Авторлардың жазбалары

Менің ұстанымым — бақытты өмір сүру, қоғамға пайдалы болу, қоршаған ортаға пайдалы болу

Барлығы табысты адамдардың құпиясын білгісі келеді. Оларға айтарым – бұл еш нәтиже бермейтін пайдасыз әрекет. Табыс әркімге өзінше келеді. Біреудің жолын қайталау мүмкін емес.

Бизнестегі проблемалар мен қателіктер бірыңғай. Сондықтан қателіктерден қашу немесе оны шешіп үйрену маңыздырақ.

Бизнесте жеңілмеу өзіңізге байланысты, ал жеңу мүмкіндігіңіз сіздің қарсыласыңыздан. Яғни, табысқа жету үшін ең алдымен жеңілмеуді үйрену керек.

Табыс екі нәрседен тұрады: дайындық және мүмкіндік. Дайындық сақадай сай болған кезде оған мүмкіндік жолықса табысқа жетуге болады. Дайындық әр адамның ішкі жұмысы. Ал, мүмкіндік дегеніміз кездейсоқ жағдай. Дайындалу — тауға шыққанмен тең. Дайындығыңыз қаншалықты жоғары болса, сіз соншалықты мүмкіндіктерді көресіз. Сондықтан ешкімнің табысының сырын түсінудің қажеті жоқ. Осы уақытқа дейін көптеген келісімдер жасап, жүздеген миллион доллар таптым. Миллиардер болдым. Өз өмірімді сараптай келе, мен барлық сәтті келісімдерге кездейсоқ жағдайда тап болғанымды айтқым келеді. Менің жобаларым маған таныстар, достар арқылы кездесті. Бәрі кездейсоқ болып жатты. Кезінде мен «Альянс банкті» де, «К-mobile-ды» да , «Бителді» де солай кездейсоқ сатып алдым. Мен барлығын өз тәжірибемнен айтып отырмын.

Әр бизнесменнің басты қасиеті — проблеманы шеше алу қабілеті. Бұл даусыз нәрсе.

Өз-өзіңізді дамыту үшін ең дұрысы — қателіктерді зерделеу және оларды қалай шешу керек екенін ойластыру.

Проблема әлем, қоғам, экономика қозғалыста болғандықтан пайда бола береді. Соған сай экономикада, қоршаған ортамызда өзгерістер орын алады. Бізге де сол өзгерістер әсер етеді. Бізді жайлы орнымыздан қозғалтады. Біз сол кезде проблемамен бетпе-бет келеміз. Сондықтан проблема сіз тірі тұрғанда бітпейді. Сізде мақсат болса, сізде проблема болады. Ал мақсатыңыздан бас тартсаңыз, проблема жоғалады. Проблеманы шешудің ең оңай жолы — өз амбицияңыз бен мақсатыңыздан бас тарту.

Проблема екі нәрседен тұрады: белгілері мен себептері. Проблеманың белгілері сөз, эмоция, түрлі жағдайлар арқылы білінеді. Сізге бір қызметкер келіп: «Маке, бізде проблема», — дейді. Бұл проблема емес, бұл қызметкер арқылы келген проблеманың симптомы. Ал себебі неде? Сондықтан, кез-келген проблеманы «симптом» деп атаңыз. Өйткені оның арғы себебін қазу керек екенін түсінесіз. Проблема аяқасты пайда болмайды. Ол ауру сияқты. Проблеманы шешудің бір жолы — барлық жауапкершілікті өзіңізге алу. Егер сіздің проблемаңызға қызметкеріңіз немесе бақса біреу кінәлі болса сізде ол проблеманы шешуге стимул болмайды. Өйткені өзіңізді кінәлі санамайсыз.

Менің қолға алған істерімнің ішіндегі ең сәтсіз шыққандары менің жан-тәніммен жақсы көріп, қалап алған жобаларым. Бұл ғашықтық сезімі сияқты басыңды айналдырады.

Сені шыдамсыздық басады, барлық кемшіліктерге көз жұма қарайсың, сол жобаға қатысты өте оптимистік көзқарас ұстанасың. Сен бұл жоба туралы қиялдап кетесің. Оны тезірек қолға алғың кеп тұрады. Сөйтіп, бұл жоба сенің түбіңе жетеді. Осы орайда, шариғатта «Егер менің құлым осы өмірде билікке, атақ пен ақшаға құмар болса, мен бұл дүниеде осы нәрселерді одан қашып жүретіндей етемін. Ал, егер менің құлым о дүниенің игілігін бірінші кезекке қойса, онда мен осы дүниенің бар игілігі соның артынан жүгіретіндей етемін» делінген. Ең қызығы, мен бейжай қараған, маған алуымды өтініп қоймай қойған, өзім бас тартқан жобалар өте үлкен табыс әкелді.

Жоспарсыз барлық іс-әрекет босқа кетеді. Егер сіз маңызды істерді жоспарламасаңыз, онда сол уақыттың ішінде маңызы жоқ істерді жоспарлағаныңызбен бірдей. Жоспарланған істің пайдасы он есе көп. Егер аяқасты кездесу шықса, мен бірінші жоспарыма қараймын.

Менің ұстанымым — бақытты өмір сүру, қоғамға пайдалы болу, қоршаған ортаға пайдалы болу.

 

Tags

Марғұлан Сейсембаев

Асадель Капитал SPC хедж-қорының басқарушы серіктесі

Осы айдарда

Close