Мұнай бағасы тағы да күрт арзандады. Неге?

Фото:ourworld.edu

Соңғы мәлімет бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы 41,89 доллардан саудаланып жатыр. Өткен аптада мұнай бағасы 20 пайызға жуық құлдыраған еді. Сарапшылардың сөзінше, баға белгіленімі ары қарай да төмендей түсуі мүмкін

Мұнай нарығындағы бағаның қалпына келу кезеңі аяқталды, нарықтағы өзгерістер осыны көрсетеді. Бірінші тамызда техастық WTI маркасы барреліне 40 доллар деген деңгейден 22 пайызға төмен түсті. Мұндай жағдай сәуірден бері қайталанған жоқ. Солтүстік теңізден алынатын Brent 42 долллардан арзандап отыр.

Көктемнің соңында және жаздың басында тағы да қара алтын құлдырайды деп ешкім ойлаған жоқ еді. Баға белгіленімі 40 доллар тіпті 50 долларға дейін жоғарылады. Өндірісті бұғаттау туралы келісім-шарттың болмауы да, Ресей, Ирак және басқа да экспорттаушы елдердегі мұнай өндірісінің рекордты көрсеткішке жетуі де нарықтағы «бұқа» трендіне әсер ете алған жоқ. Еске салайық, нарық заңы бойынша «бұқа» бағаны мүйізімен жоғары көреді, «аю» табанымен бағаны төменге басады. Сол кезде мамандар мұнай қайтадан 60, 80 тіпті 100 доллардан сатылуы мүмкін деген болжам айтқан еді.

Бірақ соңғы аптада не болды? Жағдайға қарасақ, мұнай нарығына қысымды ұлғайтып отырған бірнеше фактор бір арнаға тоғысқан тәрізді. Ұсыныс сұраныстан басым түсіп, инвесторлардың қаупі күшейе түсті. Төменде қара алтын бағасындағы өзгеріске ықпал етіп отырған бірнеше елдің нарығын атап өтуге болады.

Ирак

Иранның көршісі тұрақты түрде мұнай өндірісін көбейтіп отыр. Ұзақ айлар бойы жалғасып келе жатқан «Ислам мемлекетімен» соғыс та бұл процесске кедергі келтірген жоқ, кен орындарының көпшілігі қақтығыс аймағынан алысқа әкетілген.

Шілдеде Ирак оңтүстік порт арқылы (Күрдістандағы мұнай құбырын есепке алмағанда) әлемдік нарыққа тәулігіне 90 мың баррельден жеткізіп отырды. Бағдад 3,74 млрд доллар табыс тапты. Ирак экспорт көлемін тағы да ұлғайтуға уәде берді. Айта кету керек, мұнай қоры жөнінен ел әлемде 4-орынды иеленеді.

Сауд Арабиясы

Жазда сауд арабиялықтар өндірісті ұлғайтып, күніне 10,5 млн баррельден сатылды. Бірақ бастысы ол емес. 31 шілдеде мемлекеттік Saudi Aramco мұнай компаниясы Азиядағы тұтынушыларына 10 пайыздық жеңілдік ұсынатындығын хабарлады. Бір апта бұрын ғана корольдік өкілдері жоғары бағаға қол жеткізу үшін агрессивті саясатын өзгертетіндіктерін айтқан еді. Дегенмен сөз бен іс бір жерден шыққан жоқ.

Иран әлемдік нарыққа шыққан кезде бәсекелестік өзінің шыңына жетті. Бағадан бұрын нарықтағы өз орнын жоғалтып алу деген қауіп Парсы шығанағындағы елдер үшін маңыздырақ еді. Инвесторлардың болжамынша, жақын арадағы айда бұл аймақтағы жағдай күрт өзгермесе, мұнай арзандауын жалғастыра береді.

Фото:arrahmah.com
Әзірге Сауд Арабияның мұнай саясатына қатысты сөзі мен ісі бір жерден шығып отырған жоқ Фото:arrahmah.com

Ливия

Елде арасына үзіліс салып, 5 жылға жуық жалғасып жатқан азаматтық соғыс өндіріс пен экспортқа тікелей әсер етеді. Муамар Каддафи тағынан тайғанға дейін Ливия тәулігіне 1,6 млн барррель өндіретін еді. Ал қазіргі көрсеткішке 400 мың баррельге әрең дегенде жетеді.

2 параллельді үкімет (исламдық Триполи және Тобруктағы билік) елді толыққанды бақылап отырған жоқ, порттар мен кен орындары көтерілісшілердің қолында. Қазір елдің шығысындағы негізгі 3 порттағы мұнай өндірісі әскери құрылымдардың әрекетінен толық жүзеге асырылмайды, экспортқа күнінен 100 мың баррельден ғана жіберіледі.

Дегенмен ливиялық Ұлттық мұнай компаниясының мәлімдеуінше, Тобруктағы үкімет әскерилермен келіскен, мұнай жеткізілімі Жерорта теңізі арқылы қайта жалғасатын болады.

