Маңғыстауда алғашқы несие серіктестігі құрылды

несие

Алматы. 1 наурыз. 7kun.kz — Маңғыстау өңірінде алғашқы несие серіктестігі құрылып, ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолжетімді несие беруді бастады. Бұдан былай шаруа қожалықтары «Маңғыстау» несиелік серіктестігіне хабарласып, қаржылай көмекке қол жеткізе алады. Айта кету керек, несие мемлекеттік қолдаудың арқасында, яғни «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ арқылы жүргізіледі.

Шаруа қожалықтарына несие жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14 % беріледі және өңірлік ауылшаруашылығы басқармасы арқылы субсидиялау мүмкіндігі де қарастырылған. Несие мерзімі 108 айға, яғни 9 жылға дейін беріледі. Негізгі қарызды төлеу жеңілдігінің кезеңі 24 ай, айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген пайыз мөлшерлемесімен берілетін несие көлемі де 24 айға дейін беріледі.

Несие алушыға қойылатын талаптар: қаржылай-тұрақты бизнес, жобаның өзін-өзі ақтауы және тиімділігі, кәсіпкердің қаржы институттарына берешегінің болмауы, кепілдік мүліктің болуы.

«Маңғыстау» несие серіктестігінің бас маманы Аманқос Ертілеудің айтуынша, бұрын шаруа қожалықтарымен кездесу кезінде, екінші деңгейлі банктердің ауыл кәсіпкерлерінің бизнес-жобаларын несиелеуге аса қызығушылық танытпайтындығын кәсіпкерлер үнемі алға тартатын. Сол себепті қазіргі уақытта несиелік серіктестігі — шаруа қожалықтарын қаржылай қолдайтын жалғыз қаржы институты саналады. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдаудың мүмкіндігін дұрыс пайдалана білу қажеттігін айтады.

«Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау Маңғыстауға да жетті, бұл жергілікті шаруа қожалықтары үшін көптен күткен жағымды жаңалық Айта кету керек, несиелік серіктестік жүйесі барлық ауылдық тауар өндірушілерінің басын қосады және кез-келген кәсіпкер құрылтайшының бірі ретінде серіктестік құрамына қабылданады. Ал өз бизнесін бастағысы келгендер болса, біздің кеңсеге хабарласуына болады, кеңес алу тегін. Сондай-ақ, қолжетімді несиелеу жүйесі — агроөнеркәсіп кешені жаңадан жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер береді», — дейді ол.

Қазіргі уақытта «Маңғыстау» несие серіктесігіне түскен бірнеше бизнес-жобаның әзірге бесеуі қаржылай қолдауға ие болды. Берілген несие көлемінің жалпы сомасы 70 млн. теңгеден асып жығылады. Келер айдан бастап, серіктестік мамандары облыстағы барлық аудандар мен елді-мекендерді аралауды көздеп отыр. Яғни, ауыл кәсіпкерлерімен кездесулер өткізіп, жеке бизнесті ашу немесе айналым қаражатын толықтыру үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мүмкіндіктерді кеңінен түсіндірмек.

Сонымен қатар, «Маңғыстау» несие сертіктігінен қаржылай қолдауға ие болғысы келгендерге, Маңғыстау индустриалдық палатасы кәсіпкерлік негіздеріне үйретуге дайын және оқыту курсынан өткендерге сертификаттар табысталады.

Ал, ауыл кәсіпкерлері өндіретін сүт, ет және т.б. тауарларын сауда нүктелеріне өткізу мәселесіне тоқталатын болсақ, бұл ретте «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі қол ұшын созуға дайын.

Айта кету керек, «Маңғыстау» несие серіктестігі мен «Болашақ» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі Маңғыстау индустриалдық палатасының тікелей қолдауымен құрылған болатын.