Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық үлес 42,5 пайызға жетті

Алматы
Фото: kapital.kz

Алматы. 31 қазан. 7kun.kz — Алматы кәсіпкерлерінің өтінімдерінен жер, инфрақұрылым алу, қаржыландыру, валюта бағамының, бизнес жүргізудің жағдайы мен ережесінің тұрақсыздығы, сұраныстың қысқаруы мен өнімді өткізудің азаюы мәселелері өзекті екені анықталды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек 2017 жылдың 1 қазанында Алматыда шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны – 173,4 мың. Қаланың жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі – 33,7 пайыз. Кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі бөлігі, яғни 35,3 пайыз сауда саласында, ал, 8,8 пайыз — құрылыс, 5,3 пайыз — өнеркәсіп, 4,4 пайыз көлік салаларында болса, 53,8 пайыз басқа да қызметтердің үлесіне тиесілі.

2015 жылдан бастап Алматыда «Қаланың бас жоспарының инвестициялық картасы» іске қосылды. Бұл карта қаланың картографиялық мәліметтеріне, инженерлік коммуникациялар мен қала территориясының қызметтік аумағы туралы ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Өкініштісі, бұл ресурс бизнес үшін қажетті ақпаратты тұтастай бере алмайды. Газ, су, жылу мен кәріз бойынша бос қуаттылық туралы, сондай-ақ, бос жер телімдері жайында мәліметтер жоқ. Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы бос жер телімдері мен инженерлік коммуникация желілеріне қосылу туралы ақпаратты онлайн алу туралы ұсыныс білдірді.

Алматыда 2015 жылы 490 гектар аумақта индустриялық аймақ құрылған. Инфрақұрылымына 27 млрд теңге жұмсалды. Бүгінде 178 млрд теңге сомасындағы 39 жоба жүзеге асырылуға дайын, «BRBAPK» ЖШС жылыжай кешені іске қосылды. Алайда шағын бизнес үшін қала аумағындағы индустриялық аймақ алу қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан шағын индустриялық аймақ құрудың басым тұстары да жоқ емес. Мысалы 2 гектер жерге орналасқан шағын индустриялық аймаққа шағын және орта бизнестің 60 субъектісі сыяды, жер телімдерін рәсімдеу қажет емес, инфрақұрылым жүргізілген орынжайларда жабдық болса өндіріс те жедел түрде іске қосылады.

Сонымен қатар өткізу нарығын арттыру механизмдерінің бірі – мемлекеттік сатып алуларда жергілікті тауар өндірушілердің үлесін арттыру. 2017 жылдың 1 жартысында Алматыда тауар, жұмыс пен қызметті сатып алу көлемі 392 млрд теңге болса, жергілікті қамту үлесі 42,5% болды, яғни 166 млрд теңге жергілікті өндірушілерге тиесілі. Жекелеп алғанда 72 млрд теңге немесе 58,7% тауарға, 24 млрд теңге немесе 37,5% жұмысқа, ал 69 млрд теңге 34,2% қызмет көрсету саласында.

Қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жобалық-сметалық құжаттарды дайындағанда отандық тауарларды таңдау туралы міндетті талап бекітілген бұйрық шығарған.

Дереккөзі: palata.kz

Диана Құрманбекова