2 апта ішінде мұнай өндірісін 150 мың баррельге дейін ұлғайту жоспарланып отыр, жыл соңында деңгей 900 мың баррельге жетуі қажет. Бірақ, Ливиядағы жағдайды ескерсек, жоспар нақты орындалады деп кесіп айту қиын.

АҚШ

Бұл елдегі жағдай сланцты компанияларға байланысты ерекше болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда Америкадағы өндірісі 20 пайызға қысқарды. Бағаның өте төмен болуына байланысты өндірушілер жобаларын да тоқтатты.

Дегенмен, соңғы мәліметтер бойынша, жағдай қалпына келіп жатыр. Бұрғылау қондырғыларының көлемі шілдеде 44-ке дейін көбейді, бұл 2014 жылдың көктемінен бергі ең үздік көрсеткіш. Өткен айда өндіріс тәулігіне 80 мың баррельге дейін көбейді.

АҚШ-тың коммерциялық қоры бойынша мәліметтер нарыққа көбірек әсер етті. Алдыңғы 2 айда мұнай өңдеуші зауыттар белсенді түрде шикі мұнайды сатып алып отырды. Олардың жоспары бойынша, жаздағы автомаусым басталғаннан кейін сатылымға шығарылуы қажет еді. Кейінірек америкалықтар тарапынан тым көп мұнай сатып алынып қойылған белгілі болды, зауыттарда артық мұнай өнімдері қалып қойды. Осы жағдайда мұнайға деген сұраныс та арта түсті, бірақ жаңа резерв қоры көбейді.

«Соңғы мәліметтер бойынша, Экономикалық келісім және даму ұйымы елдеріндегі коммерциялық мұнай қоры 3 млрд баррельден асады, бұл баға үшін негативті фактор», — деп атап өтеді Vygon Consulting компаниясының аға консультанты Дарья Козлова.

960-united-states-oil-fund-uso-dips-opec-fails-reach-production-decision
АҚШ нарығында мұнай қоры туралы мәліметтер маңызды рол ойнайды. Фото:bidnessetc.com

Қазақстан

Қазақстан қара алтын нарығына әсер етіп отырған жоқ. Керісінше, сыртқы нарық ішкі сауданы бұзған жайы бар.  Oil Gas Project компаниясының директоры Жарас Ахметовтың болжамы бойынша, шикізат бағасы барреліне 35-40 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Дегенмен оның сөзінше, Қазақстан экономикасы арзан мұнайға бейімделіп үлгерді. Бағаның бұлай өзгеруінің Қазақстан үшін «апатты салдары» болмайды дейді экономист. Ұлттық банк төрағасының экс-кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергеновтің сөзінше, мұнай бағасы 30-35 долларға төмендесе де, Ұлттық қор 5-7 жылға жетеді. Егер одан әрі түссе, жағдай басқаша болады.

Атап өтейік, Дүниежүзілік банк жақында Қазақстан экономикасына қатысты есеп жариялаған еді. Халықаралық ұйымның мәліметінше, еліміздің ЖІӨ өсімі 2016 жылы нолге жақын болады. Ал отандық экспорт Еуроодақ, Ресей және Қытай қарқынының бәсеңдеуіне байланысты төмендеуі мүмкін.

40-қа дейін не одан төмен

Сарапшылар мұнайдың баға белгіленіміне қатысты түрлі ой айтады. Bank of America мамандарының сөзінше, 2016 жылдың соңында баға 55 долларға дейін, 2017 жылы 61 долларға дейін ұлғаюы мүмкін. Ал 35-40 долларға дейін төмендеу тек форс-мажорлық жағдайда ғана орын алуы мүмкін деп хабарлады америкалық қаржы корпорацияның сарапшылары. Мысалы, Ливиядағы өндірістің қалпына келуі деген тәрізді фактор әсер етуі мүмкін дейді олар.

«Менің ойымша, мұнай нарығындағы тұрақтылық 40-45 доллар аймағында сақталуы мүмкін, себебі Ливиядағы өндіріс ұлғаяды дейтін мүмкіндіктер аз. Иракқа 2013 жылғы 3,2 млн баррельді қазіргі 4,3 млн баррельге дейін жеткізу үшін 3 жыл қажет болды», — деді IFC Markets сарапшысы Дмитрий Лукашов.

Егер өндіріс көлемі мен бұрғылау қондырғыларының саны көбейе түссе баға барреліне 35 долларға дейін төмен түсуі мүмкін деп есептейді Райффайзенбанк мамандары. Бірақ 2016 жылдың 4 тоқсанында Brent маркасының орташа құны 49 долларға, 2017 жылы 55 долларға дейін баруы мүмкін. «Біздің болжауымызша, Америкадағы өндіріс біртіндеп қысқарып, баға белгіленімі қалпына келуі мүмкін», — деп қорытындылайды банк сарапшысы Андрей Полищук.

Ақсәуле Әбітай «7»