Ұлттық банк инфляция туралы тараған жалған ақпаратты жоққа шығарды

ұлттық банк
Фото: egemen.kz

Алматы. 20 маусым. 7kun.kz – Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ мессенджерлер арқылы аудиофайлдарды тарату жолымен теңгенің айырбастау бағамы үшін тәуекелдерге, сондай-ақ инфляция деңгейінің өсуіне қатысты ақпарат негізсіз таратылуда. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіндігін мәлімдейді.

Қазіргі уақытта айқын және елеулі тәуекелдер жоқ. Жылдық инфляция нысаналы дәліздің ішінде төмендеуін жалғастыруда және мамырда 6,2% болды. Жыл басынан бастап инфляцияның барлық құрауыштары – азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар, сондай-ақ халыққа арналған қызметтерге қарқынның төмендеуі байқалады.

Елдегі инфляциялық процестерге әсер ететін факторлар қолайлы. Инфляциялық күтулер де төмендеуде, мамырда бұл көрсеткіш 6,0%-ды құрады.

Мұнайдың әлемдік нарығы тарапынан теңгенің айырбастау бағамына қолайлы әсер байқалады. Мұнай бағасы орташа алғанда бір баррель үшін 70 АҚШ долларына жуық деңгейде қалыптасуда. Соның салдарынан елдің төлем балансы жақсаруда.

Соңғы уақытта байқалып отырған теңгенің айырбастау бағамының шамалы ауытқуы ең алдымен демалыстар маусымына орай шетел валютасына маусымды сұраныстың артуына байланысты. Тағы бір фактор АҚШ ФРЖ мөлшерлемелерінің артуы болып табылады, нәтижесінде әлемдік нарықтарда АҚШ долларының нығаюы және дамушы нарықтардан капиталдың шамалы әкетілуі байқалады.

Ұлттық Банк дәйексіз ақпараттың авторларын және таратушыларын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына жүгінді.