Ұлттық банк теңге бағамының жағдайына түсініктеме берді

Ұлттық
Фото: inbusiness.kz

Алматы. 2 сәуір. 7kun.kz – Үкімет пен Қазақстан Ұлттық Банкі 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістерді келісті. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Дина Ғалиева ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің отырысында сөз сөйлеген кезде айтып берді.

Ол бюджеттік өлшемдерді өзгерту ел экономикасын ынталандыратынын және жиынтық сұранысты ұстап тұратынын атап өтті.

«Біздің бағалауымызша, тұтыну бағалары деңгейіне әсер бақыланатын болады. Инфляция ағымдағы жылға белгіленген 4-6% нысаналы дәліздің шегінде сақталады», — деді Д. Ғалиева.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары 26 наурызда Үкімет пен Ұлттық Банк арасында 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылғанын еске салды.

«Келісімнің шеңберінде инфляция бойынша нысаналы бағдар нақтыланды. Ол 2020-2021 жылдарға 4-6% шегінде белгіленді, кейіннен 3-5%-ға дейін төмендетіледі. Инфляция бойынша жаңа дәліздің орындылығы экономикалық өсімнің ең жоғарғы қарқынын қолдау қажеттілігіне негізделген», — деп хабарлады Д. Ғалиева.

Төрағаның орынбасары Д.Т. Ғалиеваның айтуы бойынша, базалық мөлшерлеме Ұлттық Банктің негізгі құралы бола тұра ақша нарығындағы мөлшерлеме дәлізін айқындайды.

«Үкімет пен Қазақстан  Ұлттық Банкінің келісімінде базалық мөлшерлеменің деңгейі нақты көрсетуде 3-3,5% деп айқындалды. Бұл деңгей инфляция мен экономикалық өсім бойынша мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Д. Ғалиева.

Қазақстан Ұлттық Банкі теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимі шеңберінде валюта нарығының теңгерімділігіне ұмтылатын болады. «Қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер өскен жағдайда, қаржы реттеушісі түзету өктемдігін жүргізу құқығын өзіне қалдырады», — деп атап өтті Төрағаның орынбасары.

«Валюта нарығындағы ағымдағы жағдай сыртқы нарықтардағы үрдістерге байланысты. 1 сәуірдегі жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,95 теңгені құрады», — деп атап өтті Д. Ғалиева.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары хабарлағандай, халық үшін «7-20-25» бағдарламасы және бизнес үшін 600 млрд теңге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің әлеуметтік бастамаларын іске асыру шеңберіндегі маңызды міндеттер.

ҚР Парламенті Сенаты комитетінің отырысында Д. Ғалиева сөзін қорытындылай келе баға тұрақтылығын, экономиканың ұзақ мерзімді өсуін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру үшін Қазақстан Ұлттық Банкі Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыратындығын еске салды.