ТаңдаулыТаңдаулы1

Мемлекеттік кеңселер Алматы бизнесінің тынысын кеңейте ме? 

Қазақстандағы жалдамалы кеңселер нарығын зерттеп отыратын Colliers International халықаралық компаниясының мәліметіне сай, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Астана мен Алматы қалаларында жалға берілетін коммерциалық кеңселер көлемі 2 млн шаршы метрден асқан.

1,3 млн шаршы метр Алматыға тиесілі. «Астанада қазір небары 744 мың шаршы метр кеңсе болса да, дәл Астананың өсу қарқыны өте жоғары», дейді мамандар. Демек алдағы 5 жылда кеңселердің көлемі жағынан Елорда Алматыны басып озуы ғажап емес. Қарқынның қазіргі себебі — ЭКСПО. 2018 жылы Экспо халықаралық көрмесіне арнап салынған ғимараттардың дені кеңселерге айналып, бизнеске жалға беріле бастайды.  

Бір қызығы, кеңселерді жалға беретін ірі компаниялардың ішінде мемлекет те бар. Қазір «Estate Management Company» акционерлік қоғамы 18 бизнес орталыққа иелік етіп қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік Проблемалық кредиттер қорының еншілес ұйымы болып табылады. Демек, Алматы, Астана мен Атырау қалаларында жалпы көлемі 143 мың шаршы метр кеңсесі бар рантье – толығымен мемлекеттікі. 

Қазір жекеменшік кеңсе иелері жаппай жалға беру бағасын көтеріп жатқанда, мемлекеттен шағын және орта бизнеске осы тараптан қандай қолдау бар деген сұрақты біз «Estate Management Company» акционерлік қоғамының өкілдеріне қойдық. Компания ең алдымен, басқа жекеменшік жалға берушілерге қарағанда, ешқандай қарыздары, банкте несиелері жоқ екенін айтты. Демек, отандық кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсете алады. Ол ең алдымен жалға берілетін шаршы метр құнын айтарлықтай төмендету, сонымен бірге төлеу каникулдарын ұсыну. Мысалы, бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер бірнеше ай бойы кеңсенің жал құнын төлемейтін жеңілдік каникулын алып, өз бизнесін өрге домалата алады.  

«Әсіресе, Алматылық кәсіпкерлерге үлкен көмегіміз тиіп жатыр», — дейді «Estate Management Company» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат  Алтынбеков. – Себебі, біз басқаратын 18 бизнес-орталықтың 16-сы Алматыда орналасқан. 

Қазіргі таңда Алматыға ел экономикасының 5-тен 1 бөлігі, ал республикалық бюджеттің 4-бөлігі тиесілі. Алып шаһар экономикасындағы мемлекеттің үлесі 5 пайыздан аспайды. Орта және шағын бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34 пайызын құрайды. Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің сөзінше, Алматы мұнайлы емес, тұрақты сервистік экономиканы жолға қоя алған өңір болып отыр. 

Статистика мамандарының айтуынша, Алматыда жұмыс істейтін 10 адамның 7-еуі осы шағын және орта бизнес саласында еңбек етіп жатыр. Бұл басқа еш қалада кездеспейтін өте қомақты үлес. Оған қоса, еліміздегі барлық бірлескен кәсіпорынның 40 пайызы Алматыда екенін ескеру қажет. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданғаннан бері, БЖК-2020 аясында алматылықтар 4 жарым млрд теңге алып, 247 жобаны жүзеге асырған. 

Алматы бизнесті цифрлендіруде де алда келеді. 2016 жылы ашылған «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығына күніне кем дегенде 100 адам қоңырау шалып кеңес сұраса, орталықтың өзіне күніне 50 адам барады. 

Кәсіпкерлерді қолдау мұнымен бітпейді. Estate Management Company басшылығы Алматының жас кәсіпкерлеріне қолдау көрсету бағдарламасы әзірленіп жатқаны жөнінде мәлімдеді. Әлеуметтік жоба аясында, Алматы әкімдігі, жастар ұйымдары мен «Estate Management Company» акционерлік қоғамы бірігіп, жас кәсіпкерлерге арналған әлеуметтік коворкинг орталығын ашудың ауқымды жоспары бар. Егер жоба жүзеге асса, алматылық жас кәсіпкер, қала орталығынан су тегінге кеңсе алып, алаңсыз жұмыс істей алады. 

Tags

Осы айдарда

Close