Лондон соты «Қазақстан Қағазының» бұрынғы директорлары кінәлі деген шешім шығарды

Қағазы
Фото: valerie-legrand-avocat.fr

Алматы. 29-қаңтар. 7kun.kz — Лондонның Жоғарғы соты «Қазақстан Қағазы» АҚ-ның бұрынғы директорлары Мақсат Арип пен Шынар Диханбаеваны ірі алаяқтық ісі бойынша кінәлі, деп таныды. Бұл туралы thisismoney.co.uk сайты хабарлады.

Оларға қарсы ақшасынан айырылған акционерлерге өтем төлеп беру туралы шешім шықты. Айта кету керек, бұл үдеріс бес жылға созылды. Шағым сомасы 183 млн фунт стерлингті құрады. Алайда нақты ұйғарылған сома келесі айда жарияланады.

Басылымның хабарлауынша Арип және Диханбаева бас директор және қаржылық директор қызметін 2004-2009 жылдар аралығында атқарған.

Айта кетейік, бұл іс бойынша 2013 жылы «Қазақстан Қағазы» Жоғарғы сотқа шағым түсірген еді. Себебі Лондон қор биржасында бағалы қағаздарды орналастырудан  түскен 494 млн фунт стерлингтің басым сомасы жоғалып кеткен.

Бұрынғы директорлар компанияның ақшаларын заңсыз сатып алумен, соның ішінде құрылыс жобалары мен жерді сатып алғандары үшін айыпты. Шағым бойынша жалпы сома 183 млн фунт болды.

«Қазақстан Қағазының» ақпараты бойынша, айыпталушылардың әрекеттері компанияға үлкен зиян келтірді. Компания кредиторлар алдындағы берешектерін өтей алмады. 2016 жылы компания акциялары қор биржасындағы баға белгілеуінен алынып тасталды.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы «Қазақстан Қағазы» компаниясының таза шығыны 1,3 млрд теңгеге жеткен.