбылмалы, тіпті қазір тым төмендеп кетті.

Америкадағы интернет платформасы негізіндегі алып компаниялардың ұлғайып, монополияға айналуы АҚШ үкіметінің күш-қуатына әсер етіп жатыр. Бұл компаниялар қоғамға инновация мен еркіндік әкеліп жүрген. Дегенмен, Facebook пен Google тіпті қатты күшейіп, инновацияға кедергі келтіріп, түрлі проблемалар тудыра бастады, біз бұларды енді ғана байқап отырмыз.

Компаниялар табиғатты пайдалану арқылы табыс табады. Тау-кен және мұнай компаниялары физикалық ортаны пайдаланса, әлеуметтік медиа компаниялары қоғамдық ортаны пайдаланады. Бұл тіпті қорқынышты, себебі аталған компаниялар адамдардың ойлау жүйесіне, іс-әрекетіне білдіртпей ықпал етіп жатыр. Бұл демократияның жұмыс істеу қабілетіне, сайлаудың біркелкі өтуіне әсер етті.

Желі болғандықтан Интернет-платформа негізіндегі компаниялардың шекті табысы еселеніп жатыр, бұл олардың жылдам өсуіне де осы себепкер болды. Желі эффектісі – ерекше, өзгермелі құбылыс, соған қарамастан ол тұрлаусыз. Қолданушы санын миллиардқа жеткізу үшін Facebook-ке  8,5 жыл уақыт керек болды, ал екі миллиардқа жету үшін осы уақыттың жартысы кетті. Осы қарқынмен үш жылдың ішінде Facebook-қа кіретін адам қалмауы мүмкін.

Facebook пен Google цифрлық жарнама табысының жартысын бақылауда ұстап отыр. Осы ықпалын сақтап қалу үшін олар желісін кеңейтіп, қолданушылардың назарын аудару жолында күресе беруі керек. Қазір олар қолданушыларға ыңғайлы платформа беру арқылы ойын жүзеге асырып отыр. Қолданушылар онда неғұрлым көп уақыт өткізсе, олардың компаниялар алдындағы құны соғұрлым өсе түседі.

Оның үстіне, платформаны қолданудан бас тарта алмайтындықтан және тиісті ережелердің барлығын мойындауға мәжбүр болатындықтан, контент ұсынушылар да әлеуметтік медиа компанияларының табысын еселеп жатыр. Әрине, бұл компаниялар өз платформаларында жарияланған жарнаманың мазмұнына жауапкершілікті мойнына алмауының арқасында ерекше көп табысқа кенеліп отыр.

Компаниялар «тек ақпарат таратып отырмыз» деп ақталады. Дегенмен, іс жүзінде монополист таратушы болғандықтан, олар коммуналдық мекемеге айналып отыр, сондықтан олар бәсеке, инновация, әділ де ашық қолжетімділік принциптерін сақтау мақсатында қатаң реттеуді қолға алуы керек.

Әлеуметтік медиа компанияларының нағыз клиенттері – жарнама берушілер. Бірақ қазір бизнестің жаңа моделі қалыптасып келеді, онда тек жарнама беріп қоймай, өнімдер мен қызметтерді қолданушыларға тікелей сата алады. Олар табыстың көбін өзіне алып қалу үшін өздері бақылап отырған мәліметті пайдаланып, өз қызметтерін ұсынады және дискриминациялық баға орнатады. Басқаша жағдайда олар табысты клиенттермен бөліскен болар еді. Бұл олардың табысын одан сайын арттыра түседі, бірақ қызметтерін тықпалап, дискриминациялық баға ұсынғандықтан, олар нарықтық экономиканың тиімді жұмыс істеуіне кедергі жасайды.

Әлеуметтік медиа компаниялары қолданушылардың назарын манипуляциялап, оларды өздерінің коммерциялық мақсаттарына бағыттау арқылы, өздері ұсынатын қызмет түрлеріне мақсатты түрде тәуелді ету арқылы қолданушыларын алдап отыр. Бұл әсіресе жасөспірімдер үшін өте ауыр болуы мүмкін.

Интернет платформа мен құмар ойын арасында ұқсастық бар. Олар клиенттері тіпті қолында жоқ ақшасына дейін тігіп жіберетіндей арбау әдістерін қолданады.

Біздің цифрлық ғасырымызда адамның назары да осындай арбауға түсіп жатыр. Бәлкім мұны кері қайтару мүмкін емес те шығар. Бұл – назарды аударту не тәуелділік қана емес.  Әлеуметтік медиа компаниялары іс жүзінде адамдарды жеке бас тәуелсіздігінен бас тартуға көндіріп жатыр. Және адам назарын аударудың осы бір тетігі бірер ғана компанияның қолына шоғырланып келеді.

Джон Стюарт Милл «сана еркіндігі» деп атаған бұл құбылысты бекітіп, қорғау үшін біраз күш керек. Цифрлық ғасырда туып-өскендер оны жоғалтып алса, кері қайтару қиын болуы мүмкін.

Мұның салдары ұзаққа созылуы ықтимал. Сана еркіндігі жоқ адамдарды манипуляциялау оп-оңай болмақ. Бұл – болашақта болатын қауіп емес, ол 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауында рөл ойнап үлгерді.

