«Маша мен аю» қалай пайда болды?

2583
Маша мен аю
Фото: rodina.news

«Маша мен аю» — үлкеннің де, кішінің де көңілінен шығатын мультфильм. Kidz Global компаниясының деректеріне сүйенсек, Индонезияда балалардың 95 пайызы, Италияда 88 пайызы аталған мультхикаяны білетін көрінеді. 7kun.kz әлемнің үздік анимациялық студияларының қатарынан енген компанияның тарихымен таныстыруды жөн көріп отыр.

2015 жылы «Маша мен аю» брендімен шығарылатын лицензиялық тауарлардың сатылымынан «Анимаккорд» компаниясына 225 млн доллар табыс түскен. 2016 жылы шетелдік серіктестердің есебінен тағы 25 пайызға көбейтеміз дейді компанияның басқарушы директоры Дмитрий Ловейко.

Шыққанына жеті жыл болған бұл мультфильмді әлемнің жүздеген елінен көрсетеді, 25 тілге аударылған. Ойыншық Машаны тіпті Испаниядағы El Corte Inglés гипермаркетінен кездестірсеңіз, таң қалмаңыз. Еуропаның телеарналарынан бөлек, кинотеатрларынан да көрсетіліп жүр.

w644h387

«Маша мен Аюды» көруге үш себеп:

Мәдениеті сан түрлі саналатын елдердің талғамы неге осы мультхикаяға түсті? Біріншіден, сюжеті баршаға таныс әрі жақын. Себебі, қазіргі заманның баласы расымен өте тентек. Кейіпкерлер саны бар болғаны екеу. Олар үнемі өзара тартысып жүреді. Бәріне ұнайтын тұсы да осы.

Екіншіден, ұзақтығы — жеті минут. Әрі кетсе он минут тапжылмай көруге болады. Одан көп болса, балалар шаршап кетеді.

Үшінші себеп — қызық оқиғаларға толы болуы. Қай жастың адамын болсын еліктіріп әкететіні — ұзақ диалогтардың жоқтығында. Үнемі тосын жағдайларға тап бола беретін Маша мен Аюдың қимыл-қозғалыстары, дауыстары да есте қалатындай-ақ.

«Маша мен Аю» қалай дүниеге келді?

Мультхикаяның тарихы 1996 жылдан бастау алады. Ол кезде суретші әрі режиссер Олег Кузовков Қырымда демалыста жүрген. Сол кезде жағажайда бір кішкентай қыз айналасындағылардың мазасын алып жүріпті-мыс. Біреу тауық жеп жатса, жанына барып рұқсатсыз тартып алады. Екі күннен кейін бәрі сол бүлдіршіннен мезі болып, ол келе жатса өтірік «өліп қалған болып» жата қалады екен. Бірақ оған қарайтын қаршадай қыз жоқ. Жұлқылап оятып алып, дегенін жасатады. Осы жағдайдан соң Кузовков мультфильмнің сценариін жазып шығады. Бірақ істі жүзеге асыруға қаражат қол байлау болады. Оның үстіне 90 жылдары мультипликацияға мемлекет те, жеке кәсіпкерлер де қолдау білдірмейтін. Он жыл өткен соң әріптесі Андрей Добруновпен бірлесе отырып, Кузовков инвестор табады. Қаржылай қолдау білдіруші — кәсіпкер Сергей Кузьмин. Оның кім екені және немен айналысатыны туралы ақпарат жоқ. «Спарк-Интерфакстың» айтуынша, Кузьминге компанияның 80 пайыз үлесі тиесілі. Онымен бірге компанияға Дмитрий Ловейко келеді. Ол бұрын бірнеше компанияларда коммерциялық директор болып қызмет істеген.

«Маша мен Аюдың» алғашқы екі сериясын жасауға бір жыл уақыт кеткен. Бірінші рет «Россия» телеарнасындағы «Спокойной ночи, малыши!» бағдарламасында 2009 жылдың соңында көрсетілді. Ловейконың айтуынша, алғашқы сериялар бағдарламаның рейтингін бір жарым есе көтеріп тастаған.

Осы мультфильмге деген қызығушылық біздің елімізде де аз болған жоқ. Бірақ көптеген ата-аналар қырсық әрі бірбеткей қыз біздің менталитетке жат деген пікірді айтады.

2012 жылы YouTube-тің орыс тілді сегментінде «Большая стирка» сериясы рейтингтің көшін бастады. Тоғыз ай ішінде оны 36,5 миллион рет қаралған. Содан бері «Машаның» алдын ораған мультхикая жоқ. 2015 жылы бір сериясының өзі миллиард қаралым жинап, тағы да рейтинг жаңартты. 2012 жылы «Анимаккорд» «Машаның ертегілері» атты жаңа жобаның тұсауын кесті. Яғни, ол жерде Маша бәріне белгілі орыс ертегілерін айтып береді. Екі жыл өткен соң студия тағы бір жаңалық енгізеді. Бұрын сонау 2008 жылы мультик көріп бастаған балалар есейіп кетті, енді оларға қорқынышты оқиғалар туралы серия керек деп шешеді. Осылайша Маша енді «Қорқынышты әңгімелер» де айтатын болды.

1451903844257249299
Фото: fishki.net

«Анимаккорд» қалай табыс табады?

Компания негізгі табыс көзі — лицензия сату яғни осы брендтің атын пайдаланып тауарлар сатуға құқық иелену. Мәселен, ойыншықтар, шоколад, ыдыс немесе киімдер саудасы.  Түсетін пайданың 60 пайызы осы лицензиядан келіп отырады. Ал қалған 40 пайызы контенттің өзінен мультфильмдердің көрсетілімінен, жарнамадан түседі. 2009 жылдан бері әлемнің 150-ден астам елі лицензия сатып алған. Олардың ішінде Danone, Ferrero, Perfetti van Melle, Simba Dickie Group, Ravensburger,Crayola және т.б компаниялар бар.

«Сізге бастысы көрермен табу. Осыдан кейін барып бизнес жасай аласыз. Сізге өзінің өнімін өткізу үшін брендіңізді пайдалансам деген ұсыныс түседі. Осылайша ақша табасыз», — деп түсіндіреді Ловейко.

Мультфильмнің көрермендері үшін әлеуметтік желілерде ресми парақшалар ашылған. Ол жердегі оқырмандар саны еліміздің тұрғындарының санынан бірнеше есеп көп. Айталық, Facebook желісінде (4,2 млн қолданушы), «ВКонтакте» (339 687 қолданушы), Instagram (56,1 млн қолданушы) бар. Одан бөлек, «Маша и Медведь» деп іздесеңіз, 9000-ға жуық фейк-парақшалар шығады.

22963190f0495c9c34e728bbb7ca0fc3cafdc7f7
«Анимаккорд» компаниясының басқарушы директоры Дмитрий Ловейко

Серіктестерді таңдау тәсілдері

«Анимаккорд» мультфильмнің брендімен шығарылатын өнімдерді өте қатал тексерістен өткізеді. Сәйкесінше, серіктестерді де таңдау оңай емес. «Персонаждардың ғұмыры ұзақ болсын десеңіз, өнімдерге аса мән беріңіз», —дейді Ловейко. Айтқанымыздай, Маша мен Аю бір ғана мультхикаямен шектелмейді. «Анимаккорд» серіктестерімен бірлесе отырып ойындар, журналдар мен кітаптар шығарумен де айналысады. 2012 жылы Маша туралы бас-аяғы 335 кітап басылып шыққан. Бұл Ресейдегі балалар кітабы нарығының 3,5-5 пайызын құрайды.

Әкелетін табысы үлкен болса да, кей ұсыныстардан бас тарту қажет болады. Мысалы, «қайталайтын қуыршақтарға» Ловейко ешқашан келісім бермеймін дейді: «Адамдар Машаның даусымен түрлі жаман сөздерді айтып, интернетке салып жіберуі мүмкін. Мұның бізге қажеті қанша?». Сондай-ақ, тауардың сапасы төмен болса да компания келісім бермейді. Мәселен футболкалар шығару. Бұдан жақсы табыс табуға болады, бірақ жағымсыз пікірлер көбейеді.

Ловейко ірі кәсіп иелерімен ғана жұмыс істегенді жөн көреді. Оған көптен бері «Маша мен Аю» шоколадтарын шығару туралы ұсыныстар түсіп жүрген. Бірақ менеджер қолайлы сәтті күтіп жүріпті. Ол сәт 2014 жылы туады. Сол жылы Ferrero итальяндық тәтті шығарушы компания Ресейде 37 млн шоколад және Маша мен Аюдың бейнелері бар шоколад жұмыртқалар сатқан.

«Анимаккорд» өз кейіпкерлерін қорғау жағынан да қалыспайды. 2014 жылы арнайы жалданған құқықтық топ 3000-ға жуық сот істеріне қатысқан. Осылайша компания пираттық видеолар мен контрафактпен күреседі. DVD дәуірі жүріп тұрған 2012 жылы компания миллион диск шығарса, пираттар төрт есе көп шығарған. Сондай-ақ, қазір AliExpress-те «маша мен аю ойыншықтары» деп іздегендерде мыңдаған ресми емес тауарлар шығарып береді.

Жоспарлар қандай?

Алдағы уақытта АҚШ-пен серіктесіп жұмыс істеу күн тәртібінде тұр. Мәскеудегі кеңседен бөлек, Майамиде де бір нүкте бар. Сол арқылы Штаттарда және Латын Америкасында мультфильмнің танымалдылығы артуда. Өткен жылы белгілі америкалық журнал (Animation Magazine) «Маша мен Аюды» классика атануы тиіс 250 телешоудың қатарына енгізген.

2015 жылдың қыркүйек айында «Известия» газеті қаржының жетіспеушілігінен «Маша мен Аю» енді түсірілмейтін болады деген жаңалық таратқан еді. Әйтсе де Ловейко бірден аталған ақпаратты жоққа шығарды. Мультфильмнің үшінші кезеңі 2018 жылы жарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Оның шығатын күнін барша әлем күтіп отыр десе де артық емес.