Өлместің күнін кешкендер

840
Фото: Petare

Біраз жылдан бері экономикалық көрсеткіштері өзгермей, құлдыраудың қалыпты деңгейіне түскен  елдердің жайы күн өткен сайын қиындап барады. Сарапшылар «кейбір елдердің ЖІӨ өспей, қарызы көбейіп, еріксіз девальвацияға ұшырауы үйреншікті болып кетті» дейді.  Оның үстіне, Венесуэланы бұрын болмаған 1640 пайыз инфляция күтіп тұрғанда қайта қалыпқа келу туралы әңгіме айту да қиын.  

«Шетелден нан алып келейінші»

Венесуэлада тауарлар бағасы 2016 жылы – 480 пайызға, 2017 жылы 1640 пайызға өседі. Бұлай деп ел үкіметіне Халықаралық валюта қоры ескерткен еді. Бірақ президент Мадураның Вашингтон сарапшыларына құлақ асуы екіталай. Елдің халықаралық валюта қорымен араласпағанына биыл 10 жыл болады. Мемлекет қымбат мұнайды қаржының негізгі көзі ретінде көріп келген, қазір, міне, соның кесірін көріп жатыр. Бірақ билік Чавестің кезінде қалыптасып кеткен басқару жүйесіндегі қателіктерді мойындағысы да келмейді.

Қазір Венесуэлада ұзын-сонар кезексіз дүкен жоқ. Мұндай дефицит голланд ауруы (ел тек мұнайдан түскен пайдаға күн көріп, ауыл шаруашылығы секілді салалар мүлдем тоқтады) және мұнай бағасын дұрыс бекітпеу (сырттан келетін қаржылай көмек тоқтап қалды да, шетелден тауар сатып, я сатып алу мүмкін болмады) секілді екі шешуші фактордың қатар келуінен болды. Сондықтан адамдар бірдеңе сатып алу үшін дүкенде сағаттап тұрады. Ал Николас Мадуро  «бұл — халықтың наразылығын тудыру үшін шетелдің істеп отырған қасақана әрекеті» деп ақталады.

Ол аз болғандай билік экономиканы қорғаныс министрі Владимир Лопестің басқаруына беріп қойған. Datanalisis агенттігінің ақпаратына сәйкес, ел астанасында күнделікті өмірге ең қажетті тауарлардың 80 пайызы жоқ. Bloomberg агенттігі Венесуэланы ең бақытсыз ел (инфляция + жұмыссыздық = бақытсыздық индексі, 2016 жылдың басында бұл елдің көрсеткіштері 159,7 пайызға жетті) деп санады. Одан бөлек, билік 20 жылдың ішінде мыңнан аса кәсіпорынды мемлекеттендірген. Халықтың тамақ пен керек-жарағын сатып алу үшін көршілес Колумбияға баруына (көлікпен емес, жаяу – жанармай бағасы 60 есе қымбаттап кеткен) тура келеді. BBC-дің деректеріне сай, демалыс күндері 100 мыңнан астам венесуэлалық шетелге керек заттарын сатып алу үшін шығады.

Фото: Jorge Silva / Reuters
Фото: Jorge Silva / Reuters

Статистика да әдеби шығарма

12 шілдеде Ирландияның орталық статистика басқармасы елдің ЖІӨ-і рекордты көрсеткішке жеткенін хабарлады. 2015 жылы елдің экономикасы 26 пайызға өскен, одан бөлек жыл сайынғы өсу 7,8 пайыз болады деп болжам да жасалған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.

Өндіріс пен құрылыс саласы 88 пайызға артып, өсімге ең көп үлес қосқан салалар ретінде танылып отыр. Ауыл шаруышылығының табысы 10,3 пайызға көбейген. «Біздің экономикамыз өте кішкентай. Мұндай нәтижеге елімізде активтер саны көбейгендіктен жеттік», — дейді басқарма өкілі.

Шынында да, 2015 жылы көптеген трансұлттық компаниялар салықты аз төлеу үшін (максималды шамасы – 12,5 пайыз) Ирландияда тіркеле бастаған. 2013 жылы олардың активтері 391 миллиард еуро еді, 2014 жылы 523 миллиард еуроға бағаланып отыр. Осындай компаниялардың табысы ЖІӨ шығарғанда есепке алынған. Жоғары көрсеткіштердің қайдан шыққаны енді түсінікті болды.

Ал экономист Джим Пауэр мұндай көрсеткіш тұрақты еместігін, әр статистика мерзімдік факторлар негізінде жасалғаннын айтады. «Сондықтан, ешкімді алдамай, жұмыссыздық мөлшері мен тұтынушылар деңгейін де ескерген дұрыс», — дейді маман.

Фото: Cathal McNaughton / Reuters
Фото: Cathal McNaughton / Reuters

Британдық The Financial Times басылымы орталық статистика басқармасының мұндай мәлімдемесінен соң «Ирландия әрдайым өзінің жазушыларымен мақтанған, олардың көп шығармасы әлемдік классика қатарына оп-оңай  кіріп жатады. Енді мына статистиканы әдебиеттің жетістігі дейміз бе, әлде экономиканың ғажайыбы деуге бола ма?» деп, мәліметтің жалғандығын кекете жазды. Экономистердің айтуынша, корпорациялардың көптеп келуі елде жұмыс санының артуына, я халықтың әл-ауқатының жақсаруына мүлдем әсер етпеген. Ирландықтардың өзі мұндай статистиканы естісе ашуланатыны анық, себебі олар биліктің 2008 жылғы дағдарыс кезінде Англиядан, Германия мен Франциядан шұғыл көмек сұрағанын ұмытпаған, оның үстіне ел сегіз жыл бұрынғы дағдарыстан  әлі де құтылмады.