Мұның ар жағында бұдан да үлкен бір қауіп тұр. Авторитарлық мемлекеттер ірі, мәліметке бай IT монополиялармен ауыз жаласып, жаңа қалыптасқан корпоративтік бақылау жүйесі мемлекеттің қоластындағы, жетілген бақылау жүйесімен бірігіп кетуі мүмкін. Бұл тіпті Джордж Оруэлдың қиялына да кірмеген тоталитарлық бақылау торын орнатуы мүмкін.

Мұндай зиянды одақ ең алдымен Ресей мен Қытайда қалыптасуы ықтимал. Әсіресе Қытайдың IT компаниялары АҚШ платформаларынан бір кем емес. Олар, сондай-ақ, Төраға Си Цзиньпин режимінен толық қолдау көріп отыр. Қытай үкіметі ұлттық көшбасшыларын тым құрығанда өз шекарасының аумағында қорғауға қауқарлы.

Америкадағы IT монополиялары осы ауқымды да тез өсіп бара жатқан нарыққа кіруден дәмеленіп, компромиске баруға қазірден ұмтылып отыр. Бұл елдердің диктатор басшылары өздерінің халықты бақылау әдістерін жақсартып, билігін кеңейтіп, АҚШ-қа және әлемнің басқа жерлеріне ықпалын күшейту үшін олармен ауыз жаласуға өте-мөте мүдделі.

Оның үстіне, платформа монополистерінің үстемдігі мен теңсіздіктің артуы арасында байланыстың бар екені айқындалып келеді. Акциялар үлесінің аз ғана адамның қолына шоғырлануы рөл ойнайды, бірақ ақпараттық технология алыптарының ерекше позицияда болуы маңызды. Олар бір мезетте өзара бәсекелесе отырып монополистік билікке қол жеткізді. Бәсекелес деңгейіне көтеріле алатын стартаптарды жұтып қоюға бұлардың ғана күші жетеді, басқа елдердің аумағына кіруге бұлардың ғана ресурсы жетеді.

Платформа алыптарының қожайындары өздерін жер-жаһанның егесі санайды. Іс жүзінде, олар – үстем позициясын сақтап қалу мүдделерінің құлы. Олар жасанды инеллект ашып жатқан дамудың жаңа салаларында, мәселен жүргізушісіз көлік шығаруда, үстемдік ету үшін жанталаса күресуде.

Бұл инновациялардың жұмыссыздыққа әсері үкіметтің саясатына байланысты болмақ. Әлеуметтік саясат саласында АҚШ-қа қарағанда Еуроодақ, соның ішінде әсіресе Солтүстік Еуропа елдері әлдеқайда алысқа көз салып отыр. Олар жұмыс орындарын емес, жұмысшыларды қорғап жатыр. Олар орнын роботтарға берген жұмысшыларды қайта оқытуға не зейнетке жіберуге ақша төлеуге әзір. Соның арқасында Солтүстік Еуропа жұмысшылары өздерін анағұрлым қауіпсіз сезінеді, Америка жұмысшыларына қарағанда технологиялық инновацияларға көбірек қолдау білдіреді.

Қоғамды өз әрекеттерінің салдарынан қорғауға Интернет монополистерінің құлқы да, ниеті де жоқ. Бұдан олардың қоғамға қаупі арта түседі, сондықтан реттеуші органдар әлеуметті олардан қорғауы керек. АҚШ-тағы реттеушілер монополистердің саяси ықпалына төтеп беретіндей қауқарлы емес. Мұнда Еуроодақтың жағдайы жақсы, себебі оларда платформа алыптары жоқ.

Еуроодақ монополиялық үстемдікке АҚШ-тағыдан басқаша анықтама береді. АҚШ заңдары тек сатып алу кезіндегі монополияға назар аударса, Еуроодақ заңдары қандай жолмен жетсе де, монополиялық билікті шектен тыс пайдалануға тыйым салады. Еуропада жеке өмір мен мағлұматтарды қорғауда заң анағұрлым пәрменді.

Оның үстіне, АҚШ заңында келтірілген зиянды пайдаланған қызметтің құнымен есептейтін біртүрлі ереже бар. Ал мұны дәлелдеу өте қиын, себебі ірі Интернет платформалары қызметтерінің көбін тегін ұсынады. Оның үстіне, бұл ережеде платформа компаниялары қолданушылардан жинайтын құнды мағлұматтар туралы ештеңе айтылмаған.

Еуроодақтың Бәсеке жөніндегі комиссары Маргрет Вестэджер – Еуропа әдісін жақтаушылардың бірі. Google-ға қарсы істі жинақтауға Еуроодақ жеті жыл уақыт жұмсады. Десе де, оның жетістікке жеткенінің арқасында лайықты реттеу шараларын заңдастыру жылдам қолға алына бастады. Оның үстіне, Вестэджердің ерен еңбегінің арқасында Еуропаның тәсілі АҚШ-тағы көзқарастарға да ықпал етіп келеді.

Америка Интернет компанияларының үстемдігін тоқтату – тек уақыт еншісіндегі нәрсе. Вестэджер қолға алған реттеу және салық салу ережелері бұл үстемдікті келмеске кетіреді.

Автор туралы: Джордж Сорос – «Сорос қоры» басқармасының және «Ашық қоғам» қорларының төрағасы, «Еуропа одағының трагедиясы: ыдырау ма, қайта тұру ма?» деп аталатын кітаптың авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2018. www.project-syndicate.org