Алматы. 23 шілде. 7kun.kz — Ұлттық банк екінші деңгейлі кейбір банктердің активтеріне аудит жүргізуге ниет білдірген компаниялар арасында тендер өткізеді.
Тендерлік өтінімдерді сегіз компания өткізді: BDO KAZAKHSTAN және BDO TAX&ADVISORY, Deloitte, Grant Thornton, KPMG Tax&Advisory және KPMG Audit, Pricewaterhouse Coopers және Ernst&Young.
Қаралғаннан кейін Deloitte, Grant Thornton, KPMG Tax & Advisory және KPMG Audit өтінімдері мақұлданды.
Тендер шарттарына сәйкес келмеген компаниялар BDO KAZAKHSTAN және BDO TAX & ADVISORY, Pricewaterhouse Coopers және Ernst & Young консорциумдары болды. Алайда, аталған компанияларға тендерлік өтінімдерді қайта тапсыруға рұқсат етілді.
Еске сала кетейік, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылдың 1 тамызынан бастап банк жүйесінде екінші деңгейдегі банктерге кешенді баға берілетінін мәлімдеді. Тізімге 14 банк енгізілді.