Математик халық

Зимбабенің Ұлттық банк төрағасы Гидеон Гоно 2009 жылы Нобель сыйлығының кері түрі – ең күлкілі және ешкімге қажеті жоқ ашылулар үшін берілетін Шнобель премиясын математиканы насихаттағаны үшін иемденді. Оған себеп, Орталық банк 1-ден 100 триллион Зимбабе долларына дейінгі банкноттарды шығарып, бүкіл ел есебін шығара алмай, қосып, алып, көбейтіп кетті.

Мұндай үлкен келеңсіздіктер кешірілмейтін қателіктердің салдарынан болған. Алдымен байлардың жерін тартып алып, кедейлерге таратып берді. Сосын «Зимбабеге келген шетелдік компаниялар тек қара нәсілді адамдарды ғана жалдай алады» деп заң шығарғаны сол еді, инвестиция тыйылып, экономика құлдырай бастады. Осылайша инфляцияның өрши түсуіне өздері «жағдай жасады».

Гидеон Гоно 2003 жылдан бастап Ұлттық банкті басқара бастады. Ол кезде инфляция 600 пайыздың аржақ-бержағында жүретін. 2009 жылдың қаңтарында адамның ойына да келмейтін 231 млн пайызға дейін көтеріліп кетті. Сосын «енді адамдардың бірдеңе сатып алуға мүмкіндігі болсын» деп, Ұлттық банк айналымға 100 трлн долларлық купюра енгізді. Сонымен қатар, ол ақшалардың жарамдылық мерзімімен шығатынын айта кеткен жөн – уақыты келсе  банкноттар ешкімге қажеті жоқ қағаз боп шыға келеді.

Фото: Jürgen Bätz / DPA / Globallookpress.com
Фото: Jürgen Bätz / DPA / Globallookpress.com

2008 жылы нарықта 100 мың Зимбабе долларына 1 АҚШ долларын беретін. Бірнеше аптадан соң 1 АҚШ долларын алу үшін жергілікті 16,7 млн  доллар әкелуге тиіс боласыз. Үкіметтің жасамағаны жоқ – алдымен 10 нөлді, кейін 12-сін алып тастады, — көмектеспеді. Америкалық доллардың курсы 13 трлн Зимбабе долларына дейін көтерілді. Ақыры бұл ұлттық валютаны айналымнан шығарып,  АҚШ доллары мен оңтүстікафрикалық рэндті ғана қалдырумен аяқталды.

Ақылын аламын деп, қарызға батқан Аргентина

The Telegraph газеті өткен жылдың сәуірінде «әлем бұрын болмаған дефолтқа дайындалу керек» деп ескерткен еді. 2008 жылы дағдарыс бастала сала G7 (Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, АҚШ, Франция және Жапония) елдері ЖІӨ-нің 120 пайызын құрайтын мемлекеттік қарызға әбден батқан. Алдағы  дағдарыстың негізгі себебі шығын алып келетін облигациялар болмақ. Еуроаймақ өңірде қандай да бір экономикалық жылжу болу үшін несиеге бергенде базалық мөлшерлемені нөл пайызға теңестіріп береді.

Ең сорақысы бұл емес. Аргентина тарихта болмаған дефолтты бастан кешірді. Олар негізі бұлай болады деп ойлаған жоқ. Халықаралық валюта қорының айтқанын тыңдап, 90-жылдары реформа енгізген. Өздерінің валютасы песоны долларға тәуелді етіп, шетелдік инвесторларға салықтан жеңілдік қарастырып берді. ЖІӨ жылдам өсіп жатты, әлем Аргентинада экономикалық ғажайып болады деп сенді.

Бірақ долларға тәуелділік аргентиналық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігінен айырды. Шетелдік тауарлар нарыққа көптеп кіріп, бюджет тапшылығы өрши түсті. Оны жамау үшін мемлекет несие ала бастады. Қарыз бергендердің ішінде ХВҚ да бар. Осылайша Аргентина экономикасы 1999 жылы 4 пайызға құлдырады.

Фото: Reuters
Фото: Reuters

2000-2001 жылдары елден қаржы ағыны күшейе түсті. Тұрғындар песода жинаған депозиттерін алып, долларға айналдырып тастады. Банк жүйесін сақтап қалу үшін билік салымдарды алуды бір жылға шектеп тастады да, азаматтар өз ақшасын белгілі бір көлемде ғана ала алды. Жұмыссыздық 20 пайызға дейін құлдырады.

Кейін Аргентина халықаралық валюта қорынан қайта қаржы сұрады, бірақ қор беруден бас тартты. Сонда үкімет 95 млрд долларға дефолт жариялады. 2014 жылы бұл жағдай қайталанды, бірақ ол кездегі қарызы 1,3 млрд доллар еді.

Аян ҚАЛМҰРАТ, «7»