Ұлттық экономика министрі ірі кәсіпорындарды бизнесті қолдау бағдарламасынан шығаруды ұсынды

экономика
Фото: today.kz

Алматы. 8 тамыз. 7kun.kz — Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының қатысушылары қатарынан ірі кәсіпорындарды шығарып тастауды ұсынды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі үкімет отырысында мәлімдеді.

«Біз талдау жасадық, бағдарламаны жүзеге асыру уақытында 25 пайыз қаражатты ірі кәсіпорын субъектілері пайдаланған. Олардың басқа да мүмкіндіктері бар. Мысалы, Қазақстанның Даму банкі немесе БРК-Лизинг, инвестициялық субсидияларды пайдалану, «Қазақ экспорт» құралдары. Ірі кәсіпорындар кез келген жағдайда да басқа қолдау таба алады. Ал  «Бизнестің жол картасы — 2020″ бағдарламасын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне бағыттауымыз керек», — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Одан бөлек, шағын және орта бизнесті несилендіру мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

«Бірден 5 жылға бекіту ұсынылып отыр. Ол несиенің түріне байланысты, — деді ол.

Айта кетейік, 2017 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға республика бюджетінен 49,1 млрд теңге бөлінді. Оның 30 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттер.