Мектепке дейінгі мекемелердің бағасы 9,8 пайызға қымбаттаған

Фото: kzh.sko.kz

Мектепке дейінгі мекемелердегі қызметтердің бағасы бір жылда 9,8 пайызға қымбаттаған. Шілдедегі ақпаратқа сәйкес, мектеп жасына жетпеген баласы барлардың ішінде ең көп ақша төлеген Астана, Алматы және Ақтаудағы ата-аналар болса, Тараз қаласында қызмет құны қымбаттаудың (бір жылда 41,1 пайыз) ең жоғары көрсеткішіне жетті. Бұл туралы ranking.kz сараптамалық қызметі хабарлады.

2016 жылдың шілдесінде ата-аналар балалардың мектепке дейінгі мекемелерге   бір рет қатысуына орта есеппен 738 теңге төлеген, бұл 2015 жылдың дәл сол айымен салыстырғанда 9,8 пайызға көп. Мұндай қызметтер ең қымбат болған қалалар — Астана (бір рет қатысу 1700 теңге, 33,3 пайызға қымбаттаған), Алматы (бір рет қатысу 1600 теңге, 13,2 пайызға қымбаттаған) және Ақтау (бір рет қатысу 863 теңге, 16,5 пайызға қымбаттаған).

Балалардың мұндай мекемелерге барып, бір қатысуына ең аз ақша төлейтін жезқазғандық (457 теңге, қымбаттамаған) және атыраулық (509 теңге, 4,7 пайыз қымбаттаған) ата-аналар.

Білім мен ғылымды дамытудың 2016 — 2019 жылдарға арналған бағдарламасына еніп үлгерген «Балапан» бағдарламасының аясында мектепке дейінгі 375,3 мың орны бар 3081  мекеме ашу жоспарланып отыр. Одан бөлек 200 балабақша соғу да көзделген.