Микрокредит борышына жалғыз басты аналар көп шырмалады

75

Алматы. 11 қаңтар. 7kun.kz – Микроқарыз алатындар арасында ажырасқан және декреттегі әйелдер көп. Бұндай деректі Antidolg.kz онлайн-қарызды төмендету бойынша әлеуметтік заңгерлік сервисі келтіріп отыр.

Antidolg.kz сервисі жұмыс істеген жарты жылда осы ұйымға 3 мыңнан астам адам жүгінген. Олар алған микроқарыздардың жылдық ставкасы 2 мың пайызға дейін жеткен. Көмек сұрап келгендердің негізгі бөлігі әйелдер, атап айтқанда — 70%. 

— Ажырасқан немесе декреттегі жалғыз басты аналар көбінесе дәрі-дәрмек немесе бала жөргегі секілді аса қажетті заттарды сатып алу үшін қарыз алады. Пайызы көп жылдам несиенің құрбанына айналған еркектердің дені орташа айлық кірісі 200 мың теңге көлемінде болатын бойдақтар, — дейді Antidolg.kz бас директоры Нұрхан Ескендір.

Аталған сервис жүргізген зерттеудің мәліметтеріне сүйенсек, борышкерлер бастапқы бірнеше қарызды жапқаннан кейін төлеу мерзімін кешіктіре бастайды екен. Кредитке белшесінен бату — бір микроқарызды жабу үшін басқа кредит ұйымынан кезекті қарыз ала бастағанда басталады. Antidolg.kz көмегіне жүгінетін әрбір адамның кем дегенде 2, көп дегенде 10 микро-қарызы болады.

Шағымдардың негізгі үлесі Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды секілді ірі қалалардың тұрғындарына тиесілі. Ал шағын қалалар мен елді-мекендердің тұрғындарынан шағым аз түседі, себебі онлайн қарыз алғаннан кейін, коллекторлардың қорқытып-үркітуіне ұрынады, осылайша алыстан әрекет қылуға қорқады.

Antidolg.kz әлеуметтік заңгерлік сервисі микрокредиттер бойынша борыштар, әсіресе, жалғыз басты және декреттегі аналар сияқты халықтың аз қорғалған бөлігіне ауыр соққы болып отырғанына алаңдаулы. Сондықтан бұл ұйым микроқарыз берумен айналыстын ірі компанияларға медиативтік әріптестік туралы ұсыныс әзірлеп жатыр.

Медиация дегеніміз — дауға қатысы жоқ, бейтарап, үшінші тараптың қатысуымен сол дау-дамайды реттеудің балама түрі. Ал Antidolg.kz — клиенттерге онлайн-қарызды негізгі борышқа дейін төмендетуге көмектесетін әлеуметтік заңгерлік сервис.