Мемлекеттік қызметкерлерге туыстарымен жұмыс істеуге тыйым салынады

1515
Мемлекеттік
Көрнекі сурет aikyn.kz сайтынан алынды.

Алматы. 6 ақпан. 7kun.kz — Мемлекеттік қызметкерлер үшін сыйлық алуға және туыстарымен жұмыс істеуге тыйым салу ұсынылады. Мұндай норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған. Мәжілісте құжатты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов таныстырды.

«Азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. Кодекстің қолданыстағы нұсқасында мемлекеттік қызметшілерге олардың қызметтік міндеттеріне байланысты 10 АЕК немесе 26 510 теңге көлемінде сыйлықтар беруге рұқсат етілген. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін Азаматтық кодекстің ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларымен үйлестіру қажеттілігіне Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 маусымдағы «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай – күйі туралы» Жолдауында көрсетілген», — деді Олжас Бектенов мәжілісте.

Оның айтуынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақысын, сыйлықтарын немесе қызметтерін қабылдауға тыйым салу ұсынылады.

«Сыйлық құны 2 АЕК-ке дейін әкімшілік жауапкершілікке, сыйлық құны 2 АЕК-тен жоғары-қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Сыйға тартушының пайдасына іс-әрекеттері мен әрекетсіздігі үшін сыйлықтар беруге тыйым салынған тұлғалар тобын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғалар – парламент және мәслихат депутаттары, судьялар және мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген оларға теңестірілген тұлғалар кеңейтеді», — деп нақтылады Олжас Бектенов.

Мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе соларға теңестірілген міндеттерді атқаруға байланысты лауазымға кандидаттар болып табылатын адамдар үшін осы ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы немесе жекжаттары туралы ұйым басшылығын жазбаша нысанда хабардар ету міндеті енгізіледі.