Несие тарихыТаңдаулы1

Мұрагерлік несием қашан бітеді?

Мұрагерлік несие туралы естуіңіз бар ма? Мүмкін, көпшілігіңіз хабарсыз шығарсыз. Мен де осы уақытқа дейін бұл жөнінде білмей келгенмін. Әрине, басымнан өтпегенде…

Жасым 26-да. Үйдің үлкенімін. Менен кейінгі екі бауырым әлі кішкентай, кәмелеттік жасқа да толмаған. Осыдан екі жыл бұрын ата-анам көлік апатына ұшырап, жастай өмірден өтті. Әкем көзі тірісінде банктен қарыз алған болатын, енді сол несиесі маған мұра боп қалды.

Әзірге жұмыс істеуге жарамды, ересек мұрагер мен боп тұрмын. Сондықтан қарызды өтеу менің мойныма ілінді. Өзімнің сол банктен алған қарызым болатын, оған келіп мұрагерлік несие қосылды. Әкемнен қалған мүлікті сатып ем, оның құны өзім алған несиенің құнымен бірдей болып шықты. Сондықтан өз несиемді бірден төлеп тастадым әрі оның пайызы да бар. Ал, мұрагерлік несиеде пайыз болмағандықтан, енді біртіндеп соны төлеп келемін. Банктегілерден қашан бітетінін сұрап едім, айтпады. Қарыздың сақтандыру полисі де жоқ. 2014 жылдан сақтандыруды алып тастаған болатын. Несиені төлеп келе жатқаныма екі жылдан асты. Бір заңгерден кеңес сұрап едім: «Мұндай несиенің мерзімі болмайды, оның құны мұрагерлікке қалған мүлік құнымен тең болса, бірден төлеп тастауға болады» деді. Әзірге менде бірден жауып тастайтындай ақша болмай тұр. Интернеттен мынадай мәлімет те таптым: «Заңға сәйкес несие алушы қайтыс болған жағдайда, несиені қайтару міндеттемесі тоқтамайды. Ол қайтыс болушыдан мұрагердің иелегіне өткен мүлік құны деңгейінде мұрагерге беріледі. Егер мұрагерлікке ештеме қалмаса, онда, қарыз да мұра ретінде қалдырылмайды. Яғни, қайтыс болған адамның мүлкі мұрагерлікке қалса, онымен бірге несиелік қарызы да сол мұрагерге беріледі. Мұрагерліктен бас тартуға болады. Бірақ, мұнда да толықтай бас тарту қажет. Мүлікті алып, несиеден бас тартамын деу мүмкін емес».

Әкемнен қалған көлікті сатып тастап, жоғарыда айтқан несиемді төлегенімді жеткіздім. Ата-анамның үйінде інілеріммен тұрып жатырмын. Қысқасы, мұрагерлік мүлікті иеленуші ретінде бұл несие менің мойнымда қалатын болып тұр ғой. Несие мерзімі де белгісіз. Банк мұндай несиенің мерзімін айтпауға құқылы ма сонда? Әзірге бұрынғыдай біртіндеп төлей алам, бірден жабатындай мүмкіндік жоқ болғандықтан. Тек, қашан бітетінін біле алмай жүргенім ұнамай тұр.

Tags

Осы айдарда

Close