Мұғалімді миллионер еткен ойыншық

Рубик

Қалай басталған еді? 

30 жастағы Эрно Рубик 1974 жылы өзінің бірнеше жылдан соң Шығыс блогының ресми алғашқы миллионері болатынын білген жоқ. Өз студенттеріне оқудың әдістемелік құралын жасай отырып, бүкіл әлемге әйгілі болатынынан да хабардар емес еді. Рубиктің кубигі үлгерімі нашар студенттерге математикадағы топтар теориясын түсіндіруі керек болатын. Ол кезде Эрно Рубик  Будапешттегі қолданбалы өнер мен қолөнер академиясының өндірістік дизайн және архитектура факультетінде сабақ беретін.

Рубиктің кубигі бір сәтте жасала қойған жоқ: жобасы бірнеше жылдар бойы өңделе қалыптасты. Алғашында ойыншық 156 түрлі-түсті қыры бар бір-біріне байланысқан 27 шаршыдан тұрды да, кейіннен қырлары елу алтыға қысқарып, 26 кішкентай кубикті ішінен байланыстырып тұратын механизммен толықты.

Кубикті алғашында Рубиктің достары мен студенттері сынап көрді. Айтпақшы, оны қалай жинау керектігін Эрноның өзі де білген жоқ, кейін Рубик кубикті жинап шығуға бір ай уақытын жұмсады. 1975 жылы автор өз өнертабысын патенттеуге қатысты жоспарын жүзеге асырады да, өнімнің алғашқы топтамасы 1977 жылдың соңында шықты. Бірінші кубиктерді Жаңа жылға орай шағын ғана өнеркәсіпте шығарды да, оларды «Ғажайып кубиктер» деп атады. Оның бірнеше данасы КСРО-ға да әкелінді.

Таралу тарихы

Мүмкін кубиктің тарихы басталмай жатып та бітер ме еді, бірақ Тибор Лакзидің араласуы керемет құралдың ары қарай да сұранысқа ие болуына айтарлықтай көмегін тигізді. Ол Германияда тұратын, бірақ арғы атасы венгриялық болғандықтан Будапештке жиі барып тұратын. Сондай бір сапарында дәмханада отырған Тибор даяшының қолынан өте қызықты ойыншықты көріп қалады. Лакзи математикаға қызығатын, әрі технология саласының кәсіпкері еді, сондықтан кубикті келешегі бар жоба деп алыстан таныған болу керек, ақыры Рубикті іздеп табады. Кейіннен кубик жобасын ары қарай  дамыту үшін Seven Towns Ltd компаниясының негізін қалаған Том Кремер де қосылады.

Басы біріккен үшеудің жұмысы әлдеқайда сәтті жүріп жатты, осылайша 1980 жылдан бастап «Рубиктің кубигі» деп аталған ойыншықты әлем тани бастады. Рубик кубигін шығару лицензиясын Ideal Toy Corporation сатып алды да, алғаш рет миллион данасын жасауға тапсырыс алды. Сол жылы компания мұндай шығарылымды 100 рет қайталады, оның үстіне кейбір компаниялардың ұрланып істегендері тағы бар.

Еуропада заңды түрде Рубик кубигі 1980 жылдың мамырында пайда болды, ал КСРО сатылымына 1981 жылы түсті. Кейбір дереккөздерге сәйкес, ойыншықтарды шығару құқын Кеңес Одағы 3 млн долларға сатып алды. Бөлшек саудада бір адамның қолына екі кубиктен артық бермейтін, сондықтан адамдар бірнешеуін алу үшін кезекке қайтара тұратын.

Сол жылдары кубикті жинауға өркениетті елдердің әрбір оныншы азаматы қызығатын. Бұл ойынды ойнау үшін жасыңыз, біліміңіз бен әлеуметтік статусыңыз, жынысыңыз, я қандай ұлттан екеніңіз маңызды емес.  Рубиктің кубигі балалар туған күндері мен Жаңа жылға асыға күтетін сыйлыққа айналды.

КСРО БАҚ-тарында уақытты өлтіретін «кубизмді» сынаған мақалалар шыға бастады, алайда оларды көп адам оқып, не тыңдай қойған жоқ. Кейіннен сол кезде атағы мен абыройы асып тұрған «Наука и жизнь» басылымы ғарыштағы жетістіктер туралы мақаланың қасына «Рубиктің кубигін қалай құрастыруға болады?» деген мақала жариялады. Кубикті жинай алмағандар еңсесі түспей, қалай болса да өз ашуларын шығарып алу үшін «құрастырылмайтын» кубиктерді құртуға арналған пластмассадан жасалған арнаулы балталар да сатылатын.

1982 жылы Будапештте өз елінде топ жарып шыққан 19 қатысушы келген Рубик Кубигін құрастыру бойынша алғашқы әлем чемпионаты өтті.  Жарыста Лос-Анджелесте оқиын 16 жастағы студент Минх Тхай кубикті 22,95 секундта жинап жеңімпаз атанды. Қазіргі кезде қарапайым кубикті жинау рекорды кубикті 7,08 секундта құрастырып шыққан голландиялық Эрик Аккерсдийкке тиесілі. Айтпақшы, Эрик – кубик жинау бойынша 2х2х2 бастап 5х5х5 өлшемді түрлерінің әлем бойынша чемпионы.

Бұл кубик танымалдылығының алтын дәуірі еді. Кейіннен өндірушілер cұраныстың азайғанын байқады. Себебі, бір уақыттарда кубик тым көп шығып кетіп, әркімнің қолында бір кубик болды. Сондықтан оны өндіру тоқтатылды да, дүкендер қалған кубиктерінің бәрін сатқан соң, 1983 жылдан бастап оған қол жеткізу қайтадан қиындай түсті.

1985 жылы Том Кремердің Seven Towns ағылшын фирмасы кубик шығару құқын сатып алды да, 1991 жылдан бастап оны қайта шығара  бастады. 1996 жылы АҚШ-та 300 мың данасы сатылып, Рубик кубик таралуының екінші кезеңі басталды.

«Ең үздік ойыншық»

Рубик кубигі үздік өнертабыс ретінде венгр ұлттық сыйлығын алған, одан бөлек, АҚШ, Германия, Франция мен Ұлыбританияда бірнеше рет үздік ойыншық атағына ие болды. 1981 жылдан бері түрлі-түсті кубик Нью-Йорктағы заманауи өнер музейінің MOMA экспозициясында тұр. Ал 1988 жылы Рубик жас өнертапқыштарды қолдайтын Халықаралық қор құрды.