Мұнай бағасы құлдырады

Фото: dsnews.ua

Өткен аптадағы мұнай бағасының 5 пайыз өсімі қара алтын құнының қайта төмендеуімен жалғасты. АҚШ-тағы мұнай қоры 2,2 млн баррельге артқан соң баға төмендей бастады.

Лондон биржасындағы Brent мұнайының бағасы 1,84 пайызға, яғни барреліне 47,58 долларға дейін арзандады. Ал WTI мұнайының бағасы Нью-Йорк сауда биржасында (NYMEX) 1,43 пайызға – баррельіне 46,13 долларға дейін түсті.

ОПЕК-тің картельге кірмейтін елдердегі мұнай өндіру қорын 800 мың баррельге азайту туралы болжамына сәйкес, бұған дейін екі марканың бағасы 4,5 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар, ОПЕК-тің айтуынша, 2016 жылдығ екінші жартысында мұнайға сұраныс күніне 1,2 млн баррельге дейін жетеді.

Алайда Американың мұнай институты (API) мәлімдеген деректерге сәйкес, АҚШ-тағы мұнай қоры 2,2 млн баррельден 523,1 млн баррельге дейін өскен. Бұған дейін сарапшылар жасаған болжам бойынша, қор 3 млн баррельге дейін азаю керек болған. «Бағаның түсуіне АҚШ мұнай қорының көбеюі тікелей әсер етіп отыр», — дейді мамандар.